Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы әлеуметтік педагогтердің жалақысын арттыру мәселесін көтеріп, маңызды мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Әлеуметтік педагогтың жалақысын көтеру керек! 2 жыл болды… Осы талап, осы күрес. “Әлеуметтік педагогтарды В3 функционалдық блогынан В2 функционалдық блогына ауыстыру керек” деп депутаттық сауал жолдадым, комитетте айттым, бюджетке нақты норма да бердім. Әлі талқылануда. Әлеуметтік педагогтың орнында бір тәулік жүріп көрген адам бұл қызметтің жүгін түсінер еді…”,- деді Нартай Аралбайұлы.
Депутаттың айтуынша, елімізде әлеуметтік қызметкерлер тапшы.
”Әлеуметтік қызметкердің жалақысын көтеру керек. Ерекше балаларды оқытатын, емдеуге үлес қосатын, арнайы орталықта күн кешіп жатқан қарияларға қамқор болатын кадрлардың қадірін бүгін білмесек ертең мамансыз қаламыз. Қазірдің өзінде кадр тапшы…”,- деп жазды депутат.
Депутат Үкіметтің жауабын күтіп отырғанын жеткізді.
“Аталған мәселелерді хаттап жазып, шешімін көрсетіп, бюджеттен қажет қаражатты есептеп ҚР Премьер-министрінің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваға ұсындым. Арнайы кездесу болды. Проблеманы терең талқыладық, ортақ түсінік бар. Енді қаражатты бөлуге Үкіметтің үкім етуін күтеміз.
Үкімет басшысының орынбасарымен кездескенде тағы бір түйткілді айттық. Әріптесім Нұргүл Тау ханым екеуміз 1 жылдан асты Алматы қаласындағы Ақсай ауруханасын жөндеуге қаражат сұрап жүрміз. Бүкіл құжат дайын, министрліктерді аралап жүріп жасаттық. Нұргүл Тау ханым қаржылық өтінім мен жауапты ведомствалардың келісім құжаттарын түгел хаттап жинап әкелді. Әріптесімнің еңбегі ерен. Жылына 5000 операция жасайтын, балалардың бар үміті боп табылатын ауруханаға 1954 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмегені жаға ұстатар жағдай. 77%-ға тозған аурухананы қалыпқа келтіруге 13 млрд теңге керек. Вице-премьер бұл ұсынысымызды да қолдады. Жуырда жақсы жаңалық айтамыз, ата-аналар мен балалардан сүйінші сұраймыз деп үміттенемін”,- деді Нартай Аралбайұлы.