Түркияның Сиверек қаласындағы кәсіптік-техникалық мектептердің бірінде жасөспірім қарулы шабуыл жасады, деп жазады Alash.kz.
17 жастағы бұрынғы оқушы білім ордасына помпалық мылтықпен келіп, адамдарға оқ жаудырған. Ресми мәліметтер бойынша, оқиға салдарынан 16 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Олардың қатарында 12 оқушы, екі мұғалім және екі қарапайым азамат бар. Шабуыл жасаған тұлға оқиға орнында өзіне қол жұмсады.
Қарулы шабуыл алдымен мектеп ауласында басталып, кейін ғимарат ішінде жалғасқан. Төтенше жағдай кезінде оқушылардың біразы қауіптен құтылу үшін терезелерден секіруге мәжбүр болған. Оқиға орнына шұғыл жеткен арнайы жасақ өкілдері атқышпен келіссөз жүргізіп, оны берілуге көндіруге тырысты. Алайда күдікті кепілге адамдарды алғаннан кейін өз-өзін атып өлтірді.
Алдын ала тергеу нұсқаларына сәйкес, бұл қанды оқиғаға жасөспірімнің досымен арадағы жеке араздығы немесе өзара жанжалы себеп болуы мүмкін. Құзырлы органдар қазіргі уақытта шабуылдың нақты мотивтерін анықтау үстінде.
Қазіргі таңда мектептегі оқушылар мен қызметкерлердің басым бөлігі қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға орнында жедел жәрдем және құқық қорғау қызметтері жұмыс істеп жатыр. Жарақат алғандарға қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Жергілікті билік жағдайды толық бақылауға алғанын хабарлады.