Ақмола облысында азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланып, шамамен 2 млрд теңге көлемінде заңсыз несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz
Облыстық прокуратураның мәліметінше, биыл мамандандырылған прокурорлар аса ірі көлемдегі алаяқтыққа айыпталған 21 адамға қатысты қылмыстық істі аяқтаған. Тергеу барысында күдіктілер азаматтардың жеке мәліметтерін пайдаланып, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан заңсыз несие рәсімдегені анықталған.
Қылмыстық әрекеттер салдарынан келтірілген материалдық шығын шамамен 2 млрд теңгені құраған.
2026 жылғы 5 тамызда Ақмола облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты барлық 21 сотталушыны кінәлі деп танып, оларды 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Оның қатарында Алматыдағы пәтерлер, Lexus LX 570, Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry және өзге де қымбат көліктер бар.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.