ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне ұлттық мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойды.
“Бұл – еліміздің тарихы мен мәдени мұрасын насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі үшін айрықша маңызға ие тарихи шешім.
Мыңжылдықтар қойнауынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер мен құнды коллекцияларды сақтап отырған музей – халқымыздың тарихи жадын жаңғыртып, ұлттық руханиятты дамытуға зор үлес қосып келеді. Ұлттық музей ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық және музей ісін дамыту бағытында ел игілігіне қызмет етуде.
Осы маңызды шешім үшін Мемлекет басшысына, Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай-ақ ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтау және дамыту ісіне үлес қосып жүрген барша азаматтарға шынайы ризашылығымызды білдіреміз”,- деді Берік Әбдіғалиұлы.