Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қарағанды облысында Қазақстандағы ең терең шахта салынады

14:41, 05 тамыз 2026

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірін іске асыруға кірісті, деп жазады Alash.kz.

Компания Қарағанды облысындағы «Нұрқазған» кен орнының Шығыс учаскесінде «Ауа жеткізуші-клет-2» шахта оқпанының құрылысын бастады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 32,5 млрд теңгеден асады. Жаңа оқпанның жобалық тереңдігі 1 283,9 метрді құрайды. Бұл Қазақстандағы ең терең шахта оқпаны болады. Аталған нысанның құрылысы кен орнының Шығыс учаскесін игерудегі маңызды кезең саналады және «Қазақмыс» Тобына қарасты ең ірі тау-кен өндіруші кәсіпорындардың бірінің одан әрі тұрақты дамуына серпін береді. Құрылыстың басталуына арналған салтанатты рәсімге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, Басқарма төрағасының орынбасары – тау-кен өндірісі және байыту жөніндегі бас операциялық директор Мұқан Үңгітбаев, бейінді құрылымдық бөлімшелердің басшылары, «Нұрқазған» кеніші мен мердігер ұйымның өкілдері қатысты.

«Бүгін біз алдағы ондаған жылдар бойы «Нұрқазған» кенішінің дамуына берік негіз қалайтын жобаны бастағалы тұрмыз. Бұл – өндірісті өркендетуге ғана емес, сонымен қатар адамдардың қауіпсіздігіне, заманауи технологияларды енгізуге және компанияның болашағына бағытталған инвестиция. Жобаны іске асыру кәсіпорынның сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, кен орнының жаңа қорларын игеруге мүмкіндік береді», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Жаңа шахта оқпаны жерасты қазбасын таза ауамен қамтамасыз етуге, жұмыскерлер мен жабдықты қауіпсіз жеткізуге, сондай-ақ кен орнының Шығыс учаскесінде жаңа кен қорын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс барысында 65 мың текше метрден астам тау жынысын қазып шығарып, шахтаның қолданыстағы деңгейжиектерімен тоғыз түйісу құрылысын салу қажет.

Оқпанды үңгілеу жұмысын 2031 жылы аяқтау жоспарланған. Одан кейін нысанды технологиялық жабдықпен жарақтандыру кезеңі басталады. Оның аясында клетті көтергіш монтаждалып, бас желдеткіш қондырғысы мен жерасты қазбаларына берілетін ауаны жылытуға арналған модульдік жылу энергетикалық қазандығы салынады. Шығыс учаскесін дамыту жұмысы екінші шахта оқпаны – «Желдеткіш-2» нысанының құрылысымен жалғасады. Компания аталған жобаға 2027 жылы кірісуді жоспарлап отыр. Құрылыс аяқталған соң жаңа оқпан шахтада пайдаланылған ауа ағынын сыртқа шығаруды, кеніштен резервтік шығу жолын және кен қорын қосымша игеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Екі оқпан бірлесіп кен орнының Шығыс учаскесін тиімді әрі қауіпсіз игеруге қажетті заманауи инфрақұрылым қалыптастырады.

«Нұрқазған» кен орны – «Қазақмыс» Тобының негізгі активтерінің бірі. Кен орнындағы мыс пен алтынның және күмістің расталған қоры тау-кен байыту кешенінің 40 жылдан астам тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Ал жаңа жобаны іске асыру кәсіпорынды одан әрі дамытуға және компанияның минералдық-шикізат қорын нығайтуға негіз болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар