Елордада танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп жазады Alash.kz.
Күдіктілер ұтыс ойындары арқылы 247,5 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденді деп айыпталуда. Сот отырысы барысында айыпталушылар тағылған айыптардың бір бөлігін ғана мойындайтындарын жеткізді. Атап айтқанда, олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқандарын растағанымен, қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыру (легалдау) бабымен келіспейтіндерін білдірді.
Сотталушы Ерболат Жанабылов өз сөзінде бұл жағдайдың әділетсіз екенін және өзін қоғамға қатыгез қылмыскер ретінде көрсетуге тырысып жатқанын айтты. Ол өзінің бүгінгі жетістігіне тек адал еңбекпен келгенін алға тартты. Блогердің пайымдауынша, желіде мұндай ұтыстарды өткізетіндер көп, бірақ жауапкершілікке тек олар ғана тартылып отыр.
Ерболат Жанабылов сот алдындағы мәлімдемесінде: «Мен 214-бап бойынша мойындаймын, ал 218-бап бойынша мойындай алмаймын. Бізге ол кезде ештеңе түсіндірмеді. Жай ғана: "Қол қоймасаң, қылмыстық іс болады" деді. Негізі біз қол қоюға дайын едік. Мұның қылмыстық арнаға ауысатынын білген жоқпын. Бізді қылмыскер, алаяқ қылып көрсетті. Егер сіздер мені байдың баласы деп ойласаңыздар – олай емес. Анам 20 жылдан астам еден жуушы болды, әкем құрылыста істеді. Өзім де аула сыпырушы болғанмын», — деп ағынан жарылды.
Эльмира Төлегенова да ақшаны жасыру немесе заңсыз шығару мақсаты болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, шоттар арасындағы аударымдар тек компания ішіндегі техникалық қажеттіліктер мен алдағы жүлделерді қаржыландыру үшін жасалған. Төлегенова заң бұзғандарын түсінгенін, бірақ айыпты ауырлату үшін жасанды баптар қосылды деп есептейтінін айтып, эмоциясын ұстай алмай жылап жіберді.
Төлегенованың соттағы уәжі мынадай болды: «Барлық аударымдар компания ішінде болды. 560 мың теңге шотқа қалай түсті, солай компанияда қалды. Бір нәрсені жасыру мақсаты болған жоқ. Қазір заң бұзғанымызды түсінемін, жауапкершілік арқалауға дайынбыз. Бірақ 218-баппен келіспеймін. Оны не үшін қосқанын түсінбеймін. Жағдайды ауырлату үшін бе?».
Істі қарау барысында куәгерлерді, соның ішінде өзге де танымал блогерлерді сотқа жеке келуге міндеттеу туралы шешім қабылданды. Бұған дейін қорғау тарабы процесті жабық өткізуді сұрағанымен, сот істің ашық режимде жалғасатынын кесіп айтты. Келесі отырыстарда жобаның басқа да қатысушыларынан жауап алынады деп күтілуде.