Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мәжіліс депутаты мектептерде телефонға жаппай шектеу енгізу керегін айтты (ВИДЕО)

20:00, 17 қыркүйек 2025 1008

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп Alash.kz ұлттық порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан соңғы жылдары балалардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін арттыру бағытында көптеген шаралар қабылданғанымен, жасөспірімдер арасындағы қылмыс әлі де тоқтар емес.

"Бала – біздің болашағымыз. Олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына жағдай жасау – ортақ міндетіміз. Осы бағытта мемлекетіміз тарапынан атқарылып жатқан істер аз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен соңғы екі жылдың өзінде балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға бағытталған кешенді шаралар қолға алынды. Заңдар қабылданды, бағдарламалар әзірленді. Алайда, соған қарамастан балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар мен ауыр қылмыстар толастамай отыр", – дейді ол.

Депутат мысал ретінде Жамбыл облысында оқу жылы басталғалы үш қайғылы оқиға тіркелгенін атап өтті. 

"БАҚ деректеріне қарағанда, Тараз қаласындағы мектептің бірінде 9 сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, дәретханада көз жұмған. Көп ұзамай Жамбыл облысының Шу ауданында да қарапайым футбол ойыны кезінде туған жанжал салдарынан 10-сынып оқушысы қатарласы тарапынан соққыға жығылып, қаза тапты. 1 қыркүйекте колледжге енді түскен оқушы өз қатарласын пышақтап өлтірген. Бас-аяғы 15 күннің ішінде бір ғана өңірде 3 бірдей оқушының кісі қолынан ажал құшуы – дабыл қағарлық жағдай", – дейді ол.

Сонымен бірге ресми мәліметтер де алаңдатарлық. 2024 жылы жасөспірімдердің қатысуымен екі мыңға жуық қылмыс тіркелсе, оның 130-ы аса ауыр қылмысқа жатады. 

"Мәселен, 2024 жылы жасөспірімдердің қатысуымен орын алған 1 973 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 130-ы аса ауыр қылмыс. Ал биыл сегіз айда 938 қылмыс тіркелген. Жасөсіпірімдер арасындағы қылмыстар бойынша жылдық көрсеткіш өткен жылдан да асып кетуі мүмкін. Әсіресе, бұл Шымкент (131), Алматы (115) және Астана (92) қалаларында өршіп отыр. Аталған оқиғалар – жеке бір мектептің немесе бір өңірдің ғана емес, қоғамымыздағы тәрбие ісіндегі олқылықтардың көрінісі. Мектептерде білім сапасына басымдық берілгенімен, тәрбие жұмысы көбіне қағаз жүзінде қалып отыр. Соның салдарынан оқушылар арасында өзара сыйластық, жанжалды бейбіт жолмен шешу дағдысы жеткілікті деңгейде қалыптаспай келеді", – дейді депутат.

Осыған байланысты ол бірқатар ұсыныс жасады:

  • мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін антибуллингтік бағдарламаларды енгізу;
  • әр мектепте психологиялық көмек қызметін күшейту, балаларға эмоцияны басқару мен жанжалдан шығу жолдарын үйрету;
  • спорттық және мәдени іс-шараларды жиі өткізіп, командалық рух пен өзара сыйластықты арттыру;
  • мектептерде смартфон пайдалануға шектеу қою.

Оның айтуынша, мұндай бастаманы қазірдің өзінде Түркістан қаласы мен арнайы зияткерлік мектептер іске асыра бастаған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар