Ресей Федерациясындағы Приморск өлкесінің құқық қорғау органдары Сибирцево кентінің 61 жастағы тұрғынына қатысты жантүршігерлік қылмыстық іс қозғады, деп жазады Alash.kz.
Азамат өзінің 11 жасар туған қызын өлтіруге оқталды деген күдікке ілінді. Аймақтық прокуратура ұсынған мәліметтерге сәйкес, оқиға 4 ақпанға қараған түні орын алған. Мас күйінде болған ер адам кәмелетке толмаған қыз ұйықтап жатқан бөлмеге кіріп, оған бірнеше мәрте пышақ жарақатын салған.
Алған жарақаттарының ауырлығына байланысты зардап шегуші санитарлық авиация желісімен Владивосток қаласындағы өлкелік балалар клиникалық ауруханасына шұғыл түрде жеткізілді. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, қыз баланың жүрек тұсы зақымданып, ауруханаға жеткенше 1,5 литр қан жоғалтқан.
Приморск өлкесінің Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен баланың қазіргі жағдайы туралы ресми ақпарат таратты. Соңғы мәліметтер бойынша, жансақтау бөлімінде жатқан науқастың денсаулық жағдайы тұрақты деп бағалануда.