Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Назарбаев жүйесінде идеологиялық жұмыс жүргізілмей, қазақ тілді мектептердің азаюына мемлекеттің тікелей қатысы бар - Абзал Құспан

21:24, 28 тамыз 2024 410

Қазақстанда орыс сыныбына баратын оқушылардың саны Алматы, Астана, Қарағанды, және Павлодар облыстарында көбірек. Бұл өңірлерде орыс тілінде білім алуға сұраныс жоғары. Әсіресе, бұрыннан орыс тілінде сөйлейтін халықтың үлесі көп аймақтарда өкінішке қарай орыс тілді мектептер мен аралас сыныптар көп. Осы тақырып аясында Alash.kz ұлттық порталы мәжіліс депутаты Абзал Құспанның пікірін білді.

Алматы мен Астанада ата-аналар балаларына орыс тіліндегі білімді таңдауына түрлі факторлар әсер етеді. Олардың өздерінің ойынша, көптілділік және орыс тілінің әлеуметтік және кәсіби салалардағы маңыздылығы сұранысты арттырып отыр.

Қарағанды мен Павлодар сияқты өңірлерде де орыс тілінде білім алу кең таралған, себебі бұл өңірлерде орыс тілді халықтың үлесі басқа өңірлерге қарағанда жоғары болып келеді.

Дегенмен, нақты деректер әр жыл сайын өзгеріп отыруы мүмкін, және бұл көрсеткіштер аймақтардағы демографиялық өзгерістерге, білім беру саясатына, және ата-аналардың тілдік преференциясына байланысты болады.

Осы орайда ҚР мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан бірқатар сұрақтарға пікір білдірді.

-Статистикаға көз салсақ, 2023-2024 оқу жылында Астананың өзінде 11 мың 1-сынып оқушысы орыс тілін таңдаған. 2010 жылда қазақ тілді мектептердің саны 68 % болған, қазір 48%-ға түсіп кетті. Неге? Ел дамыған сайын ұлттық тіл дәрежесі мен деңгейі неге төмендеуде?

-Статистикалық мәліметтер шындыққа сәйкес келетін болса, бұл барлық истанцияда дабыл қағатын, алаңдататын жағдай. Бірінші сұрақ білім министрлігіне қойылуы керек. Біздің тарапымыздан да бұл сауалдар жолданады.

Не себепті ата-аналар геосаяси жағдайға қарамастан, өз ана тілінен орыс тілін жоғары қойып отыр? Бұл кәдімгі зерттеуді қажет етеді. Екіншіден тиісті министрлікке қойылатын талап деп есептеймін.

-2017-2018 жылы туған балалар қазір 1-сыныпқа барады. Демек, ата-аналарының көбі 1995-1996-дан кейін туғандар. Тәуелсіз елде дүниеге келгендер неге әлі балаларын орыс мектебіне апарып жүр ме? Олардың қандай қорқынышы бар?

-Құлдық сана. Ешқандайда құпия жоқ. Құлдық санадан арыла алмай отырмыз. Қайталап айтар болсақ, Назарбаев жүйесіндегі ең әуелі бізге экономика, қалғаны сосын деген саясаттың салдарымен бетпе-бет келіп отырмыз. Ешқандай елдің есін жиғызуға, жастармен балабақша, мектеп жағдайында идеологиялық жұмыс жүрмегеннің салдары.

-Қазақ тілінде сөйлеуден ұялатын тобыр орта әлі де бар ма?

-Ондай тобыр бар екенін білемін. Олармен бетпе-бет кездесіп жүрген адаммын. Қарапайым ғана мысалы, “Астанада орыстанған қазақтар тұрады, намысы жоқ қазақтар тұрады” деп хейтерлердің шабуылына тап болдым. Ұлты өзге болса да, жаны қазақ Г. Бельгер де айтқан, Шерхан Мұртаза да айтқан. Қазақша тәрбиелеуге бізде қазір бүкіл жағдай бар. Бір ауыз сөзге бола шулаған сол тобыр топ. Тобыр ортаның күші көп, олар әлі де бар. 

-Тек қана «қазақ тілді» мектептердің азаюында мемлекеттің кінәсі бар ма? Қазақ тілді мектептердің көбеюіне Заң, жоба, жүйе қажет пе?

-Тек қана қазақ тілді мектептердің азаюына мемлекеттің тікелей қатысы бар. Бірінші кезекте өкілетті министрлікке қойылатын сауал.

Бұған арнайы заң тағайындаудың қажеті жоқ. Мемлекет кімдікі екендігі, мемлекет құраушы ұлт кімдікі екені, мемлекеттік тілдің маңызы, жалғыз ғана мемлекеттік тіліміз бар - қазақ тілі.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар