Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл: Елордада Ұлт көсемі ұлықталды

19:10, 05 наурыз 2026

Бүгін, 5 наурыз - қазақты өз алдына дербес ел қыламын деп ұлт мүддесі жолында азаттықтың ақ таңы үшін қасық қаны қалғанша күресіп өткен Алаш қайраткері, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толды.

Alash.kz ұлттық порталының мұрындық болуымен елорда төріндегі Қаламгерлер аллеясында тағылымды шара өтті. Мұнда жиналған зиялы қауым «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, айбынды арыстардың рухына тағзым етті. Ұлт көсемінің аруағына қасиетті Құран аяттары бағышталып, жиылған жұрт елдік мұрат жолында құрбан болған асылдардың есімін ерекше ілтипатпен еске алды.


Ұлттық мұрат жолындағы салмақты басқосуға есімдері елге белгілі зиялы қауым өкілдері мен Алаш арыстарының мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар шоғыры жиналды. Олардың қатарында айтулы алаштанушы ғалымдар Тұрсын Жұртбай мен Айгүл Ісмақова, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы, белгілі заңгер-публицист Нақыпбек Сәдуақасов сынды ел ағалары болды.

Сонымен қатар, тағылымы терең іс-шарада «Егемен Қазақстан» газеті бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет, ақын, журналист Ықылас Ожайұлы, Ұшқын Сәйдірахманұлы, Заңғар Кәрімхан, Данияр Ихсан бастаған алашшыл зерттеушілер мен Ернат Рахметолла, Серік Жолдасбай сынды журналистер бой көрсетті. Жиынға «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшелері, Ұлт көсемінің Ақтоғай өңірінен келген жерлестері, Алаш рухын жанына серік еткен жастар мен БАҚ өкілдері де атсалысып, тағзым шарасының мазмұнын байыта түсті.

АЛАШ ИДЕЯСЫ КЕШЕ ДЕ, БҮГІН ДЕ, ЕРТЕҢ ДЕ ҚАЗАҚ МҮДДЕСІ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ


Тұрсын ЖҰРТБАЙ, алаштанушы, абайтанушы, профессор:

Әр ұлттың тарихында ұлы тұлғалары болады. Сол ұлттың өткені, бүгіні, келешегі – ұлы тұлғалардың мақсат-мүддесі мен күрес тұрғысынан бағаланады. Сондай қазақ үшін ұлы, рухты тұлғаның бірі және бірегейі – Әлихан Бөкейхан.

Біз Әлихан Бөкейханның және сол түйіндеп берген Алаштың біртұтас идеясының нәтижесінде қазақтың тәуелсіздік тұғыры бекіп, еркін елге айналып отырмыз. Ол идея кеше де, бүгін де, ертең де қазақтың мүддесі үшін қызмет етеді.

Alash.kz ұлттық порталына берген сүбелі сұхбатында ғалым Тұрсын Жұртбай қазақ тарихының, оның ішінде Әлихан Бөкейхан мұрасы мен Алаш идеясының сан түрлі тарихи сындар мен қиын кезеңдерден өткеніне тоқталды. Ғалым Алаш мұраты — ұлт болашағына игі ниетпен қарайтын әрбір азамат үшін басты бағдаршам және ол қазақтың мемлекетшілдік мүддесіне әрдайым қызмет ете беретінін жеткізді.

Өз сөзінде бүгінгі қоғамда Ұлт көсемінің тарихи рөлін төмендетіп, оның өмір жолы мен атқарған істерін жоққа шығарғысы келетін «ала құйындардың» пайда болғанын ашына айтты. Алайда, мұндай жат көзқарастардың ұлттық рухты жанына серік еткен жаңа буын өкілдерінің алдында дәрменсіз екенін, олардың су бетіндегі көбіктей тез арада ғайып болатынын атап өтті. Алаш идеясы қазақ халқы өзінің ең түпкі арман-мақсаттарына толық жеткенше өміршеңдігін жоймайтынын, Әлихан Бөкейхан көтерген азаттық туының әрқашан биікте желбірейтінін жеткізді.

Қазір, өкінішке қарай, кәрі де емес, кәрітамыс та емес, бір қасиетсіздер шығып, Әлекеңнің жеке басынан бастап, бүкіл өмірін жоққа шығаратын «ала құйындар» шықты. Ол – осы қазақ ұлтының ішіндегі «ала құйындар».

Сендер сияқты жастар тұрғанда, ол «ала құйындар» суға сіңген көбіктей болып жоғалады. Алаш идеясы қазақтың ең түпкі мақсатына жеткенше қызмет етеді. Демек, Әлекеңнің тіккен туы да қашан да биік болады деп ойлаймын.

Өз сөзін қорытындылай келе, Тұрсын Жұртбай бүгінгі 160 жылдық мерейтойдың мәніне тоқталып, Әлихан бабамыздың рухын «қыр балалары» бүгінгі еркін елдің жастары ұлықтап жүргеніне ерекше ризашылығын білдірді. Алаштанушы Ұлт көсемінің ізінен ерген жас буынды «еркін даланың еркін гүлдеріне» балап, осы жастардың азаттық құндылықтарын сақтап қаларына және еліміздің баянды болашағын қалайтынына үлкен сенім білдірді.


ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН — ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНДАЙ ҚАЗАҚ ЕКЕНІН, АҚЫЛДЫ, МЫҚТЫ, ӨЗ ЖЕРІНДЕГІ ЖЕР АСТЫ БАЙЛЫҒЫНА ИЕ БОЛАТЫН ХАЛЫҚ ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕГЕН ТҰЛҒА


Айгүл ІСМАҚОВА, алаштанушы, профессор:

Бүгін Әлихан Бөкейханның туған күні. 5-ші наурыз күні туған. 1937 жылы 27 қыркүйекте Мұхтар Әуезовтің туған күніне қарсы Бутыркада ату жазасына ұшыраған. Ал, қаншама адамға зардап шеккізген Сталин 5-ші наурызда қайтыс болған (1953). Сталин қайтыс болғаннан кейін жарты жылдың ішінде Қарлагта отырған алаштықтардың көбі босады. Қайым Мұхамедханов соның ішінде болған. 

