Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева бес айдан бері президент іс басқармасы медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдап жатыр, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
BES.media сайтының Сара Назарбаева туралы сауалына жауап берген аурухана өкілдері науқастың ауруханада жатқанын растап, жағдайы туралы ақпараттың дәрігерлік құпия екенін айтқан.
“Науқас Ұлттық госпитальде белгіленген медициналық стандарттарға сәйкес тәжірибелі мамандардың бақылауымен ем қабылдап жатыр”, – делінген аурухана директоры Асхат Браловтың қолы қойылған жауапта.
Жауапта «халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 273-бабына сәйкес, науқастың диагнозы, денсаулық жағдайы, емдеу әдістері мен нәтижелері туралы ақпарат дәрігерлік құпияға жататыны айтылған. Оларды жариялау тек науқастың өз келісімімен немесе заңда нақты көрсетілген жағдайларда ғана мүмкін.