Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Өлең оқитындар азайды. Бізге ақындарды даярлайтын лицейлер мен білім ошақтары керек" - жас ақын Дулатбек Нұрланұлы

13:04, 29 маусым 2024 678

Қазақы болмысты шығармашылығына құнар етіп, далалық жазықтық пен кеңдікті пейілі мен қалам-cауытына сыйдырған жас ақын Дулатбек Нұрланұлының жырларын тебіренбей оқу мүмкін емес. Ақынның өзі де:
Бұл қазақтың көшінде, төсінде өлең,
Таймас бағы тайса егер тосын дер ем.
Бұл даланың перзенті паң мінезді,
Жарлы боп жорғалыны кешірмеген.

Бұл қазақтың көшінде, төсінде өлең,
Еліріп ессіз кеткен есірмеген.
Қос қанаты сынбаған талай ғасыр,
Қос қапталдан соқса да қос іргеден, - деп өлең өрімін қазақи құдіреттен сіңіргенін жасырмайды. Қазіргі көркемдік әлеуетті техникалық таным тықсырған шақта біз де жас ақын Дулатбек Нұрланұлымен тілдесіп, сұхбат құрып көрдік. 
 
 
- Армысыз, Дулат! Қазақылықтың исі аңқыған шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

Шығармашылық жалпы ұдайы іздену мен тынымсыз тебіреністі талап ететін асыл құндылық. 2023 жылдың аяғында кезекті кітабым "Бір шумақ" деген атаумен жарық көріп, оқырман назарына ұсынылды. Содан бері кітаптың таралу жұмыстары мен оқырман қауымның ыстық ықыласының ортасында жүрміз. Ара-тұра білім ошақтары кездесуге шақырып, өлеңдеріммен сусындап, өлең сүйер жастарға ақыл-кеңес айтуымды сұрап жатады. Қазіргі таңда ішкі ойлардың ізденісіндемін, жақын арада жақсы жаңалықтар болады.

- Өлең оқитын қауым, жастар қазір қандай поэзияны бағалайды? Поэзия тек оны жазатындардың шеңберінде ғана қалып қалмады ма?

- Өлеңді тыңдайтын, танымына үңілетін, бағасын бағамдайтын оқырман қауым әлі де бар, бірақ қатары сиреді. Ол үшін біз өлең оқылатын ошақтарды қоғам арасына кеңінен насихаттағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Сол жолда біз журналист Әзімбек Қойлыбай бауырыммен бірге көптеген кештер өткізіп, поэзияның шеңберін Алматы қаласы бойынша біраз кеңейттік деп айтсам болады. Ол үшін әдемі локция, жанарында жалыны бар жастар, өміршеңдігі басым мығым өлеңдер мен сол өлеңдерді тыңдайтын қауым болса жеткілікті. Алматы қаласы бойынша берілген әр кешіме адам саны мен сұраныстың артқанын осы жағдайяттардан білуге болады. Өлеңге тек біздің поэзияны тыңдайтын таныс пен туыстың ғана емес, көшеде кетіп бара жатқан қарапайым жандардың қызығушылық танытқанын көріп, сол шақтарда қуанған едік.

- Жастар ортасында қандай шығармашылық кештер ұйымдастырылды?

- Қазіргі уақытта әр өңірдің өзінің әдеби ортасы бар. Біздің орта Алматыда. Менің жеке бағыма бұйырған кештер қатарынан 2-3 жыл "Бір шумақ" деген атаумен өткізілген болатын. Негізгі аудитория жастар. Біз бұл кешті жанарынан жалын атқан жастары бар Казгуде де өткіздік. Сондағысы Әзімбек екеуміздің әр жылдың қортындысы есебінде беретін кешімізге айналғандай-ақ. Әр кеш есте қалуы үшін ұмытылмас өлеңдер, көздің жауын алатын оформление, өлеңді тебірене, толғана оқитын жастар болса жеткілікті. Бұл біздің қазақ поэзиясына қосқан аздаған болсын үлесіміз деп білемін.

- Керемет! Сол «Бір шумақ» жайлы айтсаңыз? 

- Алдыңғы сұрақта келтіргендей "Бір шумақ" деген атау менің өміріммен бітісе қайнасып кеткен. Әр жыл сайын беретін әсем кеш, шығармашылығымды шаш етектен болып жатқан жерінен айрандай ұйытқан екінші кітабымның атауы. "Бір шумақ өлең оқып берейінші, бір бума ұстап тұрып тағдыр гүлін" демекші осы жолдардың өзі менің бұл ұғымға деген махаббатымның қандай екенін көрсетеді деген ойдамын.

- Техникалық процестердің көркемдік ойлау жүйесіне әсерін қалай шамалар едіңіз? «Технология және өлең» жайлы айтайықшы?

- Заман көшкенде адамның санасының соған ілескенін құба құп дер едім. Бірақ шығармашылық құндылықтардың қалыс қалуы мына жалғандағы ең үлкен құлдырау деп ойлаймын. Техникалық процестерді де өлең мен өмірге, сол өлеңнің өміршеңдігіне бұруға болады. Ол үшін үзілмес ой, үздіксіз дайындық керек.



- Қатарластарыңыз, кейінгі ізбасарлар ішінде ерекше қолтаңбасымен танылған жас ақындар шығармашылығы жайлы сөз қозғасақ?

- Атап айтпасам да қазақ поэзиясына жаңа леп пен жалынды жастардың келе жатқаны жасырын емес. Олардың қолтаңбасы мен жазу стильі өте басқа, өте ерекше. Олардың ойлауы да басқаларға қарағанда мүлде бөлек деп ойлаймын. Кей тұстарда жаңашылдықтан да абай болу керек па деймін. Өлеңнің өмір құрып берген тұнығын лайлап алмасақ деген жүрегімде аздаған қорқыныш бар. Оны сіз боп біз боп болдырмаймыз деген кәміл ниеттемін.

- Қазіргі қоғамда «Азамат ақын» болу қиындық па, пайда ма, ұстаным ба?

- Қазіргі қоғамның "Азамат ақыны" ұстанымы тастай берік, өзін тыңдайтын жанға пайдасы бар, өзіне пайда әкеле алатын кәсібилігі болса екен деп ойлаймын. Біздің қоғамға ақындарды даярлайтын лицейлер мен білім ошақтары керек. Ақын тек қана төрт шумақтың иесі ғана емес ол үздік ойлар мен пайымды пәлсапаның маңмаңгері деп білемін. Сондықтан бұрыңғыдай ақындарды өмірден өткен уақытында ғана бағалап, өлеңдерін өмірге әкелудің керегі жоқ. Бар кезінде қоғамда алар орны бар, бәсекеге қабілетті жан болғанын қалар едім.


- Cалауатты сұхбат үшін көп рақмет, Дулатбек батыр!

     Cұхбаттасқан: Дастан Қастай     
журналист

                                                                    

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар