11 наурыз күні таңертең 1990 жылы туған әйел төрт жасар ұлымен бірге терезеден секіріп кеткен, деп хабарлайды Alash.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның есімі Әлия болатын. Оның 2021 жылы туған ұлы биіктіктен құлау салдарынан көптеген дене жарақаттарымен жедел жәрдем бригадасы Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығына (БЖМҚКО) жеткізілді.
Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр, өміріне қауіп төніп тұр.
Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде ем қабылдап жатыр. Бұл ақпаратты полиция таратты.
Кейбір тұрғындар марқұмның күйеуімен және баласымен бірге тұрғанын жеткізді. Пәтер жалға алынған болуы мүмкін. Жоғарғы қабаттардың бірінде тұратын тұрғындардың бірі таңғы алтылар шамасында жан түршігерлік дыбыстан оянғанын айтты. Оның сөзінше, жоғарыда біреу бар күшімен есікті қағып, әйелдің атын атап айғайлаған. Содан кейін бәрі үнсіз қалған.
Сондай-ақ, журналистерге ПИК (Пәтер иелері кооперативі) басшылығы тұрғындарға ешқандай ақпаратты баспасөзге жарияламау, байланысқа шықпау жөнінде тапсырма бергенін жеткізді. Айтуларынша, бұл тұрғын үй кешенінің беделіне нұқсан келтіріп, пәтер бағасының арзандауына әсер етуі мүмкін.
Алайда бұл тұрғын үй кешені онсыз да жақсы беделге ие емес. Мұнда бұған дейін де өз-өзіне қол жұмсау мен зорлық-зомбылық әрекеттері тіркелген.
Ақпарат көздеріне сүйенсек, соңғы екі жылда бұл жерде үш суицид оқиғасы орын алған. 2023 жылдың қараша айында 2001 жылы туған жігіт 20-қабаттан секіріп, мерт болды. Сондай-ақ, былтыр мұнда бір әйел өз-өзіне қол жұмсаған. Бірақ бұл оқиға бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбаған.
Дәл осындай оқиға 9 наурыз күні Қарасай ауданында да тіркелген. 21 жастағы келіншек 6-қабаттың балконынан құлап кеткен. Марқұмның туыстары оның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, суицид нұсқасына сенбейді.
Қайғылы оқиға 9 наурыз күні Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде болған. Марқұмның артында бір жасар баласы қалды. Әйелдің отбасы өлім себебін суицид деп көрсеткен сот-медициналық сараптама қорытындысымен келіспей, мәйітті мәйітханадан алудан бас тартып отыр.
Марқұмның туыстары күйеуін кінәлауда. Ажардың анасының айтуынша, қызы күйеуі Нәдірбек пен оның анасы тарапынан жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрген.
«Күйеуі оның өмірін қиындатты. Қайын енесі де оны қорлады. Күйеу балам қызымды үнемі ұратын. Ол маған көгерген жерлерінің суреттерін жіберіп отырды, бірақ оларды басқалардан жасырды. 8 наурыздан кейін нақты не болғанын білмейміз, бірақ мен оны күйеуі итермеледі деп ойлаймын», – деді марқұмның анасы.
Еске салсақ, 11 наурыз күні таңғы алтылар шамасында Алматыдағы «Комфорт Сити» тұрғын үй кешенінде 18-қабаттың терезесінен әйел баласымен бірге құлап кетті. Қатты соққыдан әйел оқиға орнында жан тапсырды, ал ауыр жарақат алған бала жедел түрде ауруханаға жеткізілді