Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мо Ян Нобель сыйлығын қандай жолмен алды?

05:43, 28 сәуір 2022 269




Мен қарапайым қытай қоғамын, қытай өмірін, қытай тіршілігін, бүгінгі таңдағы қытайдың жан әлемін – алдымен қытай режиссері Цзя Чжан Кэ фильмдері арқылы таныдым. Өзім үшін, өнердің мәдениеттер мен ұлттар арасындағы алтын көпір бола алатындығын – Цзя Чжан Кэ фильмдері көрсетіп берді. Әйтпесе, қытайға мен де саясат пен тарих барысында қабылданған мифтер аясында қарап келген едім. Содан бастап қытайға деген көзқарасым өзгере түсті.



Әрине, қытайдың өткен тарихындағы бізге деген қатынасы мен бүгінгі таңдағы мемлекеттік саясатына қатысты пікірім бөлек. Ал оның қарапайым адамдарын, қоғамын қабылдауым Чжан Кэ фильмдерінен кейін басқалай болды. Қытайдың бәрі нәрестенің етін жемейді екен, қытайдың бәрі маймылдың бас сүйегін тірідей аршып, миын ауқатына жаратпайды екен немесе қытайдың бәрі қазақтың жерін жаулап алайық деген саяси пиғылмен өмір сүрмейді екен. Олар да біз сияқты өзінің қоғамына тән мәдени, салттық ерекшелігін ұстана отырып, күнделікті өмірінде бар мен жоқтың, үміт пен сенімнің аясында, алдындағы несібесін жоғатып-тауып, сүрініп-қабынып қарапайым адами тіршілік кешеді екен. Жер бетінің барлық елдеріндегідей бұл елде де мемлекеттік саясат пен қарапайым азаматтардың ұстанымы белгілі бір мүдделерде қабысып, белгілі бір мүдделерде қабыспай қатар жылжып отырады екен. Чжан Кэ осылай маған қытай қоғамының біршама қатпарын ашты. Бұл, шамамен, осыдан он жылдан астам уақыт бұрын болатын.



Одан кейін қытай қоғамын, психологиясын тереңірек танытқан Мо Ян болды. Оның «Өмір мен өлім азабы» романы қытай қоғамының тағы да бір қатпарын ашты. Романда қытай қоғамының 1950-жылдардың басынан, 2000 жылдың басына дейінгі, елу жылға жуық өмірі суреттеледі. Әрине, бұл аралықтағы қытай қоғамы – 1949 жылғы ҚХР құрылумен, Мао Цзедунның билікке келіп, «Үлкен адым», «Мәдени төңкеріс» секілді саяси-әлеуметтік реформалар жүргізіп, оның соңы үлкен катастрофамен аяқталып, халық әлеуметтік тұрғыдан жұтап, кедейшілікке ұрынып, қырылылғаны; одан кейін 1976 жылы билікке Дэн Сяопин келіп, ол үлкен саяси-экономкалық реформа жүргізіп, социализм мен капитализмді қосып, ортасынан өзінше жол тауып, нарықтық экономикаға жол ашып, сырттан инвестиция тартып, сол арқылы халықтың әлеуетін арттырып, саяси-экономикалық интситуттарды орнықтырғаннан соң, мемлекет дамып, 90-жылдардан кейін күрт көтеріліп, халықтың өмір сүру деңгейі жақсара түскені – тарихтан, саясаттан белгілі.



Ал Мо Ян романының құндылығы, қуаттылығы сонда – ол осы оқиғалардың барлығының қарапайым адамдар өміріне қалай әсер еткендігін, қандай бұралаңға салғандығын – шығармадағы әрбір кейіпкердің психологиясынан, жан әлемінен өткізе отырып, оқырманға сол кезеңдердегі өмірді сезіндіре жеткізіп, көркем түрде, зор шеберлікпен суреттейді. Яғни, жазушының бұл шығармасы – көркем өнердің ғылыми, публицистикалық тарихи, саяси әдебиеттерден артықшылығы – тарихи кезеңдердегі адамдардың жан әлемін, сол тұстағы өмірдің эмоционалды күйін, демін сезіндіріп, жеткізуде екенін тағы бір рет дәлелдейді. «Өлім мен өмір азабы» осы үдеден шыққан.



Мао Цзедун биліке келіп, социализм саясаты жүргеннен кейін, жеке меншікке тыйым салынып, романның басты кейіпкері феодал Си Мын Наоның атылуы; одан кейінгі оның баласы Си Мын Жиңлоңның коллективтендіру жолындағы саяси шолақ белсенділігі; Лән Лиянның өз жерін мемлекет меншігіне өткізбей қасарысуы; халықтың кедейшілікке ұрынуы – осының бәрі біздегі 1920-30-жылдардағы коллективтендіру кезеңіндегі оқиғаларға қатты ұқсайды. Мо Янның кейбір кейіпкерлерінің әрекеттері Бейімбеттің кейіпкерлерімен де бірдей болып кетеді. Саясаты бірдей болса кейіпкерлердің мінездері де ұқсап кетеді екен-ау деп ойлайсың. Әрине, бұдан Мо Янның бойында да Бейімбет сияқты қоғамға юмормен қарай алатын қабілет жатқандығын байқауға болады. Тіпті, коллективтендіру жолындағы шолақ белсенді Си Мын Жиңлоңның кейбір қылықтары С.Елубайдың «Ақ боз» үйіндегі шолақ белсенді Ждақайға да келеді. Екеуі де бас-көз демейтін ұрда-жық. Оқып отырғанда осындай әрекеттер көп.



Одан кейінгі Дэн Сяопин реформасынан кейінгі У Чюшияңдардың кішігірім кәсіп аша бастағаны, 90-жылдардағы Цзэн Цзэмин кезінде Лән Жиефаңдардың қызметтік креслоға өсе бастағаны сол уақыттағы қоғамның келбетін, адамдардың әлеуметтік жағдайын, психологиясын керемет ашады.



Ең бір қызығы, осы 50 жыл аралығындағы Си Мын Нао және оның қызметшісі Лән Лиян отбасынан тараған үш ұрпақтың өмірі романда жазушы тарапынан қалыпты, реалистік сипаттан бөлек, мысылғы, Томас Манның «Буденброктар» әулетін немесе Орхан Памуктың «Жевдет бей және оның ұлдарын» суреттегені сынды емес, керісінше, Мо Ян шығармадағы өмірді қытай мифологиясымен, аңыз-әпсаналарымен астастыра отырып, буддизмдегі реинкорнация танымымен байланыстыра өріп, магиялық реализм сипатына салады. Романның ерекшелігі де осында. Яғни, мұндағы бас кейіпкер - жер иесі, феодал Си Мын Нао 1950 жылы Мао жүргізген саясаттың ықпалымен өлім жазасына кесіліп, атылып кеткеннен кейін о дүниеге қабылданбай, бұ дүниеге қайтадан есек болып өмірге келеді. Сөйтеді де бұ дүниеде тіршілік кешіп жатқан кешегі өзінің отбасының, әйелдерінің, балаларының, айналасында болған бүкіл замандастарының күнделікті әрекетіне есектің көзімен қарауға мәжбүр болады. Бұл кеп бірнеше күнге емес, бақандай он жылға созылады. Кейін есектің өмірі аяқталған соң бұқа, одан кейін доңыз, ит, маймыл болып тіршілік кешіп, түгел 50 жылдағы саяси-әлеуметтік, мәдени-қоғамдық өмірді хайуанаттардың көзімен қарап және сол өзгерістердің бел ортасында жүреді. Міне, романның бір қыры осынысымен ерекше, қызық.



Романды сүйсіне отырып оқыдым. Әзілді әрекеттері езуге күлкі үйіріп, ойландырады. Аудармасының сапасы да жақсы. Тілге жеңіл, жатық.



Осындай үлкен жазушының кесек туындысын қазақ оқырманына жеткізген Фолиант баспасы-ның игі істеріне тілектеспіз.



Және туындыны оқып болғаннан кейін Мо Янды тағы іздейсің. Тағы бір дүниесін оқығың келеді. Яғни, ендігі кезекте, баспа оқырман сұранысын ескере отырып, осы жазушының «Бақа», «Шарапшылар елі» сияқты тағы бір-екі сүбелі романдарын аударса дейміз. Мұндай шебер жазушының кемінде екі романы аударылса қазақ оқырманы үшін қытай әлемін тануда зор олжа болатын еді. Соны күтеміз.



Сөз соңында айтарымыз: Мо Ян шынымен де шебер жазушы екен. Нобель сыйлығын бекер алмапты.

Елзат Ескендір, фб

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар