Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Отанымыз көркейсін десек ғылым мен білімді дамыту керек - Сенат депутаты

11:29, 07 маусым 2024 659

Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы Қазақстандағы білім сапасы мен ғылым саласындағы кемшіліктер туралы баяндап, Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Депутат қазақстандықтардың басты мәселесіне айналған бала біліміне қатысты өз ойын жеткізді.

“Қазақ Елінің кез келген отбасына қатысы бар мәселе болса, ол - мектеп. Себебі, біреудің баласы немесе немересі білім ошағында оқиды. Оның сапалы білім,  саналы тәрбие алуын әрбір ата-ана тілейді, содан үміттенеді. Осы саладағы проблемалардың біріне, мүмкін бастысының біріне көңіл аударып, бүгін депутаттық сауалымызды Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға жолдадық”,- деді ол.

 

Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауалын жолдап, толық жауап беруін өтінді.

“Құрметті Тамара Босымбекқызы!

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында жас ғалымдармен кездесуінде «Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ» - деді. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Сенатта бірінші оқылымда мақұлданғандығын және оның өте маңызды әрі көптен күткен құжат екендігіне де тоқталып өтті. Ал, білім саласында Ел Президентінің арнайы қолдауымен 2019 жылы 27-ші желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан бері көптеген оң өзгерістер байқала бастағанын да білеміз.

Алайда, орта білім беру саласында білім сапасының сын көтермей жатқаны туралы мәселе де жиі көтеріледі. Осыған байланысты стандарттар мен үлгілік оқу бағдарламаларының сапасын, яғни білім мазмұнын көтеру үшін не істеуіміз керек деген сауал туады?”,- деді депутат.

Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттеріндегі білім сапасын үлгіге ала отыра, депутат Қазақстандағы білім беру жүйесін сынға алды.

“Педагогикалық ғылымдар академиясының ғалымдарының салыстырмалы зерттеулері бойынша, бүгінгі күні сапалы білім берудегі озық елдер Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия мен Канадада мектеп оқушылары 7-8 сыныпта нақты ғылым салаларына қатысты 4-тен 6 пәнге дейін ғана оқитын болса, бізде Қазақстанда 15 пән, ал 9 сыныпта тіпті 16 пән оқытылады. Міндетті оқу пәндер саны Қазақстанда екі жарым есе көп. Мұндай шамадан тыс пәндердің жалпы саны әлемдегі бірде бір дамыған елде жоқ”,- деді ол.

Мектептердегі пән санының мөлшерден тыс көп екендігін де алға тартты.

Бізде химия, биология, география пәндері жеке-жеке пән ретінде 578 сағат көлемінде, ал аталған мемлекеттерде осы пәндер топтастырылып бір ғана «Ғылым пәні» деп оқытылып және 324 сағат, яғни көлемі де екі есеге жуық аз оқытылады. Соған қарамай, соңғы 15 жылдағы PISA қорытындылары бойынша, бұл елдер оқушыларының жаратылыстану сауаттылығы жоғары болып отыр. Қорыта айтқанда, пән санын азайтып, сапаға аса көп көңіл бөлінуде.

Мектептегі міндетті пәндер санының шамадан тыс көп болуына әртүрлі субъективті факторлардың болғандығы жасырын емес, оның ішінде, тіпті Парламент депутаттары да «мынадай пәндер оқытылуы керек» деген ұсыныстарымен депутаттық сауалдар осы күнге дейін де жасалып жүргендігі де рас. Бұл мәселеде абай болуымыз керек.

Мазмұнға байланысты қосымша айтарымыз, Қазақстанда мектеп оқушыларына тақырып бойынша шамадан тыс көлемді ақпарат беріледі және оқулықтардың тілі ауыр әрі ғылыми сипатта беріледі, ал озық елдің тағы бірі Ұлыбританияда – керісінше, ақпарат көлемді емес, тақырыптар тәжірибеге бағытталып, күнделікті өмірдің жағдаяттарымен байланыстырылып оқытылады”,- деді ол.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар