Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісінде тағылған айыптар толықтырылды

13:18, 30 маусым 2026

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында төрт адамнан тұратын отбасын аяусыз өлтіруге қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр, деп жазады Alash.kz.

Осы атышулы іс бойынша басты айыпталушы қаза тапқан отбасының күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев.

Tengrinews.kz таратқан мәліметке сәйкес, оған өзінің қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ олардың ересек балалары Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деген айып тағылды.

30 маусымда мемлекеттік айыптаушылар Сәрсемалиевке бұған дейін тағылған айыпқа енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жариялады. Осыдан кейін судья Зарема Хамидуллина сотталушыны айыптау актісінің жаңа редакциясымен таныстырды.

Судьяның хабарлауынша, кісі өлтіру эпизодтары бойынша айыптауға жаңа саралау белгілері енгізілген.

"Нәсіп Өтешқалиева мен Мақсот Қарабалинді өлтіру эпизоды бойынша айып Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 13-тармағымен - басқа қылмысты жасыру мақсатында жасалған кісі өлтіру бабымен толықтырылды", - деді судья Зарема Хамидуллина.

Сонымен қатар Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру эпизоды бойынша айып ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 3 және 10-тармақтарымен толықтырылды. Тергеу нұсқасы бойынша, сал ауруына шалдыққан және көру қабілеті бойынша III топтағы мүгедектігі бар жәбірленуші дәрменсіз күйде болған және қарсылық көрсете алмаған. Сондай-ақ тергеу органдары қылмыстың мотиві ретінде әйелдің ата-анасы қаза тапқаннан кейін полицияға жүгіну ниетін атап отыр.

Тағы бір өзгеріс - айыптаудың әлеуметтік төлемдерді заңсыз алуға қатысты баппен толықтырылуы.

"Әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды заңсыз алу эпизодтары бойынша сотталушының іс-әрекеті ҚК 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен - ақпараттық жүйе пайдаланушысын алдау арқылы жасалған алаяқтық бабымен толықтырылды", - деп мәлімдеді судья Зарема Хамидуллина.

Осылайша, Сұлтан Сәрсемалиевке жәбірленушілер қаза тапқаннан кейін есептелген әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды заңсыз алуға қатысты алаяқтық айыбы қосымша тағылып отыр. Эпизодтардың бірі бойынша шығын көлемі нақтыланып, 520 996 теңге болды.

Бұдан бөлек, бұған дейін мал сату кезіндегі алаяқтық ретінде сараланған эпизод ҚК 188-1-бабының 1-бөлігіне - мал ұрлығы бабына қайта сараланды.

Бұрын тағылған басқа айыптар өзгеріссіз қалды. Өзгерістер жарияланғаннан кейін судья сотталушыға олардың мән-жайын түсіндірді.

Іс материалдарына сәйкес, қылмыстар ұзаққа созылған отбасылық жанжал салдарынан жасалған деп болжанып отыр.

Сәрсемалиевтің сотта берген жауабына сүйенсек, ол қылмыс жасағаннан кейін тергеуден бой тасалап, өз сөзімен айтқанда "шындықтан қашу" үшін Қазақстаннан кетіп қалған. Сотталушы өз іс-әрекетін ұзақ уақытқа созылған қарыз міндеттемелерінен туындаған терең дағдарыспен түсіндірді.

Сотта айыпталушы кінәсін ішінара мойындады. Ол Мейрамгүл Қарабалинаны, сондай-ақ жұбайының әкесі мен анасын қасақана өлтіргенін растады.

Дегенмен, сотталушы Наурыз Мұқанғалиевті өлтіру алдын ала жоспарланбағанын алға тартты. Сәрсемалиевтің айтуынша, ол жәбірленушіге өзі арандатқан жанжал кезінде өзін-өзі қорғау мақсатында өлімші жарақаттар салған.

Айта кетейік, отырыстардың бірінде қаза тапқан отбасы отағасы Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты талап арызын жариялады. Марқұмдардың туыстары сотталушыдан моральдық және материалдық шығын ретінде 70 миллион теңге өндіріп алуды сұрады. Олардың айтуынша, бұл сома бірден төрт жақынынан айырылған отбасы қайғысының ауқымымен негізделген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар