"Байтақ" жасылдар партиясы белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті Нобель сыйлығына ұсынды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Бүгін Алматы қаласында өткен «Байтақ» жасылдар партиясы Алматы қалалық филиалының V конференциясында тарихи әрі маңызды шешім қабылданды.
Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері және «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының негізін қалаушы Олжас Сүлейменовтің кандидатурасын Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ресми түрде ұсынғанын жариялады.
"Бұл бастама – Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің тыныштығы үшін аянбай еңбек еткен тұлғаның еңбегін жоғары деңгейде мойындаудың көрінісі. Олжас Сүлейменовтің тарихи рөлі, әсіресе "Невада-Семей" қозғалысы аясындағы қызметі, Семей ядролық полигонын жабуда шешуші фактор болды.
Сонымен қатар оның бастамасы мен Қазақстанның халықаралық деңгейде жүргізген белсенді жұмысының нәтижесінде әлемнің бірнеше мемлекетінде, соның ішінде АҚШ-тың Невада штатында, тағы төрт ірі ядролық полигонның жабылуына жол ашылды. Бұл – жаһандық қауіпсіздікке қосылған ұлы үлес", - делінген партияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, Олжас Сүлейменов – қазақ ұлтының рухани тірегі ғана емес, бүкіл әлемге бейбітшілік үнін жеткізген бірегей тұлға. Сондықтан оның Нобель сыйлығына ұсынылуы – тарихи әділдіктің көрінісі.
Партия өкілдері бұл бастаманың Қазақстанның халықаралық беделін арттыра түсетініне және еліміздің бейбітшілік жолындағы саясатын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.