Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Суда шекара жоқ. Су тапшылығы әлеуметтік толқуларға әкелуі мүмкін" - сарапшы

11:26, 23 тамыз 2023 206

2003 жылы қабылданған Су кодексіне 63 өзгерту мен толықтыру енгізілген.


Соңғы уақытта Қазақстанда су тапшылығы өзекті болып отыр. Сарапшылар жедел шаралар қабылдамаса, бұл мәселе ушығып, әлеуметтік толқуларға әкелуі мүмкін екенін айталды, деп хабарлайды Halyq Uni.






Су шаруашылығы бойынша ұлттық сарапшы Ерлан Бадашев 20 жылдан кейін елімізде тұщы су тапшылығы айтарлықтай өсетінін айтып отыр. Қазірдің өзінде еліміздің су ресурстары көрші елдермен салыстырғанда өте шектеулі.

«Біз қазір баймыз деп мақтанамыз. Мұнай, бидай, Менделеев кестесіндегі байлықтың бәрі бар дейміз. Бірақ осылардың біріне де сусыз қол жеткізу мүмкін емес. Қазақта «жер дауы, жесір дауы, су дауы» деген бар. Жер белгілі мемлекет болған соң шекарасы бар. Ал суда шекара жоқ. Сол себепті су үшін күресіп, еліміздің тәуелсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын сақтап қалу маңызды. Биыл шекаралас елдерден су аз келіп, нәтижесінде қалыптасқан жағдайды көріп отырмыз. Мемлекеттік органдар бірінші кезекте климатты кінәлайды. Климат кінәлі емес, олай болса баяғыда ақырзаман болатын еді. Бәріне адам кінәлі. Демек біз барды дұрыс пайдаланып, дұрыс реттемей отырмыз. Сондықтан климатты емес, өзімізді кінәлауымыз керек», - деді ол.

Оның пікірінше, мәселе су ресурстарын тиімді басқаруға келіп тіреледі. Сарапшы су ресурстары мен сумен қамтамасыз етуді дамыту қажет деп есептейді.

Бізде бәрі араласып кеткен. 2003 жылы қабылданған Су кодексіне 63 өзгерту мен толықтыру енгізілген. Сондықтан бұл кодекс түзетулерден қызарып кеткен, өзің ұяласың. Ресми органдардың сандарына сенім жоқ. Ішкі кіші өзен, көлдердің есебі жоқ, гидробекеттер жоқ. Қаншама өзен-көл тартылып, кеуіп кетті. Олар әлі күнге дейін қалыпты жағдайдағы су айдындарының есебінде тұр. Екі жыл бұрын тұрғындар шағымданып, алтын шығаратын Ақсу өзеніне шақырды. Халық жиналып, мәселе көтерді. Бассейн инспекциясы рұқсатты 20 жыл бұрынғы мәліметтердің негізінде берген. Іс жүзінде ол жерде су жоқ. Яғни бүгінде нені басқарып отырғанымызды түсінбейтін сияқтымыз, - деп толықтырды сөзін. 


«ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДЕН СУДЫ ҮШ ЕСЕ КӨП ПАЙДАЛАНАМЫЗ»

Сарапшы елдегі жерасты және жерүсті суларының есебі мен мониторингін жүргізу қажеттігіне назар аударды.

«Сол себепті Ұлттық гидрологиялық қызметті құру керек. Ол тек жер бетіндегі судың есебі мен мониторингін жүргізбей, жер астындағы су көздерін де есепке алуға тиіс.Кейде жайылым жерлердегі ұңғымаларда су болмай жатады. Демек астындағы су көздері тұрақты емес, өзгеріп тұрады. Бүгінде инфрақұрылым тозған. Халықаралық классификатор 1 мың текше км (ІЖӨ-нің 1 мың долларына шаққанда) қанша су тұтынатынын есептеген. Қазақстан 91,2 текше, суы көп Ресей 44, Белорусь 30 текше км пайдаланады. Біз суы тапшы елміз, сөйте тұра технологиясы дамыған Швеция, АҚШ сияқты елдерден үш есе көп пайдаланамыз», - дейді Ерлан Бадашев.

Сонымен қатар ол су ресурстарын орталықсыздандыру мәселесіне тоқталды. Елдегі 8 бассейн инспекциясына қатысты мәселелер өз аумағында шешілуге тиіс деп есептейді.

Бассейн инспекциясының басшысы сол жердің министрі болып, ал ойын ережесі мен ондағы суды пайдалану тәртібін орталық орган бекітуі керек. Қазір кімге қанша су беретінін, лимитті Су ресурстары комитеті шешіп отыр. Олай болмауы керек. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Түркістанда су каналын салынды. Өңірдің әкімі мықты болған соң, Арал теңізінің суын өзіне бұрып алды, - деді сарапшы.


Айта кетейік, үкімет 2025 жылға дейін 9 жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Сарапшы бұл мәселеге қатысты пікірін білдірді.

«Жаңа су қоймаларын саламыз деп жиі айтып жатады, өз басым оған қарсымын. Онсыз да 8 бассейнде отырмыз, өзендер жазық далада. Бүгінде 80-90 пайыз су реттеуге жатады, гидроқұрылғылар салынған. 23 жаңа су қоймасын салуға қажеттілік жоқ. Бір таңғалдыратыны – жыл сайын су тасқынымен күресеміз. Жалпы, инвестор келгенде ең алдымен гидротехникалық құрылғыдардың қауіпсіздігі туралы декларацияны сұрайды. Республикалық меншікте шамамен 180 гидротехникалық құрылғы бар. Біз 25 жылдан бері бөгет туралы заң қабылдау қажеттігін айтып келеміз. Көптеген елде бар. Бөгеттердің қауіпсіздігі су ресурстарын реттеу. Су тапшы ел болған соң, ең тиімді реттеу болуы керек. Тіпті артық гидротехникалық құрылғыларды жою да керек шығар. Сондықтан Гидротехникалық құрылғылардың қауіпсіздігі туралы заң ұсынылды», - деді ол.

«АУЫЗ СУДЫ ҮНЕМДЕП ОТЫРМЫЗ БА?»

Ерлан Бадашев суды үнемдеп пайдалану өзекті мәселе екенін атап өтті.

«Жыл сайын экономикада 23-26 текше км су пайдаланамыз. Оның 67-70 пайызын ауыл шаруашылығы үшін жұмсалады, одан кейін өндірістік мақсатта және ауыз су ретінде пайдаланылады. Осы ретте қалай пайдаланылып жатыр деген сұрақ туындайды. Дәл қазір су үнемдеу саясаты мен суды пайдалану нормасы бірінші тұруға тиіс. Бүгінде 19 млн халықтың 10 млн суармалы жерде тұрады. Тәуелсіздік жылдарының басында Қазақстанда 2,4 млн га суармалы жер болған. Сол кезде жиналған өнім мен қазіргі өнімді салыстырсақ, бүгінгі көрсеткіш кері кетіп жатыр. Демек суармалы жерлердің тиімділігі өте төмен», - деді ол.

Сонымен қатар ауыз сумен қамтамасыз ету туралы арнайы заң керек деп есептейді.

Жалпы су тапшылығы әлеуметтік толқуларға әкелуі мүмкін. Мәселе жергілікті жерлерде суды пайдаланудың құқықтық негіздемелерінің дұрыс ұйымдастырылмауында болып отыр. Мемлекет қазір әр ауылға құдық қазып, құбыр тартып береді. Егер оған залал келсе, халық мемлекет қашан жөндеп береді деп күтіп отырады. Мәселен, бір ауылда 200 үй бар делік. Мен сол құбырды сол 200 үйдің меншігіне беруді ұсынамын. Яғни әр үйдің сол құдықта үлесі болуы керек. Сонда «өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» демекші, күтіп ұстайтын болады. Мемлекеттің міндеті суды ауылдың шекарасындағы резервуарға дейін жеткізіп беріп, санитарлық нормаларға сай болуын қадағалау. Сондай-ақ кәріздік жүйелерді осындай механизммен ұйымдастыру керек деп есептеймін, - деді сарапшы.


Бұған қоса, шекаралас елдермен су дипломатиясын дамыту керек екенін еске салды.

«Су дипломатиясы өте нәзік дипломатия болып есептеледі. Меніңше, Арал мәселесіне қатысты бес мемлекеттің студенттері оқитын арнайы жоғары оқу орнын ашу керек. Сол бес елдің жастары бірге тұрып, ортақ проблеманы бірлесіп шешуді үйренсе деймін. Суды әділетті түрде бөліп, пайдалануды осыдан бастау керек деп ойлаймын», - деп қорытындылады Ерлан Бадашев.

«СУДЫ БАСҚАРУДАН СОҢҒЫ ОРЫНДАМЫЗ»

Су шаруашылығы бойынша халықаралық сарапшы Болат Есекин тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикасы табиғатты бүлдіру негізінде дамыды деген пікірде.

«Біздің экономика мен әлеуметтік проблемаларды шешу табиғатты бүлдіру негізінде дамыды. Мәселен, табиғи негізі бұзылған Арал теңізін алайық. Оған қанша инвестиция құйып, үй салып, ондағы тұрмысты арттыруға тырысса да, табиғи негізі бұзылған соң, онда өмір сүру мүмкін емес. Бүгінде ол еліміздің экологиясындағы үлкен жараға айналды. Мұндай жаралар көбейіп жатыр. Мамандардың айтуынша, әлем экологиялық-климаттық апат болып жатыр. Бұл апаттың басты себебі жердегі өмірді ұстап тұрған су циклы, азот, климат циклы сияқты планетарлық шекараны бұздық. 2022 жылы 9 шекараның 7-еуі бұзылды. Су тасқыны, құрғақшылық содан туындап отыр. Табиғаттың заңы біздің заңдарға бағынбайды, керісінше біз өз заңдарымызды табиғи циклдерге қаратып жазуымыз керек. Яғни экономика мен инфрақұрылымды Талдыкөл сияқты бұзбай, табиғи циклдердің негізінде құруымыз қажет», - деді ол.

Сарапшы Қазақстанда су ресурстарының проблемасындағы негізгі факторларды атады. Оның пікірінше, маңызды фактордыі бірі траншекаралық ағынның азаюы болып отыр.

«Әрине, басқа да факторлар бар. Соның бірі климат факторы күшейіп жатыр. Қазірдің өзінде көріп отырмыз, 2030 жылға қарай Алматыдағы мұздықтар жойылып кетуі мүмкін деген болжам бар. Бұл дегеніміз Жетісу, Алматы көлдерінің негізгі көзі өзендер тартылады деген сөз. Бүгінде суға қатысты қабылданып жатқан бағдарламалар бар. Бірақ оның бәрі алдын алу үшін жұмыс істеуі керек. Италия, Испания, Ұлыбритания, Франция, биыл Өзбекстан биыл су тапшылығына байланысты ТЖ режимін енгізді. Ешқандай заң көмектесіп жатқан жоқ, ТЖ режимін енгізіп суды басқаруға көңіл бөле бастады. Суды жөн жосықсыз егістікті суару, фонтан, бассейндерге пайдалануға тыйым салып жатыр. Ауыз суды тек ішу үшін ғана пайдаланады. Қазақстан ол елдерге қарағанда әлдеқайда мүшкіл жағдайда тұр. Сөйте тұра ешқандай шара қабылдамай, ысырапшылдықпен айналысып жатырмыз», - деді сарапшы.

Сонымен қатар ол су тапшылығына қазақстандықтардың оны үнемсіз пайдаланатыны себеп болып отыр деп есептейді.

Су тапшылығының артуына өзіміздің суды оңды солды пайдалануымыз себеп болып отыр. Мәселен, бір ғана су үнемдеу резерві туралы айтсақ, ауыл шаруашылығы жерлеріндегі каналдардың өзінде жарты пайызға дейін жоғалтамыз. Каналдарды жабу, оларды есептеу жүргізілмейді. Алматы облысында тариф төрт тонна су бір теңге болса, каналды жабуға қаржы жұмсайсыз ба? Әрине, жоқ. Бір қорап сіріңке қырық тонна су тұрады деген сөз. Бүгінде барлық стандарт, тариф, норма, лимит, бақылау, мониторинг, статистиканың бәрі ресурс молынан болған кездегі ескі жүйе бойынша жүргізіледі, - деп толықтырды ол.


Сондай ақ Қазақстан ауылшаруашылығында суды пайдалану бойынша әлемдегі ең көрсеткіші төмен елдердің қатарында тұрғанын атап өтті. Қазіргі заңдар, инфрақұрылым, тариф пен стандарттар тұрғанда оны жаңартудың еш мәні жоқ деп есептейді.

«Суды басқару бойынша біз соңғы орындамыз. Бізден кейін тайпалары бір бірімен соғысып жатқан Сомали тұр. Сонша білім, мұнай, жүйеміз бола тұра дұрыс мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыра алмадық. Суды басқару жөніндегі президенттік кеңес болуы керек. Үкімет деңгейінде түрлі министрліктердің лоббиі болмауы үшін ол мәселені бақылауда ұстап, нақты тапсырманы президент беруі керек. Жеке мемлекеттік орган мен мықты бассейндік басқару болуы қажет. Біздің суды басқару жүйеміз көптеген ведомстволарға бөлініп берілген. Ол тиімді басқаруға мүмкіндік бермейді. Мәселен, Балқаш бассейнін алайық, онда Қарағанды, Алматы және басқа да облыстар отыр. Сол өңірлердің біреуінде Балқашты сақтау жөнінде бағдарламасы бар ма? Жоқ, себебі олар тұтас жүйені көрмейді. Бөлшектеліп жатқан жүйеде біртұтас организмді көру мүмкін емес», - деді Болат Есекин.

Сондықтан ол су тапшылығының алдын алу үшін бүгінде бірнеше ведомствоға бөлінген басқару жүйесін түбегейлі реформалауды ұсынып отыр.

Айнұр Шошаева



Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар