Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Оқу-ағарту министрі: Мектеп формасына қатысты бірыңғай стандарт қалыптастыру қажет

11:44, 07 шілде 2026

«Мектеп формасына қатысты бірыңғай стандарт қалыптастыру қажет». Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтты, деп жазады Alash.kz.

– Сауалға жауап барысында оқырмандарды жаңа кезең – жаңа Конституцияның қолданысқа енуімен құттықтай кеткім келеді. 2026 жылғы жаңа Конституцияда білім беру ұйымдарының зайырлы сипаты нақты бекітілді. Сондықтан мектеп формасы осы қағидатты сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі.

Екіншіден, мектеп формасы оқушылардың әлеуметтік жағдайына қарай жіктелуіне жол бермеуі керек. Оның негізгі мақсаты – мектептегі әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету. Сіз көтеріп отырған мәселе тек Оқу-ағарту минис­трлігінің құзыретіне жатпайды. Бұл бірнеше мемлекеттік органның бірлесіп қарайтын мәселесі. Біздің ойымызша, мектеп формасына қатысты бірыңғай стандарт қалыптастыру қажет.

Қазір әр мектептің қамқоршылық кеңесі мектеп формасының үлгісі мен түсін өз жарғысына сәйкес бекітеді, ал ата-аналар соған сай сатып алады. Егер бірыңғай стандарт енгізілсе, бірнеше мәселе қатар шешілер еді. Соның бірі – отандық жеңіл өнеркәсіпті қолдау.

Бүгінде мектеп формасының басым бөлігі шетелден жеткізіледі. Ал біз оны мүмкіндігінше Қазақстанда тігу керек деген ұстанымдамыз. Бұл отандық өндірісті дамытуға да, жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етеді. Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп қаралып жатыр. Осы бағытта Аида Ғалымқызымен де талқыладық. Ортақ мақсатымыз – мектеп формасын елімізде өндірудің мүмкіндіктерін кеңейту,- деді Жұлдыз Сүлейменова. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар