Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Ауқымды жұмыс! Халықтың әл-ауқаты артады”: Нұрлыбек Нәлібаев ел асыға күткен қуанышты жаңалығын бөлісті

20:00, 03 тамыз 2026

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысын бастап берді, деп жазады Alash.kz.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев аталған жобаның стратегиялық маңызына тоқталды.

“Бүгін еліміздің жол-көлік инфрақұрылымы саласы тарихының жаңа парағы ашылды.

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысына арналған телекөпірде стратегиялық мәні айрықша жобаларды бастап берді. 

Тоғыз жолдың торабындағы елімізді Еуразиядағы негізгі транзит хабы, Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір, Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі өтетін заманауи көлік жүйесі ретінде қалыптастыру - аса ауқымды стратегиялық міндет. 

Бүгінде мыңдаған шақырым автокөлік жолдары салынып және жөнделіп, халық игілігіне берілуде. Жол, көлік-логистика саласындағы бастамалар Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жүзеге асқан ауқымды жұмысқа ұласты.

Мемлекет басшымыз халыққа арнаған Жолдауында: "Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн. «Сексеуіл-Бейнеу» жолының құрылысын тездету керек. Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімінің үштен бірі қысқарады" деп тапсырма берген болатын”,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Оның айтуынша, аталмыш жоба халықтың әл-ауқатын жақсартып, көлік-логистика саласының дамуына тың серпін береді.

“Бүгінгі телекөпірде Мемлекет басшымыз  болашақ республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жолды «Арал-Каспий магистралі» деп атады. Расында «Бейнеу – Сексеуіл» бағытындағы 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жол  Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырып, жүк тасымалдау ұзақтығын 1 мың шақырымға, жүк жеткізу мерзімін 3 тәулікке дейін қысқартады. 

Атап айту керек, бұл жолдарды отандық компаниялар салады, құрылысқа 10 мыңнан астам жұмыс қолы керек. Күтілетін нәтижелерге тоқталсақ, жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл халықтың әл-ауқатын арттырып, автокөлік тасымалын табысты ете түседі.

Осы жолдар арқылы Аралдың маңайындағы иен дала тіршілігі қайнаған, жол бойындағы қызмет көрсету кәсібі дамыған мекенге айналады”,- деді ол. 


Нұрлыбек Нәлібаев өз сөзінде Үкімет Президент жүктеген міндеттердің мерзімінде орындалуына ерекше назар аударатынын жеткізді.

“Мемлекет басшымыз телекөпірде сөйлеген сөзінің қорытындысында: "Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақытылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз" деп өтап өтті.

Үкімет Мемлекет басшымыздың тапсырмаларын орындау бағытындағы жұмысты жалғастырады. Бұл жобалардың уақытылы және жоғары сапалы болып іске асуы Президентіміздің бақылауында, Үкімет басшысының тұрақты қадағалауында болады”,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар