Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Алда Жаңа Конституцияның күшіне енуінен туындайтын көп жұмыс күтіп тұр» - Ерлан Қарин

09:11, 01 шілде 2026

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Парламент палаталарының бірлескен соңғы отырысына байланысты пікір білдірді, деп жазады Alash.kz.

Заңды күшіне енген жаңа Конституция аясында мемлекет пен қоғам тұтастығын арттыратын жаңа басқару моделі ресми түрде іске қосылғанын мәлімдеді.

Жаңа Конституция күшіне енеді. Тиісінше, Парламенттің қос палатасы – Сенат пен Мәжіліс, Қазақстан Халық Ассамблеясы жұмысын тоқтатады. Өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік кеңесші лауазымының да өкілеттігі тоқтайды. Осы орайда, маған сенім артып, жауапты қызметті атқаруға мүмкіндік беріп, жұмыс барысында жан-жақты қолдау көрсеткен Қасым-Жомарт Кемелұлына шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.
Әр азаматқа елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Ал қиын да күрделі шақта мемлекет мүддесіне еңбек ету – екі есе бақыт әрі абырой. Міне, бізге де Президенттің сенімі мен қолдауының арқасында тарихи маңызы зор елдік істердің ортасында жүру бақыты бұйырды.
Мемлекеттік кеңесші лауазымына дейін болған Мемлекеттік хатшы қызметіне Қаңтар оқиғасы кезінде – Маңғыстауда жүргенде тағайындалған едім. Сындарлы сәтте Президенттің облыстағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты нақты тапсырмаларын орындау, жедел шешімдер қабылдау жауапкершілігі жүктелді. Бұл қызмет сол күндері өңірдегі орталық мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын үйлестіріп, ұйымдастыруға ықпал етті.  
2022 жылғы маусымда Президент шешімімен Мемлекеттік хатшы қызметінің орнына Мемлекеттік кеңесші лауазымы енгізіліп, оған қосымша өкілеттіктер мен міндеттер бекітілді. Бұл Президенттің сол уақыттағы реформаларға екпін беріп, жоспарлауды жүйелеу мақсатында жасаған маңызды қадамдарының бірі болды. Дербес құрылым ретінде Мемлекеттік кеңесші мен оның хатшылығына Президент реформалары мен арнайы тапсырмаларын орындау жүктелді.
Мәселен, Мемлекет басшысының бастамасымен жаңадан құрылған консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық құрылтайдың жұмысын үйлестіріп, ұйымдастыру. Құрылтайдың әр отырысы Президенттің бағдарламалық бастамалары айтылып, қоғам асыға күтетін үлкен жиынға айналды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай қызметіне ерекше маңыз беріп, көп идеяларын осы мінберден жариялады. Президент бастамаларын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық құрылтай аясында 26 заң, 4 кешенді жоспар, 3 тұжырымдама мен басқа да маңызды нормативтік құқықтық құжаттар қабылданды.
Бұған қоса, Президент реформаларының нәтижесінде еліміздің ішкі саясатында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Салада ортақ тәртіп орныға бастады. Тұңғыш рет Мемлекет басшысының Жарлығымен Ішкі саясат тұжырымдамасы бекітілді. Ономастикада, ескерткіштер орнатуда, ведомстволық наградаларды тағайындауда нақты жаңа регламенттер енгізілді. Осылайша, Президент қолдауымен ішкі саясат жүйеленіп, ретке келтірілді.
Ал ең бастысы, Мемлекет басшысы Конституциялық реформаны жүзеге асыруға, басқа да іргелі істер мен түбегейлі өзгерістерге атсалысуға мүмкіндік берді.
Төрт жарым жылда атқарылған жұмыстарды осылай тізбектей беруге болады. Ең бастысы, мұндай жемісті жұмыстардың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғанын айрықша атап өтуге тиіспіз. Абайдың «ақырын жүріп, анық бас» деген ұлағатын ұстанатын Президент әрбір реформаны сенімді, табанды, тиянақты жүргізіп келеді. Алдағы өзгерістердің өзегінде де осындай қисын жатыр.
Осы уақыт аралығында бірлесе жұмыс істеген Парламенттегі, Үкіметтегі, Президент Әкімшілігіндегі барша әріптестеріме, қоғам белсенділеріне ризашылығымды білдіріп, рақметімді айтамын! Бәріңіздің алдағы істеріңізге толайым табыс тілеймін! Алда Жаңа Конституцияның күшіне енуінен туындайтын көп жұмыс күтіп тұр. 
Барлығымыз Президент айналасына топтасып, жұдырықтай жұмыла атсалысуымыз қажет. 
Жаңа дәуір елімізге, баршаңызға берекелі болсын!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар