Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Шын білім тәжірибеде ғана туады» - Ә.Бөкейхан «жаттанды білімнің» жарға жығатынын о баста білген

22:04, 11 сәуір 2024 407

Ертеден гірек елі «Білім анасы – жаттаған» деп келді. Бұл біреудің тапқанын жаттап, малдың қарнына тығып алған шөпті күйсеуіндей, жаттап оқығанды қолданған заманның шығарған жолы.

Шын білім тәжірибеде ғана туады. Білім жолының негізі - тәжірибия болады, жаттап алып білген білім кісіден сұрап киген тон сияқты. Тойда тонымды бер деп шешіп алғандай жаттап алып білген білім мектептің табалдырығын аттай бере естен шығады да ұмытылады.

Қандай жақсы кітап болса да, кітап кісінің сөзі, оны біреу тапқан. Анда жүріп кісі байлаған түлкі өзің қуып алған түлкіге жетпейді. Мұның не екенін құс салып ит жүгірткен аңшы жақсы біледі. Жерді, ауаны, суды, жанды, жансыз өзімізді қамап алған затты тану тәрбиемен ғана болады. Бұ туралы тәжірибә көзбен көрген, қолмен ұстағаннан басталады. Ақыл зерек тексеріп тергеп, терең бойлап тоқып, кестелеп көзбен көргеннен, қолмен ұстағаннан қорытынды шығарады. Бұ неше сыннан өтіп, таспадай сыдырылып, таяқтай жанылып білім негізі болып шығады.

Бұ жол жаттама жолы емес, тәжірибә жолы. Тәжірибә жолымен білімге шыныққан адам білгенін көріне ала кіреді. Тәжірибеден алған білім ұмытылмайды, төл ат болады.

Осы күні тәжірибасыз білімде негіз де жоқ, бет те жоқ. Білім анасы – тәжірибә.

Баланы баулыған оқытушы білім үйретпек болса, жаттаманы талақ қылады да, тәжірибе жолына түседі. Оқытушы ісіне шебер болса, өзі де, балалар да табиғатты әліп-бидей оқып, аты бәйгеден келіп, бүркіті түлкі алып, қызыққа батады да қуанады. Бала оқытуға, күйі түскен қаршығадай, тілеп ұшады.

Ауылдағы мектепте табиғат тану тәжірибесін мынадан бастайды:

Лұпа дейтін құлынның тұяғындай дөңгелек шыны болады. Лұпаны көздің алдына ұстап тұрып биттің сіркесіне қараса, тарыдай болып үлкейеді. Лұпа қалада сатылады. Бағасы 30-50 тыйын болады. Лұпамен саймандану мектепке қиын емес. Майда оқытушы мектептегі балаларды ертіп далаға шығады. Келе жатса: алдындағы шидің не тобылғының сабағына жабысқан ақтаған тарыдай түймешек доптар көрінеді.

Оқытушы: Бұ не? – десе, балалар астауға жабырлаған қойдай, жабырлап біріне-бірі соқтығып:

– Бұл жыланның сілекейі, осыны білмейсіңдер ме? – десіп шулайды. Оқытушы лұпаны балаларға беріп, лұпамен қаратады. Қараса, тарыдай түймешектер қозының құмалағындай не бұршақтай, сырты жылтыр жарғақ, тәп жұмыртқаның қабығындай.

Уыздай сарғылттығы болмаса, түсі ақ болса, жұмыртқаның ақ қабығы болар еді. Доптар біріне-бірі шидің сабағына бал тәрізді желіммен желімделіп жабысып тұр: шиді сілкісе де түспейді.

Балалар мұны көріп болған соң, оқытушы: Бұл жыланның сілекейі емес. Көбелектің жұмыртқасы. Жан иесі заттың бәрі де жұмыртқадан өсіп өнеді. Өзгелер туралы әңгіме орнында болар. Енді осы шиді белгілелік те, күнде сабақ тоқталғанда келіп бақылалық, – дейді.

Үйге қайтады. Күнде келеді, лұпамен қарап тұрады. Жұмыртқалар ісіп үлкейеді. Бір күні қараса, меруерттей мөлтілдеп қабығы шыныдай, тұнық судай болып қалыпты, әр жұмыртқаның ішінде бір тинемдей, қаламның сызығындай, қыл шылбырдың жібінен қадала шыққан қылындай жанды зат қыбырлайды. Ертең келсе, құжалақ-құжалақ, сіңбірікпен былғап қатырғандай болып, сорайып шидің сабағы тұр. Жылан сілекейі жоғалыпты.

Оқытушы:  – Шырақтарым, ақырын: аяқтарыңды байқап басыңдар, көбелектің баласын басып кете көрмеңдер. Қарайықшы, ұзаған жоқ шығар, – дейді.

Балалар жабыла жерге қарайды. Бір бала тұрып: – Ой-бай! Мынаны қара! – деп айқай салады.

Көрші шидің түбінде бір топ жусанды быжынап қаптаған қылшық жүн басқан тинемдей собалақ құрттар.

Оқытушы: – Жыланның сілекейінен біздің неше күн баққан жұмыртқамыздан шыққан жұлдыз құрт осы. Мұның келген соқпағы өрмекшінің торындай тор болады, торды жұлдыз құрт тәнінен шығарады. Біздің кесте тігетін, бешімет, шапан қылып киетін жібекті де жұлдыз құрт тәнінен шығарады. Жібек жұлдыз құрты ағаштың жапырағын жейді. Бұл ағаш біздің Түркістанда, со секілді жылы жерде шығады. Бұ туралы әңгіме де өз орнында болады. Енді өзіміздің құртқа қайтайық. Өрмегі күнге шағылысып көрініп тұрады, бұрынғы орнын – шиді күн жаққа тастап еңкейіп қараңдаршы, – дейді.

Бір бала тұрып:

– Ойбай! Өрмегі міне бұрынғы шидан, керуеннің жолындай қасқиып, міне өздері қоныс қылған жусанға келді, – дейді.

– Енді мектепке қайтайық та, ертең тағыда келіп байқалық, – деп оқытушы балаларды ертіп қайтады.

Ертеңіне балалар келсе, қоралы жұлдыз құрт көшіп кетіпті. Қан сонарда жылқы алған олақ ұрының жолындай, құрттың көшіп кеткен жолы жатыр. Лезде балалар қоралы жұлдыз құртты тағы да бір топ жусаннан тауып алды. Бұрынғы жусанның бүргесін тұяқ кесті қылып, қайшымен алған шаштай селдіретіп жеп кетіпті. Жаңа қонғаны үлтілдеп бөрткен жақсы жусан: көш басшысы қоныс қарағыш көрінеді.

Біздің Қазақстанды, әсіресе Сарыарқаның белінде майдың ішінде де суық түндер болады: су мұз болып қатады.

Бір түн артық суық болды. Балалар байлаулы бұзауы қоралы жұлдыз құртына келіп еді: тең жартысынан артығы өліп жұртта қапты. Қалғаны көшкен екен, бірақ о да – арбасы сынып, өгізі бұраңдаған, өздері де бұраң-бұраң етіп екі жусан арасында жүр екен.

Жұмыртқаны санаймыз. Жылан сілекейін жасаған жұмыртқа жүзден артық еді. Бір түндегі суықта жұтап 30-40-ақ жұлдыз құрт қалыпты. Бір күні балалар тағы не келіп баққан қоралы жұлдыз құртын қараса, қоралы жұлдыз құрт жайлаған жусанды ат басып кетіп, күлін шашып, күлдіреуішін ортасына түсіріп, 6-8-ақ құрт қапты. Бір күні балалар құртына келсе, орнында түк те жоқ. Іздесе, із де жоқ. Балаларда үн жоқ. Бәрі жабыла оқытушының бетіне қарайды. Сөзсіз-ақ сұрайды.

Сонда оқытушы: – Құрттар ер жетті де бөлек-бөлек кетті. Жалғыз кеткен құрттың ізі дым нашар, көзге білінбейді. Әуелі көбелек жұмыртқа салды, шидің сабағына жұмыртқаларын желімдеп жыланның сілекейін жасады. Онан өзіміз неше күн баққан қоралы жұлдыз құрт құбылып шықты. Бұлар енді құбылып өзгеріп, өзінен шыққан мақта қабыққа оранып бірнеше күн жатып қалады. Жұлдыз құртымыздың үлкендігіне қарағанда мақтаға оранған түрі асықтай болар. Қаны, аяқтарыңды мысықша басып осы тұрған аймақты қарап тінтіп жіберіңдерші! – дейді.

