Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жоғары марапатқа ие болды, деп жазады Alash.kz.
Халық қалаулысы “Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері” төсбелгісімен марапатталды. 
“Еңбегімізді бағалаған министрліктерге алғыс!
Осы соңғы Мәжіліс сессиясында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті экология, жануарлар дүниесін қорғау, аңшылық шаруашылығы, энергетика, газ саласы және радиоактивті қалдықтарды басқару бағыттары бойынша бірнеше маңызды заң жобаларын әзірлеп, Сенат қарауына жолдады.
Бұл заңдар – азаматтардың қауіпсіздігіне, қоршаған ортаның қорғалуына, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және еліміздің энергетикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететін стратегиялық құжаттар.
Заң шығару жұмысы – тек депутаттардың ғана емес, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, сарапшылар мен сала мамандарының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Біз мемлекеттік органдардағы әріптестерімізбен қоян-қолтық жұмыс істеп, көптеген күрделі мәселелер бойынша ортақ шешімдерге келдік және қажетті нормалардың қабылдануына қол жеткіздік.
Әр заңның артында айлар бойғы талқылау, жүздеген ұсыныстар мен келісулер, мыңдаған бет материалдар жатыр. Сондықтан бұл марапаттарды тек жеке адамдардың емес, ортақ командалық еңбектің бағалануы деп қабылдаймыз.
Осыған орай, жуырда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, бүгін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс депутаттары мен аппарат қызметкерлерін арнайы төсбелгілермен және Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Өз кезегінде комитет тарапынан заң жобаларын дайындауға белсенді қатысқан министрліктердің, ведомстволардың және ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды.
Мемлекет мүддесі үшін атқарылған ортақ жұмысты жоғары бағалап, заң шығару процесіне кәсіби қолдау көрсеткен әріптестерімізге шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Барша әріптестерді марапаттарымен құттықтаймын! Алда да ел игілігі үшін бірге еңбек ете береміз.
Мемлекетке қызмет ету – марапат үшін емес, нәтиже үшін еңбек ету. Бірақ еңбектің бағалануы әрқашан қуантады,- деп жазды Еділ Жаңбыршин.