Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қайғылы жағдай: Ақтөбеде жеке тұрғын үйден әйел мен үш баланың мәйіті табылды

15:44, 09 ақпан 2026

Бүгін Ақтөбе қаласының Алматы ауданында жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел адам мен үш кәмелетке толмаған баланың мүрделері табылды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан табиғи газдан улану нәтижесінде орын алуы мүмкін. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталуда.

“Ақтөбе облысының әкімі тапсырмасымен жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Комиссия уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, тексеру жүргізіп, тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдайды”,- делінген Ақтөбе облысы әкімдігі таратқан ресми хабарламада.

Қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары басталды.

Ақтөбе облысының әкімдігі марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіліп, сондай-ақ қажетті материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар