Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан халық партиясы екі жылда не істеді?

08:58, 01 ақпан 2023 352
 


2021 жылғы сайлауда Мәжіліске 10 орынмен өткен Қазақстанның Халық партиясы әлеуметтік теңдік идеясын ұстанады. Партия сайлауалды бағдарламасында түрлі әлеуметтік топтардың құқықтарын қолдаудан бастап, мемлекеттік қауіпсіздік аралығындағы мәселелерді шешуді басты міндетіміз деп жариялады.

Фракция депутаттарының екі жыл ішіндегі белсенділігі қандай және партия сайлауалды уәдесін қаншалықты іске асырды деген сұрақ төңірегінде атқарылған жұмыс барысын зерттеп көрді.

Партияның саяси бағдарламасы:



    • әлеуметтік әділдік;







    • әлеуметтік мемлекет;







    • халықтық экономика;







    • ұлт қауіпсіздігі;







    • сыртқы саясат сынды негізгі бес бағыттан тұрады.




Қазақстан Халық партиясы аталған бағыттар бойынша 2021-2022 жылдары Үкіметке және басқа да мемлекеттік органдарға барлығы 156 сауал жолдаған. Фракция депутаттарының ішінде белсенділігімен көзге түскен Айқын Қоңыров екі жылда 26 сауал жолдаған болса, осы аралықта депутат Дмитрий Легкий бір де бір сауал көтермеген. Мұны партияның баспасөз қызметі оның депутат мандатына 2022 жылғы 9 қарашадан бастап кірісуімен байланысты деп түсіндірді.

ҚҰРҒАҚ УӘДЕ

2020 жылы 23 қарашада өткен партияның кезектен тыс XVI съезінде Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қарапайым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісі жалғасатынын, сондай-ақ партия алдында жер мәселесі, зейнет жасын төмендету, несиелік рақымшылық жүргізу сынды бірқатар мәселелерді шешу міндеті тұрғанын жеткізген.

Депутат «қазақстандықтар үшін жер телімі мәселесін түбегейлі шешеміз. Әр отбасы баспана және үй шаруашылығы нысанын салу үшін 20 соттық жер алады» деп уәде берген еді.

Алайда саяси бағдарламада уәде етілгендей, фракция депутаттары тегін жер телімі мәселесін түбегейлі шеше алған жоқ. Тек 2021 жылы 23 маусымда фракция депутаты Айқын Қоңыров «Жер үй» атты жаңа мемлекеттік бағдарлама құруды ұсынды. Ол зейнетақы қорындағы ақшаның пайдасын халық емес, банктер мен құрылыс компаниялары көргенін, осы себепті халық зейнетақы қорындағы ақшасына жер телімін алғаны дұрыс екендігін айтты.

Сонымен бірге, Халық партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттың бірі – қолжетімді және тиімді медицина. Денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселесін шешу жолы ретінде бұрынғы «коммунистер» медицина қызметтерінің тегін болуын және міндетті медициналық сақтандыру қорының таратылуы керектігін ұсынған.

Алайда фракция мүшелері жұмыс істеген екі жылда аталған бағытты мүлде ескерусіз қалдырған. Тіптен фракция отырыстарында да талқыланбаған деуге болады.

ҚҰЛАННЫҢ ҚАСУЫНА – МЫЛТЫҚТЫҢ БАСУЫ

«Қазіргі зейнетақы жүйесі ашық емес және әділетсіз», деп мәлімдеген партия екі жыл ішінде мәжіліс мінберінен зейнетақы мәселесін белсенді көтерді. Межелі екі жыл ішінде зейнетке шығу жасын төмендету, ынтымақты зейнетақы жүйесіне қайта оралу мәселелерін мәжіліс отырыстарында бірнеше мәрте жолдаған.

Александр Милютин фракция атынан сол кездегі премьер-министр Асқар Маминнің атына жолдаған сауалын жариялап, Қазақстан 1998 жылы көшіп кеткен ынтымақты зейнетақы жүйесіне қайта оралу мәселесін талқылауға қайта оралуын сұраған.

2022 жылы тамыздың соңында жүздеген әйел зейнет жасын төмендетуді талап етіп, митингіге шықты. Қазақстанның әртүрлі өңірінде митингіге шыққан әйелдер «58 жасты қайтарыңдар, 63-ке жете алмаймыз» деп ұран тастаған болатын.

Кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында «әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалатынын» айтты. Алайда мұнымен келіспейтін республикалық әйелдер қозғалысы зейнет жасын 58-ге түсіруді сұрап, жиі-жиі талап етіп келеді.

ПОПУЛИСТІК РИТОРИКА МА, ӘЛДЕ...

Жалпы партия «халық идеясына» басымдық бере отырып, қоғамда қызу талқыланған эмоционалды тақырыптар төңірегінен жиі көрінгенімен, оң әлеуметтік сәйкестікке ие болғаны сирек. Мәселен, партия шешуге уәде берген танымал мәселенің бірі – несиеге рақымшылық жасау.

Сайлаудан бұрын 2019 жылы Үкімет бір реттік акция ретінде 600 мыңға жуық азаматтардың несиесін кешірген болатын. Партия сайлау қарсаңында кредиттік міндеттемесін орындай алмай отырғандардың мәселесін тағы да көтеруді жөн санаған.

Алайда несие мәселелеріне қатысты фракция депутаттары 2022 жылы 2 сұрақ қана жолдаған: бірі балаларының несиесі туралы ата-аналарды міндетті түрде хабардар ету нормасын заңмен бекіту болса, екіншісі жеңілдетілген автонесие бағдарламасының тиімсіз тұстары туралы.

Кіші Талдыкөл көлін жартылай көміп, орнына тұрғын үй салу туралы жергілікті билік шешіміне қарсы келгендер қарасы көп болды. Депутат Милютин Талдыкөл көлі тобындағы аумақта елорда әкімдігі заңсыз берген жер телімдерін игеруге тыйым салуды талап етіп, сауал жолдады.

Популистік риториканың астарында нақты мәселелердің шешілуіне партия ықпал ете алды ма деген сауал туындайды.

САЙЛАУҒА 52 ҮМІТКЕР ҚАТЫСАДЫ

Межелі 2 жылда министрліктердің, орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен өндіріс басшылары, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен 85 фракция отырысы өткен. Осы жылдар аралығында фракция депутаттары 3130 азаматты қабылдған.

Қазақстан халық партиясының депутаттары бірқатар заң жобалары бойынша жұмыс топтарының жетекшісі және бастамашысы болды. Мәселен, Ерлан Смайлов зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің, 1-2-3 топтағы мүгедектердің, сондай-ақ 60 жасқа дейінгі әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету бөлігіне бастамашылық етті.

Одан бөлек заң жобаларына фракция депутаттары Магеррам Магеррамов 256 түзету, Ерлан Смайлов 94 түзету енгізді.

2023 жылы 30 қаңтарда Қазақстан халық партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезі өтіп, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. ҚХП төрағасы Ермұхамед Ертісбаевтың айтуынша, тізімде 52 адам бар.

Мәжіліс сайлауы алдында Қазақстан халық партиясының ішіндегі ахуал ушыға түскендей. Бұған дейін төменгі палатаның VII шақырылымында депутат болған Қазақстан халық партиясының үш бірдей мүшесі Ерлан Смайылов пен Ғазиз Құлахметов, Жамбыл Ахметбеков ҚХП қатарынан шығып кетті. Жамбыл Ахметбеков партияның жаңа басшылығымен сыйыса алмадым деп түсіндірген.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?