Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Елтаңба – елдің тарихын, бүгінін, келешегін көрсетіп тұруы тиіс»

05:40, 09 ақпан 2024 408
Біздің қазіргі Мемлекеттік Рәміздеріміз әуелгіде Мемлекеттік Нышандар деп қабылданды. Нышан деген кәдімгі қазақтың төл сөзі, құлаққа сіңімді, ұғымға сай сөз. Ол кезде Әбіш Кекілбаев Мемлекеттік хатшы қызметінде болды. Кейіннен 2006 жылы Мемлекеттік хатшы қызметіне Оралбай Әбдікәрімов келгенде кейбір азаматтар осы нышан сөзін «рәміз» деп өзгертейік деп шықты. Мен Оралбай Әбдікәрімовтің кабинетіне кіріп, бұл сөзді ауыстырудың жөні жоғын айттым. Осы пікір жөнінде Ербол Шәймерденов екеуміз дауласып та қалдық. Бірақ, бәрібір Мемлекеттік рәміздер сөзі қабылдандып кетті. Рәміз деген не сөз, қандай мағына береді? Ешкім түсіндіре алмайды.

Ал, енді Елтаңбаға келсек, Елтаңбада қанатты тұлпарлар салынды. Ол мифтік ұғымды береді. Қанатты тұлпар ертегілерде кездеседі ғой. Менің ойымша Елтаңба сол елдің болмысын, тарихын, бүгінін және келешегін айқындап тұруы керек. Былайша айтқанда ол – Мемлекеттің нышаны. Егер, геральдика мәселесіне қайта оралған жағдайда Елтаңбадағы Х таңбасының орнына + таңбасын қою мәселесін де ойлану керек. Қосу таңбасы төрт құбыла, дүниенің төрт бұрышы деген ұғымды білдіреді, ал Х таңбасы ежелден жою, сызып тастау белгісі екені анық. Төрт бұрышты яғни крест таңбасын бағзы бабаларымыз бұдан 5-7 мың жыл бұрын қолданған, ол Берел қорғанынан шықты. Бұл көне түркілік нышан.

1992 жылы Мемлекеттік нышандардың конкурсы өткізілген кезде Мемлекеттік тудың бірнеше нұсқасы ұсынылды. Бекітер кезде бірнеше пікірлер айтылды. Солардың ішінде бір әйел адам ұсынған эскиз бәріне ұнады. Бірақ оған бірнеше элементтер қосу керек болды да, Шәкен Ниязбеков сол эскизге өз элементтерін енгізді. Қазіргі тудағы элементтер ғой. Осылайша, Ш.Ниязбеков автор болды. Алғашқы эскизді ұсынған әйел біраз уақыт шағымданып жүрді де ақыры қойды. Яғни, конкурстың қалай өтекенін осындай мысалдар жетерлік.

Өз ойым, Елтаңбаға сұңқар құстың бейнесін енгізсе деймін. Сонда Елтаңбадағы сұңқар мен Тудағы қыран бір бірімен үйлесіп тұрар еді. Оған қоса, Елтаңбадағы Қазақстан деген сөзді Қазақ елі деп ауыстырып жазу керек. Бұл қай тілге аударып жазсаң да ыңғайлы сөз. Түбі осы сөзді бренд қыламыз. Меніңше, бұл сөзге ешкім қарсы болмас деп ойлаймын. Жалпы, Мемлекеттік нышандарды қоғам талқысына салып, ақылдасу қажет. Біздің бұл ұсынысымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдайды деп үміттенемін.

Өтеген Оралбай,

Мемлекеттік сыйылықтың иегері
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар