Конституциялық Соттың ресми түсіндірмесіне сәйкес, жаңа заңнамалық жүйе аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевның алдағы Президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынуға толық құқықтық мүмкіндігі бар, деп жазады Alash.kz.
Биылғы 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумнан кейін елдің саяси жүйесінде түбегейлі өзгерістер басталғаны белгілі. Қос палаталы парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай жасақталып, Вице-президент институты енгізілген еді. Енді, міне, осы реформалардың заңды жалғасы ретінде Конституциялық Сот елдегі құқықтық нақтылықты айқындайтын маңызды шешім қабылдады.
Құжат мәтінінде 2026 жылғы Конституцияның бірқатар баптарына сәйкес, бұрынғы Негізгі Заң бойынша қызмет атқарған тұлғалардың жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін қайта сайлануға немесе тағайындалуға құқығы бары нақты көрсетілген. Бұл қадам ішкі саяси тұрақтылықты нығайту мен заң үстемдігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды рөл атқарады.
Осы орайда саясаттанушы, PhD Қазбек Майгельдинов бұл шешімнің астарлы мәніне тоқталып, өз пікірін білдірді:
«Биліктің ауысуына қатысты түрлі болжам елдің саяси ахуалына әсер етпей қоймайды. Мұндай жағдайда түрлі мүдделі топтар белсенді әрекетке көшеді. Сондықтан құқықтық нақтылық пен саяси тұрақтылық керек. Бүгін Конституциялық Сот Президенттің қайта сайлану мерзіміне қатысты нормадан туындаған бүкіл мәселеге нүкте қойды. Бұл саяси элитаға жолданған нақты белгі. Осылайша, біраздан бері кейбіреудің ұйқысын қашырған мәселеге жауап беріліп, әртүрлі жорамалдарға құқықтық негізде тоқтау салынды. Осы орайда, президенттің автоматты түрде үміткер атанбайтынын немесе алдағы саяси шешімдердің белгіленіп қоймағанын түсіну маңызды. Конституциялық Сот тек Конституцияда көзделген құқықтық мүмкіндікті түсіндірді. Ал кімнің Мемлекет басшысы болатынын сайлау барысында халық таңдайды. Бұл шешім саяси тұрақтылық пен ішкі тыныштықты сақтауға ықпал етеді. Конституциялық Сотқа жүгінудің басты мақсаты да дәл осында. Бұл ішкі саяси күштерге берілген астарлы белгі. Яғни, Қазақстанның мемлекеттік жүйесі берік. Бүкіл шешім заң аясында ғана қабылданады. Президент билігінің әлсіреуіне немесе саяси үрдістерді жасанды түрде жеделдетуге жол берілмейді».
Түйіндей келе, Конституциялық Соттың бұл қадамы елдегі саяси үрдістердің тек қана құқықтық шеңберде өтуін заңдастырып берді. Ендігі кезекте билік транзиті немесе саяси жүйенің болашағы туралы алыпқашпа әңгімелерге толықтай тоқтау салынбақ. Алайда сарапшылар атап өткендей, заңды мүмкіндіктің берілуі автоматты жеңісті білдірмейді, түпкілікті таңдау мен шешімді алдағы ашық сайлауда ел халқы өз дауысы арқылы айқындайтын болады.