Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов азаматтардың еңбекақысын көтеру жоспары туралы баяндады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Азаматтардың табыс деңгейінің артуы экономиканың өсу қарқынына сәйкес келмейтіні атап өтілді. Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесінің көрсеткіші шамамен 31%-ды құрап отыр, бұл – Орталық Азия үшін жоғары көрсеткіш. Бірақ біздің мақсатымыз – әлемдік орташа көрсеткіш – 40%-ға және одан жоғары деңгейге жету.
Жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде өз күшімен әрі мемлекеттік қолдау есебінен алынған табыс динамикасынан артта қалып отыр.
Осыған орай, Үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шараларды әзірлеуде. Оның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары көзделуде. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министрің айтуынша, Үкіметтің 2026 жылға арналған негізгі басымдығы халықтың нақты табысының өсуі болып саналады. Бұған жаңа өндірістер құруға, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі шаралар кешені ықпал ететін болады.