Әлихан Бөкейхан — қазақтың қандай қазақ екенін, ақылды, мықты, өз жеріндегі жер асты байлығына ие болатын халық екенін жазып кеткен тұлға. Ол Ресей географиялық қоғамының, Щербина экспедициясының мүшесі болды. Қазақтың жер асты, жер үсті байлығы қандай екенін жазып берген.
Қазақ қалай Отанына қызмет ете алады? Соның мысалын көрсетіп кеткен де, осы – Әлихан Бөкейхан! Қазір біз бірдеңе істесек, ақы, шен немесе грант дәметеміз. Ал бұлар ақысыз, шенсіз, отанға адал, жүрегімен қызмет ету үлгісін көрсетті. Әуелі Әлихан, Ахмет, Міржақыптар және олардың қасында жүрген замандастары, Сәкен Сейфуллин бастаған шәкірттері, Советтік кезде тірі қалған шәкірттері көрсетіп кеткен. 

Алаштанушы Айгүл Ісмақова Әлихан Бөкейханның тұлғалық феноменін қазіргі дәуір мен болашақ ұрпақ үшін мемлекетшілдік пен шынайы отансүйгіштіктің айнымас темірқазығы деп бағалады. Ұлт көсемі соңынан ерген қазақ баласына туған жерді қалай сүю керектігін, ұлттық мүддені бәрінен биік қоюды және үлкен мақсаттар жолында қалай қажырлы қызмет ету қажеттігін әрбір сөзімен де, өлшеусіз ісімен де нақты дәлелдеп кеткен.

Alash.kz тілшісіне берген сұхбатында ғалым бүгінгі таңда «текті қазақ» деген терең ұғымның білім беру мен тәрбие жүйесінде тиісті деңгейде оқытылмай жатқанына өкініш білдіре отырып, Алаш арыстарының әрбір жазбасы мен мұрасы өз атамекеніміздің нағыз қожайыны болуды үйрететін басты рухани мектеп екенін қадап айтты.

«Текті қазақ» дейді ғой. Өкінішке қарай, қазіргі заманда «Текті қазақ» деген ұғым еш жерде оқытылмайды. Алаш азаматтарының әр жазған сөзі бізге отанға қалай ие болу керек екенін үйретеді. Біз қазақ болып тудық, осы жердің мұрагері ретінде не істеуіміз керек, қандай істің басында болуымыз керек?

Басқаға қиянат жасамай, ешкімді құлдыққа түсірмей, біреуді өзінен төмен санамай, Абай айтқан «Толық адам» ретінде адамға қызмет ету, «әкеңнің баласы болма, адамның баласы бол» деген ұстанымды басты еткен. 

Профессор өз сөзінде Алаш зиялыларының ұлы Абайды неліктен басты рухани ұстаным етіп алғанына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт қайраткерлері Абайды қазақ халқының интеллектуалдық, адамдық және кісілік деңгейін бүкіл әлемге паш ететін басты «төлқұжаты» ретінде таныған.

ХХ ғасырдың басындағы саяси, ғылыми және мәдени элита Абайдың «Толық адам» концепциясын басшылыққа ала отырып, Отан алдында ешқандай атақ-дәреже немесе дүниеуи пайда көздемей, таза жүрекпен адал қызмет етудің шынайы үлгісін көрсетіп кеткенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Айгүл Ісмақова бүгінгі жас буынды да осы биік парасат пен тектілік деңгейіне ұмтылып, солардан үлгі алуға шақырды.

Абайды қазақтың бас ақыны деп жазған бірінші Әлихан Бөкейхан, екінші Мірхақып Дулатұлы, үшінші Ахмет Байтұрсынұлы. 

Неге Абайды басты ұстаным етті? Абай – қазақ ұлтының интеллектуалды, адамдық, кісілік деңгейін көрсететін паспорты.

Сондықтан олар Абайды өздеріне ұстаз етіп санап, «Қазақтың бас ақыны» санап, «қазақтың ұлттық құндылықтарын Абай ұстап тұр, Абай бізге көрсетті» деп, Абайды ұстыным етті. Оны әуелі орыс халқына танытып, әлемге мәшһүр етті. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың мықты элитасы, саяси элитасы, ғылыми элитасы, сіз бен бізге керек интеллектуал осылар болып қала бермек! Қолымыздан келсе ұқсап бағайық! Жастарға айтарым осы.

Ғалым өзі дәріс беретін, Алаш мұрасын жатқа білетін білімді де рухты жастардың әлеуетіне зор сенім білдірді. Оның пікірінше, осы жастар таяу онжылдықта ғылым мен билік тізгінін қолға алып, ұлттық мүддені қорғайтын нағыз интеллектуалды элитаға айналады.

Айгүл Ісмақова жас буын Әлиханша тәрбиеленіп, Алаш аманатына адал болса, қазақ жерінде кедейлік мүлдем жойылып, әрбір қазақ шаңырағы бақуатты ғұмыр кешетін заман туатынына кәміл сенімді. Профессор саналы сөзін түйіндей келе, Қазақстанның бейбітшіл, толерантты және бүкіл адамзатқа ізгілік пен адамдық ұстанымның үлгісін көрсете алатын қуатты мемлекетке айналатынын, бұл жолда Алаш идеясының мәңгілік бағдар болып қала беретінін нық жеткізді.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар