Сондай балаларға адал қаламгердің бірі Мағаз Ретбек. 1989 жылы ҚХР Алтай өңірінде туған. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі. «Ғайыптан тамған тамшы», («Үшқиян» баспасы, Алматы қаласы, 2013 жыл) «Шексіздік үні» («Абай» баспасы, Алматы қаласы, 2021 жыл) поэзиялық жинақтарының авторы. «Мазар», «Көрші», «Көк етік киген әйел», «Потриот» тағы басқа әңгімелері оқырмандар тарапынан үлкен бағаға ие болған. 2013 жылы республикалық «Тәуелсіздікті танытқан таланттар» байқауының «Ғайыптан тамған тамшы» жыр жинағы үшін «Поэзия» номинациясының бас жүлдегері атанған.
Дәл қазір барлық мектептер мен балабақшаларда «Алтын күз» кештері өтіп жатқандықтан күз бен жеміс жидектер туралы тақпақтарын арнайы таңдап алдық. Бәлкім балаларымыздың кәдесіне жарап қалар. Сондай-ақ балалардың қиялына қанат бітірер «Бақыт кітабы» заманауи ертегісі де ерекшелігімен тамсандырды.
Бақыт кітабы (Әңгіме)
Желтоқсан дейтін қалада бір ауқатты отбасының Аяла есімді жалғыз қызы бар тұғын. Ол әлі бастауыш сыныпта оқитын, десе де өзінің қатарластарынан гөрі ақылды да зерік, сүйкімді қыз еді. Ал, үйлері болса сырты биік дуалмен қоршалған үш қабатты алып котедж, жеке бұлар ғана емес жолдың Аялалар орналасқан жағалауының бәрі бірінен – бірі өтетін зәулім сарайлар болатын. Аяла үшін үйде ойнауға не керектің бәрі бар болса да ол көбіне үшінші қабаттағы балконға шығып, алысқа көз тастауды ұнататын. Әр жолы қараған сайын оның көзі алдымен жолдың арғы жағындағы ойлауыт жерге орналасқан жатаған үйлерге түсетін. Сол біріне – бірі мінгесе бейберекет орналасқан үйлердің арасындағы адамдарға қарап таң – тамаша болатын. Әр үйдің ауласында топырлап ойнап жүрген топ-топ бейтаныс балаларды көріп оларға қызыға зер сап қарайтын. Қыңыр - қисық көшелерінде әлде бір қарбаластық пен қайшыласқан ер-әйелдерді көріп, олардың не істеп жүргендеріне көзі жетпей, алыстан таң – тамаша болатын. Сөйтіп әр күні анасына сол жаққа барғысы келетінін айтатын. Бірақ анасы оны жібермейтін...
Бүгін де таңғы шәй үстінде шешесіне арғы жақтағы жатаған үйлер жаққа барып, ойнағысы келетінін айтып еді, шешесі қабағын шытып:
- Саған неше рет айтам?! Онда баруға мүлде болмайды,-деп тағы да тиып тастады.
- Неге?-деп таңырқай қараған оған:
- Ондағы адамдар құдайдың қарғысына қалғандар, бармақ түгілі маңына да жолаушы болма,-деп келте қайырды. Аяла лезде көңіл – күйі өзгере қалған шешесінен одан ары тереңдеп ештеңе сұрамады.