Бір бала тұрып:

– Міне, көгіннің бұршағының түймесі жатыр, – дейді.

Оқытушы қолына алып қарап.

– Міне, осы бұршақтың түймесі жұлдыз құрттың үшінші құбылыс – бұл сонан болған бұршақ, – деді де балалардың бәріне көрсетті. - Осы бұршақ күйінде күн жатады да, көбелек болып, мына жүнді-мақтаны тесіп ұшып шығады, – деп оқытушы балаларға сабағын айтады да, – Енді мұны мектепке апарып бір жаудан қауіпсіз жерге сақталық, көбелекті қолдан туғызып, кіндік кесіп, кәдесін алайық, – деп бұршақты алып мектепке қайтысты. Әлгі бұршақтан бірнеше күнде жусандай көкшіл қанат, гүлдей мамық денесін басқан, жусанға қонса, жусан болып ұрлана қоятын үлкендігі шүкейдей, күнде қаптап ұшып жүретін көп көбелектің бірі, көкшіл көбелек шықты.

Оқытушы: – Шырақтарым, біз әуелі шиде жыланның сілекейін көрдік, ол тексеріп келе жұмыртқа болып шықты, жұмыртқа толғанып бірнеше күнде жұлдыз құрт болып шықты, жұлдыз құрт өсіп бұршақ болып жатып қалып, бұршақтан көбелек шықты. Көбелектің бәрі де осы біз тәжірибәлаған жолмен өсіп өнеді. Бұ жолмен өнетін жалғыз көбелек емес: шыбын, қоңыз, құмырсқа, тағы да біздің қысқартып құрт-құмырсқа деп айтатын құрт, құрттан бұршақ, бұршақтан шыбын, қоңыз, құмырсқа, ара, көбелек болып өседі де өнеді, – дейді.

– Кейде жұмыртқа іште құртқа айналады де кей шыбын құрт тастайды. Біздің көзге тышар осындай шыбын: көзден алған құртты шыныға салып, шынының тығынын ауа кіріп тұратын қылып, тамағына ет беріп сақтаса, 14 күнде көзге тышар, құрттан бұршақ болып жатып алып, бұршақтан шығады.

Қойдың к…, жауыр аттың арқасын, түйенің мұрнын құрттатқан шыбынның құрты, мұны да анадай қылып асыраса, қай шыбынның құрты екені анықталады. Мұны да мектепке тәжірибемен балаларға көрсетсе, жақсы сабақ болады. Балалар «әбжәт әуез» жаттамадан құтылады да шын білімге шынығады.

Жылқының жалындағы, мойнындағы, сирағындағы сірке-бүгелектің жұмыртқасы. Бүгелек құрт мүшелін жылқының таз қартында өткізеді. Жылқы қасынысқанда сіркені сілекейіне жұқтырып алып жұтып салады. Сірке таз қарын барғанда, қоныс жаңа келісті ғой деп құбылып құрт болады. Құрт жасы толғанда тезекпен араласа жерге түсіп, желіннің басында бұршақ мүшелін өткізіп, бүгелек болып шыға келеді. Жазды күнгі ескі жұрт бүгелек болып кететіні осыдан.

Бүгелектің бұршақ түрін де желі басынан тауып алып, мектепке апарып сақтаса, біраз күнде бұршақтан түгелек шығады. Міне тағы бір тәжірибә.

