Атырауда Ішкі істер министрлігінің тексерісінен кейін заң бұзушылықтар анықталып, жоғары лауазымды бірнеше полиция қызметкері қызметінен босатылды, деп жазады Alash.kz.
«Ақ Жайық» басылымының дерегіне сәйкес, кадрлық шешімдер қылмыстық істер бойынша айғақ ретінде сақталған есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қабылданған.
Ресми түсініктемеде нақты есімдер аталмаған, тек лауазымдар көрсетілді.
«Қызметтік-әскери тәртіптің өрескел бұзылуына, тиісті бақылаудың және жұмысты ұйымдастырудың болмауына байланысты Ішкі істер министрінің бұйрығымен Атырау қаласы полиция басқармасының бастығы, сондай-ақ Атырау облысы полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы мен есірткі құқықбұзушылықтарына қарсы іс-қимыл басқармасының басшылары қызметтерінен босатылды», — делінген хабарламада.
Осылайша, Атырау қаласы полиция басқармасының бастығы Бақтыбек Исаев, облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлішер Нұршаев, Атырау облысы полиция департаментінің ішк қауіпсіздік басқармасының бастығы Саламат Қалиев және кадр басқармасының бастығы Н.Г. Шаяденов қызметінен босатылды.
Бұған дейін Атырауға ҚР ІІМ ішкі қауіпсіздік департаментінің комиссиясы келіп, жергілікті полиция департаментінің жұмысын тексергені хабарланған болатын.