Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Баланың алғашқы тағамын дүкеннің пюресі мен тәтті жемістерден бастауға болмайды - Нутрициологпен сұхбат

14:50, 13 шілде 2024 1018

Қазіргі таңда ЗПР,аутизм диагнозымен ауыратын балалар саны артты. Бұның бірден-бір себебіне баланың дұрыс тамақтанбауы жатады. Балалар нутрициологы, инстаграм желісінде дұрыс тамақтану бойынша топ-1 маман Шынар Азизова бала тәрбиелеудегі ата-ананың міндетіне дұрыс тамақ беруінің аса үлкен рөлі барын атап өтті. Alash.kz ұлттық порталының тілшісі маманмен сұхбаттасып, тың ақпараттарға тап болды. 

-Бала – бақыттың бір бөлшегі. Өмірге сәби келгенде барлық әлем қатты қуанады. Ата-ананың жауапкершілігі ұлғаяды. Осы тұста, әке-шешенің бала тәрбиелеудегі ең басты міндеті не? Сіздің ойыңызша, бала ата-анаға не үшін беріледі?

-Бала тәрбиелеудегі ең басты міндет – оны сүйіспеншілікпен және қамқорлықпен
қоршау, дұрыс бағыт беру және өзіне деген сенімін арттыру.

Ата-ана баласына мейірімділік, адалдық және жауапкершілік сияқты құндылықтарды үйретуі тиіс.

Сондай-ақ, баланың жеке тұлға ретінде дамуына жағдай жасау, оның
қызығушылықтары мен қабілеттерін әрдайым қолдап отыру маңызды.
Балалар ата-ананы шыдамдылық пен түсіністікке үйретеді, қиындықтарды жеңуге күш
береді және отбасылық байланысты нығайтады. Баланы тәрбиелеу арқылы ата-ана да
өсіп, дамиды, жаңа қасиеттер мен дағдыларды меңгереді.

-Инстаграм әлеуметтік желісінде белсендісіз. Мақсатыңыз, балалардың дұрыс тамақтануы. «Дұрыс тамақтану» деген не? Балаға қай уақыттан бастап алғаш ас ұсынамыз? Неден бастаған жөн?

-Дұрыс тамақтану дегеніміз - ағзаға қажет барлық қоректік заттармен қамтамасыз
ететін тұтас, өңделмеген тағамдардан тұратын теңдестірілген рацион.


Бала алғашқы тағамды қабылдауға дайын деген басты белгі, баланың тағамға белсенді
түрде қызығушылық танытуы. Яғни, бала отбасы тамақтанатын кезде, тағамға қол
созса, әртүрлі тағамдарға ұмтылып, дереу ауызына апарса, бала дайын деген сөз.
Жалпы, балаға алғашқы тағамды 5,5-6 айда енгізу оңтайлы уақыт болып саналады.

Себебі, 6 айға жақындағанда баланың энергия мен қоректік заттарға қажеттілігі артады.
Нәресте, алғашқы жылында тез жылдамдықпен өседі, ол күнде бір нәрсені үйренеді,
еңбектеуді, отыруды, заттарды ұстауды, жүруді т.б. Сондықтан күннен-күнге қарқынды
дамып келе жатырған ағзаға қоректік заттар керек.

Қоректік заттар-ағзаның құрылыс материалы.

Қазіргі таңда алғашқы прикормды неден бастауға болатыны туралы әртүрлі пікірлер
тарауда. Кейбіреуі көкөністен бастаса, ал енді кейбіреуі жемістерден н/е тағы басқа
тағам түрінен бастап жатады. Тіпті түрлі тамақтану эксперттері, нутрициологтар ж/е
педиатрлар арасында қосымша тағамдарды қалай, неден, қашан енгізу керектігі
туралы үзілді-кесілді ортақ шешім жоқ.

Менің берер кеңесім, физиологиялық - рациональды тамақтанудың қағидаларын
ұстану. Физиологиялық-рационалды тамақтанудың негізгі қағидаларына ауданға, ұлтқа
және жыл мезгіліне қарай тамақтану жатады. Әр ұлттың, әр тағамның өзіндік
ерекшеліктері бар.

Баланың алғашқы тағамын баланың микробиотасына таныс және жергілікті,
мауысымдық өнімдерден бастаған дұрыс.

Прикормды, яғни балаға қосымша тағамды тәтті жемістерден, мысалы банан, түрлі
дүкеннің дайын “пюре”-ден бастауға кеңес бермеймін. Өсіп келе жатырған ағзаның тіл
рецепторларын тәтті дәмге үйретпеген жөн. Көптеген, аналар прикормды дұрыс
бастамағанның әсерінен, болашақта баланың тамақтану әдеттеріне кесірін тигізіп
жатады. Сондықтан, балаға алғаш тағам енгізер кезде сауатты түрде енгізу керек.

-Сізден кеңес сұрап, балаға бей-жай қарамайтын ата-аналар қарасы көп пе?

-Ия, балаға жауапкершілікпен қарайтын аналар қарасы көбейіп келе жатқаны
қуантады. Әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі сұрақтармен жазатын аналар өте көп.
Сол себепті, барлық аналарға пайдам тисін деген ниетпен өзімнің “Прикорм” жобамды
ашқан болатынмын.

Қазіргі таңда, жоба арқылы 1000-нан астам ана балаларына алғашқы тағамды сәтті енгізуде. Сәтті енгізілген прикорм, жалпы баланың болашақта тағаммен болатын мәселелердің алдын алады.

Соның ішінде, қоғамда көп кездесетін тамақтану әдетіндегі мәселе, баланың ет, субөнімдер, көкөністер, қарапайым жұмыртқа жеуден бастартуы. Бұл жоба туралы толық ақпаратты менің инстаграм парақшамнан таба аласыздар.

-Қазір балаларда ЗРР,ЗПР,Аутизм аурулары өте көп. Білікті мамандардың айтуынша, тамақтанудың да кесірі тиіп жатыр. Тәжірибеңізде осындай балалар кездесті ме?

-Иә, қазіргі таңда балалар арасында сөйлеу және психикалық дамудың кешеуілдеуі
(ЗРР, ЗПР) мен аутизм сияқты аурулар жиі кездеседі. Білікті мамандардың айтуынша,
бұл жағдайларға тамақтанудың да әсері бар.

Дұрыс тамақтанудың баланың дамуына үлкен ықпалы бар екенін атап өткім келеді. Баланың рационында витаминдер мен минералдарға бай, өңделмеген табиғи өнімдер болуы өте маңызды.

Сондай-ақ, глютен және казеин сияқты кейбір өнімдерден бас тарту кейбір балалардың жағдайын жақсартуы мүмкін. Сондықтан, баланың тамақтану рационын қайта қарап, оны дұрыс жолға қоюдың маңызы зор.

-Балаға тамақты неше мезгіл беру керек? Әлі тілі шықпаған баланың қарны ашып тұрғанын қайдан білуге болады?

-Баланы тамақтандыру режимі оның жасына, өсуіне және жеке қажеттіліктеріне
байланысты болады. Бала 6-7 айында 1 қосымша тағамның болуы жеткілікті, 8-10
айында 2 қосымша тағам, 11-12 айында 3 рет тамақтану режимі болуы керек. 1 жастан
соң, бала күніне 5 рет тамақтанады.

6-7 айда балаға 1 рет тамақтану жеткілікті. Қосымша тағамдарды тым үлкен порцияда
енгізбеу үшін, бір ғана прикорммен шектелеміз: себебі, үлкен порциялар, баланың іш
қатуына және ана сүтінен немесе сүт қоспасынан ерте бас тартуына әкелуі мүмкін.
Әрине, бұл схема тек жалпы нұсқаулық. Әр ана өз баласының қалауына мән беруі
қажет.

Әлі тілі шықпаған бала қарны ашқанын жиі жылау арқылы білдіреді. Егер бала
әдеттегіден жиі және ұзақ жыласа, бұл оның қарны ашқанын білдіруі мүмкін. Сонымен
қатар, көп мазасыздану, үнемі қолын, саусағын сору арқылы т.б. әдеттерімен білдіреді.

-«Балам ет жемейді» дейтін аналар көп. Оларға қандай кеңес айтасыз?

- Қазіргі кезде ет жемейтін бала өте көп. Менің практикамда жиі кездесетін жағдай.
Бала ет жемесе, бірден-бір себебі, темір тапшылық анемиясының болуы, асқазан
қышқылының төмендеуі, ферменттердің тапшылығы т.б. себептер болуы мүмкін.
Бұндай жағдайда дәрігердің кеңесін алу міндететтеледі.

«Балам ет жемейді» дейтін аналарға басқа мынандай кеңестер айтуға болады:

1.Түрлі ет тағамдарын ұсыну: Еттің әртүрлі түрлерін және дайындау әдістерін қолданып
көру керек. Мысалы, етті кәдімгі түрде емес, тартылған ет ретінде, фрикадельки,
тефтель, котлет, тіпті вафли немесе оладьи ретінде беруге болады.

2. Етті ұсақтап қосу: Етті кішкентай бөліктерге ұсақтап, сүйікті тағамдарына қосып көру.
Мысалы, етті макарон, көкөніс, каша немесе пюреге араластырып беруге де болады.

3. Басқа ақуыз көздерін пайдалану: Егер бала етті мүлдем жемесе, басқа ақуыз
көздерін қосып көріңіз, мысалы, тауық, балық, субөнімдер, жұмыртқа, түрлі бұршақтар,
жасымық, нут, горох немесе сүт өнімдері.

4. Үлгі болу: Балаға жақсы үлгі болу. Отбасылық дастарқанда өзіңіз ет жеп, оның
қаншалықты дәмді және пайдалы екенін көрсету керек. Бала үлкендердің ісін
қайталағанды жақсы көреді.

5. Сүйек сорпасын ұсыну. Сүйек сорпасы ақуызға бай. Сүйек сорпасын 1 кеседен
бастап ұсынуға болады. Бала сорпадан да бастартса, сүйек сорпасын түрлі тағамдарға
қосуға болады. Мысалы, бала таңертең каша жегенді жақсы көрсе, кашаға, сорпа
дайындағанда да қосуға болады.

6. Табандылық таныту: Жаңа тағамдарды баланың рационына қосып, оны сүйікті
тағамына айналдыру қиын болуы мүмкін. Сол себепті, жаңа тағамды бірнеше рет
ұсынып көру керек. Кейде балаға бір тағамды қабылдау үшін 10-15 рет дәмін татып
көру керек болады.

-Дұрыс тамақтану режимін ұстау қиын ба? Неге қазір салауатты өмір салтын ұстанатын жандар саусақпен санарлық?

-Дұрыс тамақтану режимін ұстау қиын емес, егер салауатты өмір салтына көшсе.
Қазір салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар аз, себебі әртүрлі факторлар болуы
мүмкін. Көптеген адамдар жұмыспен, оқумен немесе басқа жұмыстармен айналысып,
дұрыс тамақ дайындауға уақыт таппайды.

Негізінде егерде дұрыс “приоритет” қойылса, Алланың қалауымен барлығына уақыт табуға болады. Қазір “фастфуд”-тың заманы. Көптеген жылдам тамақтану өнімдерінің жарнамасы өте тартымды болып келеді, бұл адамдарды дұрыс емес таңдау жасауға итермелейді.

Кейбір адамдар дұрыс тамақтану туралы жеткілікті ақпаратқа ие болмауы мүмкін немесе денсаулыққа пайдалы тағамдарды қалай дұрыс таңдау керектігін, күнделікті өмірде қалай қолдану керектігін білмей жатады. Тым болмаса, үйдегі ақ ұнды, түрлі трансмайларды рационнан шектесе, дұрыс тамақтануға үлкен қадам жасауға болады. Барлық нәрсе адамның ниетінде.

-Бала тәрбиелеп отырған аналарға өзіңіз қандай кеңес айтасыз?

-Бала тәрбиелеп отырған аналарға берер кеңесім, балаңызға әрдайым мейіріммен
және Алланың аманаты ретінде қараңыз. Балаңызды кішкентайынан салауатты өмір
салтына үйретіңіз. Баланың алғашқы тағамын сауатты енгізіңіз, себебі бұл өте
маңызды әрі қызықты кезең. Балаңызға өзіңіз үлгі болыңыз. Балалар ата-анасынан үлгі
алады. Өз мінез-құлқыңызды, дұрыс әдеттерді және құндылықтарды үлгі ретінде
көрсетіңіз. Ең бастысы, өз денсаулығыңызды ұмытпаңыз. Ананың денсаулығы мен
психологиялық жағдайы баланың да денсаулығына әсер етеді. Өзіңізге де көңіл бөліп,
демалып, өз денсаулығыңызды күтіңіз және уақытылы дәрігерге қаралып,
дефициттердің алдын алыңыз.

-Сұхбаттасқаныңызға рақмет! 

                                                                                                                                       

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар