Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қапез Байғабылұлы: Алпыс үйге пана болған ағартушы

10:49, 11 ақпан 2025 189

Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихи кезеңінде ағартушылық қызметімен, ақындық және музыкалық шығармашылығымен танылған тұлғалардың бірі – Қапез Байғабылұлы. Ол тек білім беру ісімен шектелмей, ұлттық мәдениеттің дамуына да елеулі үлес қосқан. Кеңес үкіметі тұсында орын алған саяси қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккен азаматтың есімі тәуелсіздік жылдары қайта жаңғырып, ғылыми және қоғамдық деңгейде бағалана бастады. Бұл мақалада Қапез Байғабылұлының өмір жолы, ағартушылық қызметі және оның кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы жан-жақты талданады.

Өмірбаяны және ағартушылық қызметі

Қапез Байғабылұлы 1896 жылы қазіргі Алматы облысы, Кеген өңірінің Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағы қазақтың кең даласында, ұлттық дәстүр мен мәдениеттің қайнаған ортасында өтті. Ол жастайынан ауыз әдебиетінің үлгілерін бойына сіңіріп, халық ертегілері мен қиссаларын жатқа айтып, ерекше зейінділігімен көзге түсті.

Алғашқы білімін ауыл молдасынан алып, кейін өз бетімен оқып, сауатын жетілдіреді. Ұмтылысы мен талпынысы оны Стамбұл қаласындағы діни мектепке дейін жетелеп, сонда алған білімі ағартушылық жолға түсуіне ықпал етеді. Қапез Байғабылұлы ауылдық жерде мұғалімдік қызмет атқарып, кедей-жалшы балаларына білім берумен айналысты. Ол тек оқытушы ғана емес, ұлттық тәрбиені дәріптеуші, ел болашағына алаңдаған тұлға болды.

1932-1933 жылдардағы аштық кезінде оның жанкешті қайраткерлігі ерекше байқалды. Қазақстанның солтүстігі мен орталығынан шашырай қаңғып кеткен аш-жалаңаш босқындарды іздеп тауып, оларды бір орынға жинап, барымен қамтамасыз етті. Ол ауылды «Облатком» деп атап, осы қауымдастыққа өз басшылығын жүргізді. Осындай еңбегі үшін Өкіметтің Құрмет грамотасында иеленген-ді.

Отбасы және өмірінің соңғы кезеңі

Қапез Байғабылұлының өмірінде оның жары Жібек анамыздың орны ерекше. Есімімен де, мінезімен де ұлт аналарына тән бекзаттықтың үлгісі болған Жібек Сәтайқызы  – адал жар, парасатты ана ретінде отбасын тағдырдың ауыр сынағынан аман алып қалуға тырысты. Ол сабырлы, байсалды мінезімен танылған, отбасы берекесін бірінші орынға қойған жан еді. Анаңыз Жібек апамыз қандай адам еді деген сұрағына, қызы Шөке тек жылы лебізбен анасын еске алатын.

 - Ол кісі де керемет жан болатын. Атына заты сай – Жібек мінезді еді. Өзі кішкентай ғана, ақсары әйел-тін. Мінезі өте тамаша. Шешем: «Әй, әдірәм қалғырлар-ай, дастарқан басында дауыс көтермеңдер, берекені алмаңдар» – деп, үстелді жай ғана алақанымен ұрып: «Тыныш отырыңдар!» – дейтін.

1937 жылдың қаһарлы қаңтарында Қапез Байғабылұлын «халық жауы» деп тұтқындап әкеткенде, Жібек ана төрт баламен жалғыз қалады. Үкімет берген үйден шығарылғанда, жарының туған інісі Әбіш Байғабылұлы оны балаларымен бірге Кегенге көшіріп әкетеді. Дегенмен Жібек ананың тағдыры қиын болды. Күйеуінің «халық жауы» атануы тек оны ғана емес, бала-шағасын да қудалауға алып келді. Бірақ ол қайсарлығымен, сабырлығымен, ана ретінде мейірімімен балаларына рух беріп, олардың қиындықтарға мойымауына күш салды. Жібек ана 93 жасқа келіп дүниеден озды.

Ұлы Нұржігіт Байғабылов қоғамда әділетсіздікке тап болды. Кеңестік идеологияның ықпалымен «халық жауының» ұрпағы ретінде Нұржігіт Байғабыловқа да еңбек етуге шектеу қойылды.

 «Сен “халық жауының” баласысың», - деп қолындағы айырын тартып алып: «Елмен бірге еңбек етуге хақын жоқ», - деп жұмыс істетпей қойған кездер болған екен.

Алайда әділдікті ту еткен ауыл азаматтары, оның ішінде ауылдық кеңес төрағасы болған тұлғалар, Нұржігіттің жұмысқа орналасуына көмектесті. Бұл оқиғалар сол кезеңдегі қоғамдық қатынастар мен саяси жүйенің әділетсіздігін айқын көрсетеді.

Есімін жаңғырту және мұрасының танылуы

 Қапез Байғабылұлының есімі араға ондаған жылдар салып, 1958 жылы ресми түрде ақталды. Оның шығармашылығы мен ағартушылық еңбектері халық жадында сақталып, тәуелсіздік жылдары қайта жаңғыра бастады. 1997 жылы Тоғызбұлақ ауылындағы орта мектепке оның есімі берілді. Бұл – халықтың өз қайраткеріне деген құрметінің көрінісі еді.

Жалпы білім ордасында «Социалистік Қазақстан» колхозынан – 17, «Жаңа бағыт» колхозынан – 11, «Сталин» колхозынан – 69 адам оқып, 108 адамның сауатын ашты.

Алғашқы шәкірттерінің есімінің қатары толып келе жатыр. Олардың арасында Мәсімхан Үмбетұлы, Сәдірмек Исаев, Күнгейбай Баянбаев, Ақай Нүсіпбеков, Рахым Сұлтанқұлов, Жүзбай Маңғытаев, Жамал Маңғытаева, Жарқынбек Сағынбеков, Нұрақын Қасымбеков, Күрішбек Көжекбаев және Әбдірахман Үшкемпіров сынды азаматтар болды.

Қапез Байғабылұлы – тек ағартушы ғана емес, сонымен бірге ұлттық мәдениеттің жанашыры, өз халқының болашағы үшін күрескен қайраткер. Оның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы – қазақ зиялыларының кеңестік қуғын-сүргінге қарамастан, өз ұстанымдары мен идеяларына адалдығының дәлелі. Бүгінде оның еңбектері мен ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып, тарихи әділдіктің қалпына келуінің бір көрінісіне айналды.

Автор: Кенжебаева Аружан
Дереккөздер: Алаш қонған ақбоз үй, “Qyr balasy” қоғамдық қоры,

Менликулова А. Б. Қапез Байғабылұлының “Тілші” газетіндегі тілшілік мұрасы,
Байбол Ә. Қапезден қалған сөз...

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар