Тележүргізуші әрі Қазақстан Халық партиясының атынан Құрылтай депутаттығына үміткер болып тіркелген Аша Матай өзін ашық пікірталасқа шақырған заңгер Мейірман Шекеевке жауап берді, деп жазады Alash.kz.
Аша Матай ашық пікірталасқа қатысудан бас тартатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазақ қызына ер адаммен көпшілік алдында сөз таластыру жараспайды.
“Мені пікірталасқа шақырып жүрген кейбіреулер бар екендігін естіп жатырмын. Анамның үйреткені – қазақ қызына жеке мүддесін дәлелдеу мақсатында ермен, оның үстіне ел ағасы жасындағы ер адаммен сөз таластыру жараспайды. Айтарым бар, арманым бар, десе де тәрбием жібермейді. Дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Көкірегімді дәлелдеу үшін дауласуға жоқпын», – деді Аша Матай.
Сондай-ақ кандидат саяси додада сөз таластырғаннан гөрі, ел игілігі үшін бірлесіп еңбек етуге шақырды.
“Ел үшін бірігіп жұмыс істеуге бармын. Тырнақ астынан кір іздемей, бірге жұмыс істейікші, ағалар. Біздің жұмысқа ақыл қосамын, жүкті бірге көтеремін демесеңіз де, тілектес болғаныңыздың өзі маған және бізге үлкен күш”, – деді ол.
Аша Матай өз сөзінде өнер жолы елдің тыныс-тіршілігін жақыннан танып, халықтың мұң-мұқтажын тереңірек түсінуге мүмкіндік бергенін айтты.
Оның пікірінше, дәл осы тәжірибе оның саясатпен айналысып, партия қатарына қосылуына ықпал еткен.
“Иә, көбіңіз мені сахна арқылы танисыздар. Осы жолды сыйлаған тағдырыма дән ризамын. Өнер жолы маған ең басты нәрсені – халықтың мұң-мұқтажын көре білуді, қиындығын сезіне білуді үйретті. Сондықтан да мен “Халық партиясындамын”, – деді Аша Матай.