Атырауда ер адам өз әйелін өлтіріп, екі қызын анасыз қалдырды, деп Alash.kz ұлттық порталы Azh.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Threads желісіндегі mair_saduakhas қолданушысы осы оқиға туралы баяндап, қаза болған әйелдің өзінің туған сіңлісі екенін айтып, адамдарды үнсіз қалмауға шақырды.
Майра Садуахасованың айтуынша, әйелдің есімі Ләззат болған, ол 14 жыл бойы күйеуі Тимурмен бірге тұрған. Соңғы бес жылда Ләззаттың өмірі азапқа айналған: күйеуі жиі ішімдік ішіп, зорлық көрсеткен. Ол балалар үшін шыдап, шағымданбаған. Соңғы үш жыл бойы Ләззат жұмыс істемей, толықтай отбасы мен қыздарын қараған.
"Бүгін таңертең сіңлім қайтыс болды. Қорған болуға тиіс күйеуі оның өмірін қиып, екі қызын анасыз қалдырды. Қыздар қазір интернатқа орналастырылды", – деді Майра Садуахасова.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды, тергеу шаралары басталды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-тармағына сәйкес, қылмыскер 8-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.