Дегенмен шешесінің бұл жауабы Аяланың назарын тіптен сол жаққа аудара түсті. Түстен кейін тағы да балконға шығып бажайлап қарап отырды. Жатаған үйлер жақтағы тіршілік бәз – баяғысындай екен. Кешегі шеше сөзі есіне түсіп түрлі ойдың жетегінде отырған ол, қиял тереңіне шым батып қалай ұйықтап кеткенін де аңғармай қалды. Ұйықтып жатып түс көрді. Түсінде: Сол шешесі баруға тиым салған жатаған үйлердің арасында жүріпті. Күн батып бара жатқан шақ екен. Кешкі күн сәулесі төңіректі қып - қызыл өрттің жалынындай қою сағымына орап алыпты. Өзі күнде алыстан таңырқай қарайтын жатаған үйлер мен кәдімгі тұрғындары сол жалынның арасында жүр екен дейді. Өз көзіне өзі сенбей қайран қалды. Жалын ішіндегі қалың нөпірдің барлығының белдіріне бір-бір тас байланып қалыпты. Барлығы соны сүйреп жүр кен. Әрең қозғалады. Анықтап қарап еді жүздері де жабырқаңқы көрінді. Тіпті аулада ойнап жүрген балалардың да белдерінде бір-бір кішкентай тас бар екен. Асыр сап күлмейді. Қатты жүгірмейді. Бәрі жалаң аяқ, кір - қожалақ, аш, арық болып көрінді. «Шешемнің айтқан сөзі рас екен» деп ойлады іштей. «Бұлар шынымен де, қарғысқа ұшыраған жандар екен» деп түйді.
Кенет топ балалардың арасынан әлдебір жүзі жылы бала өзіне жымия қарап тұрды да, жақындап келе жатты. Тіл қатпақ бола бергені сол еді әлдене «тарс» еткендей оқыс дыбыстан оянып кетті. Оянса әлдеқашан кеш кіріп қалған екен. Қолына ұстап отырған қол телефоны еденге түсіп кетіпті. Әкесі машинаман аулаға кіріп келе жатыр екен. Аяла көзін уқалап арғы беттегі жатаған үйлер жаққа көз салды. Бірақ бұл жолы ол жақ шынымен де бір тылсым күштің құрсауында жатқан сияқты сезілді.
Содан бастап Аяланың ойнауға тіптен зауқы соқпайтын болып кетті. Жатаған үйлер жаққа зер сап қайта – қайта қарайтынды шығарды. Тезірек бойжетіп үлкендерше өмір сүруді армандады. Қалайда жатаған үйлер жаққа барып ондағы адамдармен сөйлесіп көрсем, шеше сөзінің сырын ашсам деген қиял оның санасында күн сайын жетіле берді.
Бір күні таңертең шешесі: «кешке дейін балконда отырмай, бір уақыт көрші балаларман ойнасаңшы»,-деген соң киініп сыртқа шыққан. Шыққаны сол оның санасын тағы да сонадайдан қарауытқан жатаған үйлер баурай берді. Сөйтіп неде болса сол жақты бір көру бекіміне келіп, кілт бұрылды да жолдың жаяулар өтетін тұсына келді. Жол шетінде бірнеше адам жасыл шырақтың жанғанын күтіп тұр екен. Солармен бірге жолдың арғы бетіне өткен ол жатаған үйлер жаққа қарай жүгіре жөнелді.
Жүгіріп келеді, жолдың асфальт төселген тратуары таусылып, бұрқылдақ қара топырақ сүрлеу басталды. Енді жүрісін тежеп аяңға басты. Үйден қарағанда жақын болып көрінетін жатаған үйлер қарауытып әлі тұр. Жап жаңа аяқ киімі мен шұлығы аппақ шаңға көмілген. Бірақ ол алған бетінен қайтар емес. Бір кезде үйлердің шетіне де ілінді әйтеуір. Іліне сала шеткі үйдің қисайған қаңылтыр қоршауын айналғаны сол еді, үстіне фляг артқан қол арба сүйреткен бір атаға жолықты. Түрі сұсты екен. Басында селт ете түскенімен есін тез жиып ала қойды. «Сәлеметсіз бе»,-деді сасқалақтап қалған ол қасынан өтіп бара жатып. «Рахмет айналайын»,-деп басын изеген әлгі сұсты адам доңғалағы шиқылдаған ескі арбасын сүйреп ұзай берді. Жатаған үйлер бір – біріне мінгесе жиі орналасыпты. Көшелері де тым тар, жолдары қырық шоқпыт екен. Биікте тұрып қарағанында көретін көп адамдарды қашан көрем деп келе жатқанда тасыр – тұсыр болды да, алдыңғы жақтағы тар көшенің бірінен жүгірген бір топ бала шыға келді. Ұл-қызы аралас өңшең қара сирақ.
Олар Аяланы көрді де үйіріліп тоқтай қалды. Аяла анық көрді. Олардың арасында әлгі түсінде көрген жүзі таныс бала да бар екен. Бәрі аяқтарын жасқана басып Аялағаға қарай жақындап келеді. Аузы аңқиып тұрып қалған Аяланың есін әлгі жүзі таныс баланың сұрағы жидырды.
- Сенің атың кім? Қайдан келдің? – деді жайбарақат.
- Мен анау жақтан келдім. Атым Аяла,- деп өзі келген жақты сұқ саусағымен нұсқады ол.
- Қызық екен. Ана биік үйлерден бе?
- Иә.
- Ол жақтың балалары бізбен ойнауға келіп көрмеген. Менің атым Азамат. Өзің бір сүйкімді екенсің. Кел бізбен бірге асық ойна,-деді әлгі бала.
Аяла еріксіз оларға еріп бір үйдің дарбазасынан кірді. Ені тар ауланың іші ұзынан – ұзақ етіп салынған аласа үй екен. Қатар – қатар есіктерінің бірі ашық, бірі жабық тұр. Сол жақтағы қалтқы астында онсыз да тар ауланы тарылтып бірнеше ескі көлік тұр. Көлік астынан бір адамның аяғы шығып жатыр. Шалбары май – май жалаң аяқ. Қалтқының шетін ала жүздерін әжім торлаған бірнеше әже отыр. Әлсін – әлсін бастарын шұлғысып, еріндері салпылдап бірдеңелерді айтысады. Есік алдында бала емізген, кір жуған әйелдердің бірнешеуі отыр.
Аяла басында осылардың бәріне қарап аздап жатырқағанымен бойы тез үйреніп ойынның қызығына кіріп кетті. Әсіресе Азаматтың асықты шиырып лақтырғаны ерекше екен. Бұрын асық ойнап көрмеген бұған тым қызық көрінді. Балалардың бәрімен танысып шықты. Олар асық ату өнерлерін Аялаға да үйрете бастады. Ойынның сондай қызып жатқан шағының бірінде:
- Әй, мынау бөтен бала қайдан келген? Кімнің қызы бұл,- деді отырған әжімді әжелердің бірі Аяланы таяғымен нұсқап. Көзі жәудіреп не дерін білмей қалған Аяладан бұрын Азамат жауап берді:
- Ол біздің жаңа досымыз. Бүгін таныстық. Бізбен ойнағалы келіпті. Анау биік үйлерде тұрады екен апа.
- Биік үйлерде! Құдай ау не дейді,-деп шуылдасты әжелер. Аула ішіндегі адамдардың бәрі таң тамаша болып, істеп жатқан жұмыстарын тоқтатып аңтарыла бері қарасып қалыпты.
- Қайт үйіңе балақай, сенің бұл балалармен ойнауыңа ата-анаң рұхсат етпейді ғой. Ертең білсе сені де, бізді де оңдырмайды, - деді әжелердің енді бірі.
Балалар бұл істің мәнісін түсінген жоқ. Алайда үлкендер солай дегесін Аяланы қимай – қимай шығарып салды. Аяла шаңдақ жолмен нәзік аяқтары бір – біріне тимей зәулім сарайлар жаққа қарай жүгіріп кетіп бара жатты. Кетіп бара жатып:
- Азамат, мен ертең тағы келем,- деді мойынын артына бұрып.
Айтқан уәдесінде тұрған Аяла ертеңінде тағы да ойнауға келді. Бұл жолы балалар үлкендердің көзінен таса жатаған үйлерден шеткері тұрған ескі бақтағы тоғай арасына барып ойнады. Жайлары жарасқан балалар осылайша қатарынан бірнеше күн ойнады. Бірақ Аяла ата – анасының сезіктеніп қалуынан алаңдап көп аяладдамай, үйіне уағында қайтып үлгеріп жүрді...
Жатаған үйлер жақта тұратын Нсібелі есімді бір әже бар еді. Ол кісіні бұл жақтың тұрғындары көргені мен түйгені мол қасиетті адам ретінде қатты құрметтейтін. Тоғайда ойнап жүрген балаларды бірнеше күн бойы сырттарынан көріп жүрген осы кісі, бір күні балаларды тоғай ішіндегі алаңқайға шақырып алды. Балалар Аяланы қуып жібермесе екен деп, қорқа – қорқа әжейге жақындады.
Жақындап келген балаларға әжей ұрысқан жоқ. Қайта, қалтасынан кәмпит алып шығып, бәріне бірден таратты. Кәмпит алу сәті өзіне келген кезде көзі жаутаңдап, қорқып кеткен Аяла:
- Әжей, мені қуаламаңызшы. Менің ойнағым келеді,-деді даусы дірілдеп. Әжей қолындағы кәмпитін оның нәзік саусақтарының арасына қысып, тамыры адырайған кәрі қолымен басынан сипап:
- Ойнай ғой, бірақ тым кеш қалма қызым, деді.
- Шешем сіздерді құдайдың қарғысына қалғандар деп мені мүлде бұл жаққа жібермейді. Не үшін олай айтады әже,-деді Аяла әжейден сәл де болса жылулық сезінген соң дауысы орынына келе сөйлеп. Аяланың бұл сөзін естіп ауыр күрсінген әжей таяғын таяна, ағаш түбіндегі ескі орындаққа келіп отырды да:
- Ол бір ұзақ әңгіме. Сендер бұғанасы қатпаған баласыңдар. Айтуға ауыр. Кезі келгенде айтармын,-деді.
- Айтыңызшы, айтыңызшы әже,-деп шуылдасқан балалар оны қоршай тұрып алды. Бұларға үнемі ертегі айтып беріп жүретін әжей көңілдерін қалдырғысы келмей:
- Олай болса, жағалай отыра қалыңдар деді де, сонау алыс көкжиекке көз сап аз-кем отырып, әңгімесін бастап кетті.
- Содан бері қанша уақыт өткенін кім білсін,-деген Несібелі әжей айнала отырған балаларды көзбен бір шолып өтті. - Мөлшермен бірнеше ғасыр бұрын, осы біздің Желтоқсан қаласы ғылым мен білімнің ордасына айналған ұлы даланың жаһұт шаһары екен. Сол кезде бұл қаланың халқы мол ғылымның кәусар бұлағынан бірдей сусындап, бақытты ғұмыр кешіпті. Қаланың ортасында үлкен кітапхана болыпты да, онда ата-бабаларымыз ғасырлар бойы жазып қалыптастырып кеткен бақытты қала тұрғындарына арналған, том – том кітап болыпты. Кейін қала билігіне қара энергиялы, жемқор билеуші келіпті де, телегей бақытты барлық халықтың игілігінен қызғанып, кітапхананы өз қарауына алыпты. Содан бастап, кітапханаға тек патша әулетінің адамдары ғана кіре алатын болған екен. Сөйтіп жылдар өткен сайын ғылым бұлағынан сусындай алмаған басқа халықтың хәлі әлсіреп, ғылым жоқ жерден байлық та бақыт та қашықтай беріпті. Кейін патша өлерінде кітапхананы күндердің күнінде басқа біреулердің пайдаланып кетуінен алаңдап, Алмалы сай шатқалының Шырғанақ тауындағы алып жартасты үңгірге апарып жасырыпты. Үңігір аузын сол тауда мекен ететін қар барысы рухының қорғауына тапсырған екен. Әліге шейін үңгірдің қос босағасынан барыс бейнесі айбар шегіп тұрады дейді білетіндер. Сол заманнан бастап патша әулетінен басқа жұрттың белдеріне ауыр тас байланып қалғандай еңселері көтерілмей келеді,- деп Несібелі әжей тағыда ауыр күрсініп сөзін аяқтады.
- Ол жер қай жақта? Неге барып кітапты алып келмейміз,-деді Азамат. Айнала отырған топ балалар да «неге» деп шуылдасып кетті. Әжей алысқа көз тастап сәл үнсіз отырды да:
- Ондағы барыс рухы тек патша әулетінің ұрпағы болсаң ғана кіргізеді. Әйтесе жазым қылады. Бұған дейін де талай адам барып көрген,-деді кәрі жанары жасаурап, қамығыңқы үнмен. Балалар ойға толы әже қабағына қарап үнсіз қалды. Осы кезде топ ішінен Аяла:
- Әже, мен бастап барсам болама,-деді дауысы оқыс шығып. Несібелі әже таяғына сүйеніп орынынан тұрып кеп:
- Ақылыңнан айналдым, сен әлі кішкентайсың қызым,-деп Аяланың маңдайынан сүйді.
Әже әңгімесінің әсерінен аңтарылған балалар, әлдеқашан жатаған үйлер жаққа қарай кетіп қалған әжейдің сыртынан бір сәт қарап тұрды да, қайтадан топтасып ойын қызығына кіріп кетті. Аяла мен Азаматтың ойынға көп зауқы соқпады. Оның үстіне Аяланың кетер уақыты да болып қалған тұғын. Екеуі балалардан бөлек отырып Алмалы тау шатқалы, ондағы кітапхана, барыс рухы жайында қиялдары шарықтай өз ойларын айтып, соңында бір амалын қарастырып сонда барамыз деп келісіп тарқасты.
Азамат бұл жоспарлары туралы жақсы көретін нағашы ағасы Жантасқа айтты. Өйткені, Жантастың ескі «маскебош» машнасы бар болатын. Басында бала сөзіне сенбей, түбегейлі қарсы болған Ол, биік үйлердегі адамдардың қаһарынан қаймықса да, қыр соңынан жалынып қалмай қойған жиенінің көңілін қимады. Ақыры ертесі кешке жолға шығатын болып шешті.
Аяла тағы ойнауға келгенде түс мезгілі болып қалған. Азамат болған жайды айтқан еді, көп ойланбай келісе кетті.
- Түнімен ата- анаң іздеп қалады ғой,-деген Азаматтың сөзіне:
- Егер біз кітаптарды сәтімен алып келе алатын болсақ болды. Қалғаны оңай,-деді жүзіне күлкі үйіріліп.
Кешкісін Жантас екі картон қорап дайындады да, ел көзіне түспеу үшін Азамат пен Аяланы сонда салып, төбесінен тыныс алар шағын тесік қалдырды. Жан – жағына қарап еді ешкім жоқ екен. Қораптарды кезегімен көтеріп «Маскепуштың» артқы орындығына әкеліп қойып, сырт киімін киіп шығуға үйге кіріп кеткен. Оны – мұны жұмыстармен сәл кешігіп сыртқа шықса машина жоқ. Жантас не істерін білмей аңтарылып тұрды да қалды.
Әсілінде Жантастың қораптарды машинаға басып жатқанын, жатаған үйлер маңында жүретін баукеспе ұрылардың бірі көріп қап, алыстан бақылап отырған болатын. Жантастың үйге кіріп кідірген шағында, баспалап келген ұры кілті дайын тұрған машинаны оталдырған да, айдай жөнелген...
Аз жүріп қала сыртындағы бір қараңғы қалтарысқа келіп тоқтаған ұры, қорапта не зат бар екенін көруге асықты. Көлік тоқтап, сәлден соң есік ашылып, өздері салынған қорапты біреу қозғай бастағанда Аяла мен Азамат межелі жерге неге тез жеттік деп іштей таңқалған. Ұры қораптарды жерге түсіріп, біріншісін ашып қалғанында ішінде кішкентай бала отырғанын көріп сасқалақтап қалды. Азамат болса қараңғыда қорап аузын ашқан адамның бөтен екенін аңғарған жоқ.
- Жантас аға, жеттік пе,- деді қинала дауыстап. Ұры үндеген жоқ, асығыс қимылдап екінші қораптың аузын аша бастады. Аяла түрі сұсты бөтен адам екенін жазбай аңғарды. Аңғарды да қорыққанынан шыңғыра айғайлап жіберді.
Ұры тіптен сасып не істерін білмей қалды да, есін тез жиып ала қойды.
- Балақайлар, қорықпаңдар,-деді дауысы гүрілдеп, сендер қорапта не істеп жатсыңдар? Бұл қалай болғаны?
- Сіііз, сіз, Жантас аға емессіз бе,-деп Азамат үзіп – үзіп сөйлей бастады. - Ол кісі қайда? Ол бізді Алмалы тау шатқалындағы үңгірге алып баратын болған.
- Үңгір! Қандай үңгір? Қорықпа, асықпай айтшы,- деп жақындаған ұры Азаматтың қасына жүрелей отыра кетті. Мен Жантас ағаңның досы болам.
- Біз барлық адамды бақытқа кенелтетін кітапты алуға бара жатырмыз,-деп сөз бастаған Аяла болған мән – жайды ұрыға жайып салды.
Бұл ұры негізінде өмір бойы көріп келе жатқан жоқшылық пен қиянаттың кесірінен осы жолға түскен, жатаған үй тұрғындарының бірі еді. Балалардың сөзіне таң - тамаша болған ол, аз кем ойға шомып тұрып қалды. – Балалар, менің де бұл іс турасында естуім бар, Алмалы тау шатқалын жақсы білем, сендерді мен бастап барайын,-деді. Ұрының даусы осы жолы Азаматтарға сенімді де, мейірімді естілді. Осылайша, бейтаныс адамға сенім артқан Азамат пен Аяла көлікке отырып, тауға қарай тарта жөнелді.
Бұлар Алмалы тау шатқалына жеткен кезде таң әлдеқашан ағарып атып кеткен болатын. Ұйықтап жатқан екі баланы ептеп оятқан ұры:
- Ендігі біздің міндет анау жартасқа жету,-деді Шырғанақ тауын нұсқап.
- Жүре алатын шығарсыңдар?
Балалар үнсіз бас шұлғыды. Машинадағы Жантас даярлап қойған екі үлкен қалтаны қолтығына қысып ұры жол бастады. Азамат пен Аяла адымы алыс одан қалып қалмас үшін, аяқтарын тез – тез басып ере жөнелді. Бұта бүргені аз өсетін Шырғанақ тауына шығу бұларға көп қиындық тудырған жоқ. Айналасы бір сағат көлемінде межелі жерге жақындап, үңгір орналасқан алып жартас анадайдан менмұндалады.
– Үңгірдің аузы жартастың арғы бетінде сияқты. Ол жерге қазір-ақ жетеміз. Жеткесін Азамат екеуміз жасырынып тұрамыз. Аяла сен алдымен кіруің керек. Қорықпайтын шығарсың,-деді ұры Аялаға бұралып. Шаршағаны жүзінен көрініп тұрса да, көзі әлі күлімдеп тұрған Аяла, - Қорықпаймын,-деді еш кідірмей.
