ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы 7 тамыз күні жарияланатынын мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Министрдің айтуынша, бүгін 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссияның отырысы өтті.
Комиссия құрамында қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, білім саласы кәсіподақтарының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жоғары оқу орындары қауымдастығының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері жұмыс істеді.
«Комиссия отырыстарында үміткерлердің өтініштері қаралып, мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу қолданыстағы ережелер негізінде конкурс тәртібімен жүзеге асырылды. Сапалы және қажырлы қызметі үшін комиссия мүшелеріне шексіз алғысымды білдіремін», – деп жазды Саясат Нұрбек.
Министрдің мәліметінше, биыл конкурсқа қатысу үшін 127 мыңнан астам өтініш қабылданды.
«Талапкерлердің басым бөлігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттарын таңдады. Ал қабылдау науқанының қорытындысы бойынша болашақ аудармашылар, дипломаттар, заңгерлер, психологтар мен педагогтер даярлайтын білім беру бағдарламалары арасында бір гранттық орынға бәсекелестік ең жоғары болады деп күтіледі», – деді Ғылым және жоғары білім министрі.
Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындылары 2026 жылғы 7 тамыз күні сағат 15:00-де министрдің және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ақпарат көздерінде жарияланады.
Сөз соңында министр талапкерлерге ақжарма тілегін арнады.
«Қымбатты талапкерлер!Алдарыңыздағы үлкен өмір жолы жарқын жетістіктерге, тың мүмкіндіктерге және толайым табысқа толы болсын! Еңбектеріңіз ақталып, армандаған мамандықтарыңыздың студенті атануларыңызға шын жүректен тілектеспін. Жаңа оқу жылында жоғары оқу орындарының қабырғасында жүздескенше!» – деп ізгі тілегін білдірді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 2026 жылғы 25 тамызға дейін жалғасады.