Төрт аяқтының жүйрігі, түрі жүні қызғылт сары ешкідей, киік деген аң бар. Жайы ыстықта болады, жылдың көбін біздің Түркістан мен Қытай Түркістанында өткізеді, жазды күні біздің Сарыарқаның күнгейіндегі шөлге келеді. Бұ сол: Адай, Темір, Жем, Мұғалжар тауы, Ырғыз, Торғай, Ұлы тау, Қорғалжың көлі, Құлан өтпес, Қара-қойлы қырқасы, Ата-су, Манақа, Тоқырауын, Құшақ, Дағандел, Бақанас, Аякөз, Ай, Күн, Тарбағатай тауының күнгейінде болады. Киік бестеп, ондап қоралы болып жүреді. Киікті атып алудың әдісін білетін шөлдегі елдің мергені жаздай сабылып, қостап жүріп аңдып киіктің текесін атып алады. Құнан текесінің екі мүйізі бір қадақ тартса, өзі шыныдай мөлдіреп тұрса, базарда бағалы болады. 1920-1923-інші жылдарда Құлжаға (Тарбағатай тауының күнгейіндегі қаласы) апарып сатқанда бір текенің мүйізі 10 түйеге айырбасталды. Текені атқан, қызмет қылған кедей мергендер шелек жалап қалып, сұғанақ саудагерлер қатық ішіп қарқ болды.

Осы киіктің сойып терісін қарасақ, терісі ылашық үйдің тесігіндей шып-шыбар тесік-тесік. Осы тесіктің бәрі киікте бийтше жүріп жеп, қанын ішіп өсетін, өнетін жылқының бүгелегінің құрты сықылды, киік бүгелегінің құрты. Шөлдің құмға көмсе жұмыртқа пісетін ыстығында құрт киіктің арқасын жеп, қышытып жанын аузына келтіреді. Киік, сейгел қуған сиырдай, шауып-шауып алып, татарауын борпылдақ жерді жер ошақтай қылып қазып алып, сонда дөңбекшіп аунап, талып жатады. Сонда бұғып келіп мерген киікті шошытып тұрғызып жіберіп өкпеден атады да жығады.

Киіктің жауы құрт мергеннің қолқабысы, қанаты болып шығады.

Осы киіктің бүгелегіндей сиырды құрты жайлайтын бүгелек бар. Қарап тұрып сиыр атып ұрып тұра жөнелгенде арқасын құрт жеп қышытып жібергені болады.

Киік те, сиыр да арқасын шаққан құрттан оқыралайды. Сиырдағы құрт жарадағы, жауырдағы шыбынның құртындай жалаңаш болады. Ұясы көлеңкедегі құрттың бәрі де жалаңаш. Күтінің көзінде күнелткен көбелек құрты қылшық басқан собалақ болады. Оны біздің қазақ жұлдыз құрт дейді. Жұлдыз құрттың қылшық жүні жүрген жері, жеген шөбімен түстес болады: шалғын жайлаған құрт жасыл, жусан жайлаған құрт көкшіл,  ала шөпті жайлап, әр түсті шөпті жейтін құрт ала болады. Жұлдыз құрттың кейбіреулерінің қылшығы улы болады. Мұны қылмаса, көзге қатер болады. Күзге таман жусан басын ақ мақта түйме басады. Итмұрынның жапырағын, сабағын, бұтағын сүйел қаптайды. Талдың басы шоқ-шоқ шоқпар болады. Осыларды алып ортасынан кездікпен қақ бөлсе, ішінен не жалаңаш құршық, не мақтаға оралған бұршақ мүшеліндегі құрт шығады. Бұлар табылмаса, түйенің бір жері тесік болады, осы тесіктен құрт не шыбын, не өрмекші болып ер жетіп шығып кеткені болады. Түймені жарғанда ортасы ел көшкен ескі күң екені құрттың тастап кеткен кір-кір қиынан көрініп тұрады.

Осы жазған жұмыртқа, құрт, бұршақ мүшеліндегі көбелек, шыбын, ара, бүгелек – бәрі де лұпамен қарастыруға оңай. Оқытушы мектепте осыларды тәжірибә жолына шығарып балаларды баулыса, табиғат танудың бетіне жол тартқан болады.

Табиғаттану жалғыз шыбын, көбелек, бүгелекпен бітпейді. Бұ хатты оңайдан басталық деп көбелек құртынан бастадық.

Қыр баласы. 

«Жаңа мектеп» журналы, № 9-10, 1926 жыл

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. XIV том.-Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар

Сирия үшін дау

20:41, 07 желтоқсан 2024 315