Қазақмыс қауіпсіздікті арттыру үшін «АМТЖ» жүйесін енгізуде, деп хабарлайды Alash.kz
Өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру мақсатында компания кеніштердің бірінде «АМТЖ» бағдарламалық-аппараттық кешенін енгізуді бастады. Жоба ауысым алдындағы медициналық тексерулерді автоматтандыруға және қызметкерлерді жұмысқа жіберу кезінде адам факторын азайтуға бағытталған.
Жаңа жүйе интеллектуалды терминал арқылы жұмыс істейді. Қызметкерлер ауысым алдында қысқа уақыт ішінде тексеруден өтіп, қан қысымы, тамыр соғысы, дене температурасы сияқты негізгі көрсеткіштерін анықтай алады. Сонымен қатар алкогольге тест жүргізіліп, жалпы психофизиологиялық жағдайы бағаланады.
Кешеннің басты ерекшеліктерінің бірі – көз қарашығының реакциясын талдау. Бұл шаршау, күйзеліс немесе басқа да қауіп факторларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл өндірістегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Барлық тексеру нәтижелері бірыңғай цифрлық базаға жинақталады. Бұл деректер қызметкерлердің денсаулығын жүйелі түрде бақылауға, көрсеткіштердің өзгерісін талдауға және ықтимал қауіптер туралы алдын ала хабарлауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, «АМТЖ» тек бақылау құралы ғана емес, сонымен қатар профилактикалық маңызға да ие. Жүйе қызметкерлердің өз денсаулығына дер кезінде көңіл бөлуіне ықпал етеді.
Қазіргі таңда кешен тәжірибелік режимде жұмыс істеп жатыр. Сынақ кезеңі 2026 жылдың мамырына дейін жалғасады. Егер жүйе тиімділігін дәлелдесе, оны өндірістің басқа нысандарына да кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
Сарапшылар бұл бастама өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, жазатайым оқиғалардың алдын алуға ықпал етеді деп есептейді.