Бір кезде үңгір аузы да көрінді. Бірақ әжей айтқан қос барысты үшеуі де байқай алған жоқ. Барыс көрінбеген соң үңгірге қарай үшеуі де баспалап жақындай түсті. Небәрі жүз метр шамасындағы аралық қалған шақта кенеттен қатты құйын тұрып, үңгір аузынан ескі – құсқы шөп шалаң араласқан шаң көтерілді. Жақын маңда өскен тал – теректің басы шуылдасып кетті. Тосын құбылыстан тосырқай қалған бұлар жалма жан бір үлкен тастың қалқасына жетіп, отыра кетті. Аспанмен тілдескен алып құйын айналасын жапыра сайға қарай еңкейді. Сосын үшке тарамдалып, үшеуі үш жаққа кетті де, сай тағанына жақындап жоқ болып кетті. Жел де тына қалды. Ұры басын қылтитып қарап көріп еді, үңгірдің екі босағасындағы алып жартас бетінде екі барыстың алашұбар сұлбасы ауада қалықтап тұр екен.
– Ал, енді сенің кезегің келді. Бар, қорықпа! Аяла орынынан тұрып Азаматқа бір, ұрыға бір қарады да, аяғын сенімді басып, үңгірге қарай кетіп бара жатты. Үңгірге елу метрдей қалған тұста екі босағадағы барыс бейнесі, бейне айбар шеккендей аспанға атылып, тыпырлап тулай жөнелді. Аяла сәл де болса қорқып жүрісі баяулап, артына жалтақтап қарайлай берді. Ұры қолын бұлғап «қорықпа біз бармыз», «үңгірге жақында» деп ишара жасады. Аяланың үңгір ауызына жақындай түскені сол еді, қос барыс бейнесі мойындарын созып иіскелегендей бейне танытты. Содан бастарын қайта көтеріп, алдыңғы аяқтарын сәл бүгіп бейне сәлемдескендей сыңай танытты да, алып жартасқа сіңіп жоқ болып кетті. Осыны күтіп тұрған ұры мен Азамат жүгіріп Аяланың жанына жетті.
Үңгір аузы тары болғанымен іші едәуір кең екен. Кітаптар үңгір түбіндегі сыртын ғажайып нұр қоршалған үлкен сандыққа салыныпты. Оны тек Аяла ғана алып шыға алды. Алып шыққан кітаптарды Ұры мен Азамат екі қалтаға тең бөліп салып отырды. Кітап салынған қос қалтаны арқалап, үшеуі әуперімдеп жүріп таудан түскенде түс мезгілі жақындап қалған болатын. Кітаптарды машинаға басқан олар, шаршап қарындары ашқанын да ұмытып, келген жолдарымен төмендегі буалдыр тұман астында жатқан қалаға қарай тез жетуге асығып жүріп кетті.
Бұлар қаланың сыртын айналып өтіп, жатаған үйлерге жақындағанда, ол жақтан қаптаған қаранөпір адам мен машиналар шоғырын байқады. Әне – міне таяп келгендері сол еді, әлгі қара нөпір адам өздеріне қарай ағылды. Бұлар машиналарын тоқтатып, келе жатқандарға терезе ішінен аңтарыла қарасып отырды да қалды. Биік үй тұрғындары мен жатаған үй тұрғындары аралас нөпір ішінде милициялар да, журналистерде, тіпті жедел жәрдем көлігі де жүр. Араларында Аяланың ата – анасы да бар екен. Аяла мана жолда келе жатып қалта телефонына кітаптардың біразын түсіріп салып та үлгерген болатын. Әлгі қалың нөпір бұларды қоршай кеп тоқтады. Алдымен ұры бастап Аялалар машинадан түсті...
Азамат пен Аяланың осы ерлігінің арқасында бақыт кітабы барлық адамға таралып, биік үйлер мен жатаған үйлердің еш шекарасы қалмай байырғы бақытты қала тұрғындарының шат – шадыман өмірі қайта басталды.