Бүгін 5 тамызда, Алматыда дзюдодан халықаралық оқу-жаттығу жиыны басталды, деп жазады Alash.kz.
ҰОҚ мәліметінше, жиынға әлемнің 30 елінен 700-ден астам дзюдошы қатысады. Олардың қатарында Олимпиада және әлем чемпиондары мен жүлдегерлері бар.
Атап айтқанда, Олимпиада чемпиондары Елдос Сметов (Қазақстан), Лаша Шавдатуашвили (Грузия), Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан), әлем чемпиондары Рюдзю Нагаяма (Жапония), Санширо Мурао (Жапония), Инал Тасоев (Ресей), Тимур Арбузов (Ресей), Тато Григалашвили (Грузия), Мими Хух (Оңтүстік Корея) және өзге де әлемнің үздік дзюдошылары оқу-жаттығу жиынына қатысады.
Жаттығу Олимпиадалық даярлау орталығының базасында өтуде. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл бірлескен халықаралық оқу-жаттығу жиыны 15 тамызға дейін жалғасады.