Ресей ауыр атлетика федерациясы даңқты спортшы Андрей Чемеркиннің 53 жасында дүниеден өткенін хабарлады, деп жазады Alash.kz.
"Бұл – ауыр атлетика әлемі үшін орны толмас қаза. Бүгін Андрей Иванович Чемеркин өмірден озды. Ол – тұтас бір дәуірдің символына айналған аңыз тұлға", – делінген федерацияның ресми мәлімдемесінде.
Ставрополь өлкесінде дүниеге келген Андрей Чемеркин Ресей тарихындағы ең әйгілі ауыр атлеттердің бірі саналады. Ол 1996 жылы Атланта Олимпиадасында аса ауыр салмақта алтын медаль жеңіп, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Бұдан бөлек, төрт мәрте әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы атанып, алты әлемдік рекорд орнатқан.
Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін ол бапкерлікке бет бұрып, жастарға салауатты өмір салтын дәріптеуге және ауыр атлетиканы дамытуға үлкен үлес қосты.