Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

АЛАШ ЖҮРЕК (Алақандай ақ толғау) 

12:07, 02 қаңтар 2025 334

Елдос Тоқтарбай есімді қазақты бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Оның мені танығанына, менің оны білгеніме біршама жыл өтті, баяғы м-агенттің заманында елдің әр қиырынан хат алысып, хабарласып тұрудан басталған таныстық айнымас дос, айырғысыз туысқа айналып шыға келдік. Күннің қай мезеті болса да, ескі таныс, ежелгі достардай еркін сырласып, алғаусыз әңгімелесіп кететін едік. Құдайға шүкір, осындай саңылаусыз сыйластық, жіксіз жақындық бізді ұлы мұраттарға жетеледі. 

Сол сәттегі жазылған сөз де, айтылған ой да естен шықпаған. Ол өзі оқып білген, әбден таныған сүйікті Алаш тақырыбын «Алаш арыстарын кеудеме сыйғызып, жүрегіме жерледім» деп бір ауыз сөзге түйгенде алғашқы кезде тіксініп қалғанымыз рас-ты. Кейін уақыт өте бұл сөздің шындыққа айналып, жас таланттың жүрек сөзі болып қапысыз өрілгенін бір емес, бірнеше мәрте байқадық та. 

Иә, бұл жүрек сөзі-дүр! Және қандай жүрек десеңші! Алашты біліп-таныған, осы қасиетті жолда ештеңеден тайынбаған кешегі арыстардың қандай кедергі мен кеселдерге қарамағаны сияқты ақырына дейін тұратын ердің еріне лайықты жүрек! 

Ол баяғы жер жаннаты Жетісу, хас сұлу Қапал өлкесі, Тамшыбұлақ пен Баянжүрек сағасынан шыққан жүрекжарды сөзден шынайылық есетінін де білемін. 

Бұл шерлі жүректі тереңінен толқытып тербеткен асыл сөздің әрбір жолы, түйінді тамыры да көпті көрген, ғасырдың ажал апанынан аман қалған Нүсіп ақсақал мен Зейнепхан әженің өмірлік өнегесінде жатыр. 

Қос ақылды қария біздің кейіпкердің болашақ тағдырын әлемдегі ең, ең, ең құнды дүниемен байланыстырып, керемет бағыттап берген. Оның аты Кітап болатын. 

Қаршадайынан халық сөзін құлағына құйып, аталар айтқан есті дүниеге елеңдеген елгезек інім сол құлын күнінен бері елім деп, жерім деп, Алашым деп, Анашым деп келеді. 

Деп келсе бір сірә, сол ел мен жердің қамын жеп, Алаш пен Анашының уайымын ойлап келеді. Жай емес, өзін жүз ойландырып, мың толғандырған қымбат тақырыбын қалайда жарыққа шығарамын, оның идеясын жалпақ жұртқа танытамын деген мәңгілік мұрат пен есепсіз зор еңбек бар. Ол жатпай-тұрмай, ойнап-күлмей еңбек қылады, ал еңбек оны да ұшпаққа шығарады! 

Иә, екеумізді жақындатқан да осы мүдде, осы мұрат болатын, ортақ символ кітап-тұғын. Өмірдің ащы-тұщысы мен оң-солын дұрыс тани алмай жататын студенттік шақта қаламы шабыт шақырып алғаш рет кітап жазды.«Жығылсаң, нардан жығы» дегендей, онысы Ахмет Байтұрсынұлынан басталғаны өз алдына бір бөлек жыр. 

Ұлт ұстазының шапағаты ғой, содан қаламы жүріп беріп, бакалавриатты тауысар-тауыспаста қазақ айдындарының эмиграциялық кезеңдерінен монография жазып, айды аспанға шығарды. Талайлы тағдыр кешкен талай таланттардың өмір жолы мен шығармашылығына үңіліп, ұлт тарихындағы  соқтықпалы-соқпақсыз тұстарын жіті зерделеді. 

Ол жазған ерлер Алаштың бағы болған азаматтар еді! Басына төнген қасіретті күндерге қарамастан, ажал жебесі жауып тұрғанына қарамастан, қасқайып қарсы тұрған, өлім шіркіннен еш сескенбеген, туған отанын шексіз сүйген сайыпқыран саңлақтар болатын! Қайран, боздақтар! Қайран, шаһидтер! Жарықтықтар-ай! 

Бұл жайсаңдардың осылай етуіне түрткі болған жайт, олардың өр намысы мен асқақ рухы, көк түрік заманынан үзілмей келе жатқан нар тәуекелі мен адал қасиеті емес пе! 

Ай-хой, дәурен! Қазақтың кең сахарасындағы табаны Торғай, өзегі Семей, жұлыны Жымпиты, жүрегі Жетісуда дүркіреп өткен, дүбірлеп өткен Алаш ұраны құлағыма келеді. Марш ойнап, алаш сап түзіп, жорыққа аттанып барады. Кемеңгер көсемдер ел алдына шығып, жаңа заманның аужайын айтып, болашақты болжап тұр. 

Жүз жыл бұрынғы оқиғалар күні кешегідей көз алдымнан өтті. Өйткені мұның бәрі де біздің кейіпкеріміздің жүрегінің сүзгісінен өтіп, сараланып шыққан дүниелер. Осынау тарихи тағылымы мол, тек өткеннің мұңын ғана қозғамайтын, алдағы енші күндердің де құбыланамасындай ұлт болашағы үшін де аса мазмұнды һәм керекті ойлар шеруі маңызын жоймайды. 

Біздің осы жүрегіміз — бір жүрек, шын жүрек. Ақылды басымыз бен қайратты қимылымызбен қабысқан барлық іс-әрекетіміз жүрекке жеткенде шындыққа жанасады. Ал шындық көркемдік ойлау деңгейіне өткенде мәңгілік өнер туындысы пайда болады. Әлемдегі таза әлем балалар шығармашылығына ат шалдырған Елдосымыз барлық қазақ дарынды баласы жүріп өтетін «Ұланның тілшісі» деген алғашқы сезімінен айныған емес. Оның соңғы жылдары жазған жаңа дүниесіне өмірде алғаш рет жарық көргеніндей болып қуанатыны сондықтан. 

Алаш феноменін түсінудің бірден-бір тетігі — ғылым. Сол заманның табы мен кең аламан кеңістігінің қуатты нәрін ғылым ғана жеткізе алады. Қазіргі тәуелсіздігіміздің дамуының айқын бағдаршамы да ғылымның өзегінде жатыр. Елдосымыз да қандай кітап жазуды бастаса да, алашсыз сөз қозғамайды. Және де оны ғылыми негіздеусіз, архив деректерінсіз сипаттамайды. Ғылым арқылы ғана қоғамды өркениетке жеткізудің құралы деп түсінеді. 

Тоқтарбай баласының қоржыны тоқ,  көңілі көк. Сонда да тоқмейілсуге жоқ. Алашта «Жарық сәуле», «Барлыбек туралы бірер сөз»,«Абақтыдағы жан сөзі»; көркем прозада «Тау құсы»,«Құлыншақ»; эссеистикада «Сөз сәуле», «Алаш сөзі»; өлкетануда «Бөрібай батыр», «Жетісу аңыздары»,«Жетісу жұлдыздары» кітап артқан керуен боп көлбеп барады. 

Бұл жүрек — еркін, намысты, атойшыл жүрек. Қазақ қоғамын кері тартқан, бейшара күйге түсіріп, азғындауға ұмтылған жобалар мемлекеттің қаржысын талан-таражға салғанда Алаш үшін деп қатты шамырқаныстан білім мен әдебиет, ғылым бағытында жаңа қор құруды мақсат тұтқан батыл жүрек. Бір нәрсені бастау керек еді деп созып жүрмеген, айрықша айбыннан, ерекше екпінмен туған жоба — Qyr balasy қоғамдық қоры. Ашылсақ алақанбыз, жұмылсақ жұдырықпыз: біз қазір үндемей жүріп іс бітірген үлкен командамыз. 

Міне, бізге керек жүрек. Оқыған-тоқығаны көп, білім-білігі жетік, академиялық дәрежесі толық, өмірлік тәжірибесі мол, ар мен ұятқа суарылған, иманы күшті бір айнымас жүрек — осы жүрек! 

Дәл осы жүректің иесі Yeldos Alash: "Қасиетті Алаш идеясы өлген жоқ. Алаш қозғалысы әлі де жалғасып жатыр... Мен — Алаш қозғалысының ХХІ ғасырдағы өкілімін!" дейді. Осы сөз — сөз,  уәде — уәде. 

«Отыз жасыңда не істедің?» деген сауал болушы еді. Бұл сұраққа басқамыз күмілжіп қалғанымызбен, Тоқтарбай баласы тосырқамайды. 

Отыз жасың құтты болсын, менің сүйікті жиенім! Заманында Ахмет Байтұрсынұлының Елдес Омарұлына сүйсінгені сияқты біз саған қуанамыз, мақтанамыз, марқаямыз. Алаштың асыл мұратын таныту жолында ұлт үшін қызмет ете берейік. Шетелде алып жатқан біліміңді елге жұмсайтын, бұл игілікті түсінетін қоғамның орнауы үшін аянбай еңбек етуді жастарға, кейінгі буынға үндеп келесің. Қоғамдық негіздегі ортақ жұмыстарымыз жанданып, елдің өркендеуіне үлес болып қосыла берсін. Екі шешең аман болып, әкелер көрмеген қызықты көрсетіп, отбасың орман болып, мәре-сәре қауышатын күндерге жетейік! Қаламыңнан қуат, өміріңнен шуақ кетпесін! Әумин!

Солай, Алаш жүрек! Жасасын Алаш, жасасын.

Заңғар КӘРІМХАН

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар