Төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев алғаш рет сотта жауап берді. Ол бұрынғы жұбайының туыстарымен ұзақ жылдар бойы жиналған реніш пен өшпенділіктің қылмысқа себеп болғанын, отбасы арасындағы жанжалдың ажырасуға алып келгенін, ал туыстарының араласуы жағдайды ушықтырғанын мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
“Ақ Жайық” басылымының хабарлауынша, 16 маусым күні Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жангелдин ауылындағы отбасының бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты төрт адамды өлтірді деген айыппен қаралып жатқан іс жалғасты.
Сәрсемалиев сотта жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап беруден бас тартатынын айтты. Алайда судьяның, мемлекеттік айыптаушының және өз адвокатының сұрақтарына жауап беруге келісетінін жеткізді.
Сәрсемалиевтің айтуынша, әйелі Ақбаян екеуінің арасына әсіресе қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваның түсіп, өзін жақтырмағанын айтты. Оның сөзінше, төрт баласы бола тұра, 2022 жылы оларды мәжбүрлі түрде ажырастырған. Ақыры ажырасуға келіскенімен, Ақбаянмен араласып тұруға уағдаласқанын айтты.
Айыпталушы сотта бұрынғы жұбайының туыстары балаларға арналған жәрдемақыларды алу үшін өз мүдделерін көздегенін айтты. Судья нақтылап сұраған кезде ол дәл осыны меңзегенін, яғни олардың материалдық қызығушылығы болғанын растады.
Кейін, 2024 жылы Ақбаян өкпесі қабынып, ауруханаға түскен кезде бесінші баласына жүкті болғанын айтты. Оның сөзінше, дәрігерлер өзіне күйеуі ретінде хабарласып, ана мен баланың өмірін сақтап қалу үшін көптеген дәрі-дәрмек қолданылатынын, соған байланысты келісім құжаттарына қол қою қажеттігін жеткізген. Алайда қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиев өзін Ақбаянның жанына жібермегенін айтты.
Сәрсемалиев сол кезеңде бойында ашу мен өшпенділік жинала бастағанын мәлімдеді.
Сәрсемалиев Наурыз Мұқанғалиевтің қаза табуына қатысты айтқанда, тағы да өзін-өзі қорғау нұсқасын алға тартты. Оның айтуынша, өткен жылдың мамырында Наурыз жұмысқа бармай, қарындасын алып кету үшін келген. Кейін екеуінің арасындағы кикілжің төбелеске ұласқан.
Ол өз жағдайын түсіндіруге тырысқанын, ал Наурыз өзін түсінбейтінін айтқан кезде оған қарай ұмтылғанын мәлімдеді. Содан екеуі күресіп кеткен. Оның айтуынша, Наурыз мойнынан қысып, өзі қорғану мақсатында пышақ қолданған.
Айыпталушы отбасыны сақтап қалғысы келгенін, өз ұстанымын түсіндіруге тырысқанын айтты. Алайда Наурыз оған «бойдақ адам менің жағдайымды түсіне алмайды» деген сөзінен кейін шабуыл жасағанын жеткізді.
Сәрсемалиевтің сөзіне қарағанда, төбелес кезінде Наурыз оның мойнын қысып, тұншықтыра бастаған. Сол сәтте ол қолындағы пышақты пайдаланған.
- Ол мені тұншықтырғанда, миым жұмыс істемей қалды. Тек қалай қорғанып, өлмей қалуды ойладым, себебі тыныс ала алмадым, — деді Сәрсемалиев.
Судьяның сұрағына жауап берген Сәрсемалиев пышақты қолына алған себебін түсіндірді. Ол адам өлтіру ниеті болмағанын, тек қорқынышпен әрекет еткенін, тірі қалуға тырысқанын айтты.
Ол Наурыздың атына несие рәсімдегенін де мойындады. Сондай-ақ Наурыздың нөмірінен WhatsApp арқылы ата-анасына жазып, оларды алдағанын растады.
Ал қайын атасы мен қайын енесін қасақана өлтіруге келгенін мойындады.
- Шайтан ой салған шығар. Түңілгеннен болды. Ар жағында түрме күтіп тұрғанын, ұсталатынымды білдім, – деді ол.
Айыпталушы балаларын қайтару мүмкін еместігін ауыр қабылдағанын айтты. Оның сөзінше, ол олармен байланысын түбегейлі жоғалтып алудан қатты қорыққан.
- Балалардан айырылғанша, өзім кете қояйын дедім. Балаларды да әкете алмадым. Үлкені де, кішісі де әжесіне бауыр басып қалған, – деді сотталушы.
Сотта Сәрсемалиев бұрынғы жұбайы Ақбаянның туыстары оның балаларына дұрыс қарамағандарын айтты. Ал Нәсіп Өтешқалиеваға бесінші бала дүниеге келмей тұрып оның өлімін қалағанын мәлімдеді. Айыпталушының сөзінше, керісінше өзі жүктілікті сақтау үшін бар мүмкіндікті жасаған.
Ол жылдар бойы жиналған кегі сыртқа шыққанын айтты.
- Сол кезде шешім қабылдадым. Ол жерге қарусыз келдім. Кейін қару (пышақ) таптым. Үйде ештеңе істей алмайтынымды біліп, қайынатамның сарайға кіріп-шығып жүргенін бақыладым. “Әлі жүрсің бе?” дедім. “Қазір кетемін” дегеніне қарамастан, өшпенділікпен әрекет еттім, – деді ол.
Сәрсемалиевтің айтуынша, бастапқыда бәрін қырып кету туралы ой болғанымен, Ақбаянның қасына барған кезде тағы да ойланған. Бірақ кейін бәрібір жоспарын жүзеге асырғанын айтты.
Сотталушы Мейрамгүл Қарабалинаның қазасы туралы әңгімелегенде, ол Мейрамгүлді өлтіргісі келмегенін мәлімдеді. Қайын атасы мен енесін өлтіргеннен кейін ол бұрынғы жұбайы Ақбаян мен Мейрамгүлді «Мұнайшы» ықшамауданындағы үйге алып барған.
Алайда оның сөзінше, қыздың психикалық дамуы кешеуілдегендіктен, айналасындағылардың сөзін қайталай берген. «Қалған балалар қайда? Ақбаян неге ұйықтай береді?» деген сияқты сөздерді айтқанын жеткізді. Сотталушы мұны қайын анасының айтқан сөздерін қайталау деп қабылдағанын айтты.
Ол осы сәтте бұрынғы реніштер мен намысына тиген әңгімелер есіне түсіп, жүйкесіне әсер еткенін, психологиялық күйзеліс жағдайында өзін тоқтата алмағанын жеткізді. Жылдар бойы жиналған кек пен өшпенділікті жеңе алмағанын айтып, үйде пышақпен өлтіргенін мойындады.
- Мен оны өлтіремін деп ойлаған жоқпын. Әйтпесе Жангелдиннен Ақбаянмен бірге Мейрамгүлді алып келмес едім. Сараптама қорытындысындағы 32 жарақат туралы мәліметпен келіспеймін. Бірақ бұл мені ақтамайды, – деді сотталушы.
Жауап алу аяқталған соң ол төрт адамды өлтіргеннен кейінгі әрекеттерін өзі жоспарлағанын мойындады. Ол мәйіттерді жасыруды және аула мен сарайда жерлеу орнын дайындауды алдын ала ойластырғанын айтты.
Сондай‑ақ ол қылмыстан кейін Қазақстаннан кеткенін және елден тыс жерде өлуге дайын болғанын растады. Айыпталушының сөзінше, оның орналасқан жері анықталып, Интерпол іздеуге қосылғаннан кейін ұсталған кезде қарсылық көрсетпеген.
— Менің өмірім бітті… түсінемін, — деді Сәрсемалиев сотта.