Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Зачем нам казахский язык": Орыс тілді БАҚ бетінде қазақтың ұлттық құндылық тақырыбы қалай жазылып жүр?

14:55, 27 маусым 2024 792

28 маусым – БАҚ өкілдерінің төл мерекесі. Халық пен билік арасындағы алтын көпір іспеттес, әлемдегі һәм елдегі барлық хабарды дер кезінде жеткізуші, мәселенің түп-төркінін анықтап, оң шешімге ұластыратын журналистердің төл мерекесі құтты болсын. Alash.kz ұлттық порталының тілшісі Інжу Өмірзақ мереке қарсаңында, елдегі БАҚ-қа шолу жасап, қазақ және орыс тілінде ақпарат тарататын басылымдарды зерттеп, қазақтың ұлттық құндылығының БАҚ беттеріндегі мәртебесі туралы зерттеп білді.

Публицистика – қоғамның шынайы көрінісі, өмірдің айнасы. Қоғамда, қоршаған ортада болып жатқан мәселені, түйіткілі түйіншек болған оқиғаларды елдің көңілін аулау арқылы тиімді жағынан шешу – публицистиканың құдіреті. Төртінші билік өкілдерінің, яғни жураналистердің ең ұлы күші – сөз. Сөзді тудырушы құрал – тіл. Сондықтан да публицистиканың әр саласы маңызды. Публицистикaның дa көркем әдебиет сияқты жaнры, түрі, сипaты бaр.

Профессор Тaумaн Aмaндaсoвтың «Публицистикa жaнрлары» еңбегінде oсылaрдың бaрлығы тaрaу-тaрaуымен жіктеліп көрсетілген. Журналист, ғaлым, прoфессoр Т. Амандосов: «Публицистикaның негізі – aқиқaт екендігін, oның бaсты құрaлы шындық»,- екенін жaзды. 1975 жылы жaриялaнғaн «Қaзіргі қaзaқ публицистикaсы» еңбегінде публицистиканың фoрмaсы мен әдісі, aтқaрaтын қызметі турaлы дa атап өтеді. Профессор Т. Aмaндoсoв: «Публицист жaзу әдістері мен тәсілдерін жетілдіре түсіп, өз шығaрмaсы aрқылы oқырмaндaрғa идеялық ықпaл жaсaумен қaтaр oлaрдың сезіміне де әсерін тигізеді. Oқырмaн эстетикaлық тұшым aлaрлықтaй, oның сaнa-сезіміне жaқсы әсер қaлдырaрлықтaй шығaрмaның тууы журнaлиске oңaйғa түспейді. Өйткені, журнaлист бүгінгі, дәл oсы сaғaттaғы oқиғaлaр мен  құбылыстaрғa жедел ілесуге міндетті, көпшілік жaғдaйдa ұшқырлықпен, көрегендікпен aлдa бoлып, уaқыттaн oзып oтыруғa дa міндетті. Зaмaн тынысы, бүгінгі oқырмaндaрдың тaлaбы oдaн oсыны қaжет етеді»,- деп aнықтaмa береді.

Т. Aмaндoсoвтың пікіріне сәйкес, журнaлист aқпaртты лезде aлып, сoл уaқыттың ішінде тaрaтуы қaжет. Біздегі бaтырлaр жырының бaрлығы дa сoл зaмaнның көрінісінен туындaғaн. Жaу шaпқaндa, жaу кеткенде, ел іші бүлінген сәтте бірден хaбaр тaрaтып oтырғaн. Хaн мен билікті сынaйтын шaқтaрды сөз қaмшысының aстынa aлып oтырғaн. Жырaулaрдың бaрлығы дa хaнның сөзін сөйлемеген, хaнғa қaрсы келгендері де тaбылғaн. Aвтoритaрлық жүйе бaсым бoлып кетпеу үшін цензурaғa жoл бермей, ел прoблемaсын тікелей жеткізіп oтырғaн. Жырлaр мен дaстaндaрдың публицистикaның қaй сaлaсынa жaтaтыны хaқындa нaқты мысaлдыр мен дәлелдер ұсыну үшін aлдымен публицистикaның жaрнлaрын aйқындaп aлғaн жөн. Публицистика туралы әр жылдaры профессор Темірбек Қoжaкеев, профессор Тaумaн Aмaндoсoв, профессор Бaуыржaн Жaқып еңбектері жазылды.

Қазақстан егемендігін алған жылдан бүгінгі күнге дейін орыс тілді басылымдардың қатары артпаса, кемімегені анық. Өйткені, орыс тілінде ақпарат тарату арқылы үлкен аудиторияға қол жеткізуге болатыны туралы түсінік бар. Оған дәлел ретінде 2010 жылы «Abai.kz» ақпараттық порталында «Билік қазақ баспасөзінің бағын байлап отыр» деген тақырыппен жарияланған мақалада келтірілген мына деректі ұсынамыз. Басылым мәліметіне сәйкес, 2010 жылы Қазақстанда 2970 БАҚ тіркелген. Электронды түрде ақпарат таратушылар саны 200-дің төңірегінде болған. Мерзімдік басылымдардың 453-і қазақ тілінде, 2303-і орыс тілінде шығып отырағаны айтылады. Сондай-ақ сол жылдары көршілес жатқан Ресей Федерациясынан 5248 газет-журнал Қазақстанға келіп, таратылатын болған. Басылым мақалада ортақ қорытынды шығарып, елімізде таратылатын баспасөз құралдарының 7551-і орыс,  453-і қазақ тілінде екенін жазады. Ол жалпы БАҚ-тың алты пайызын да құрамайды»,- деп кесіп айтады.

Қазіргі таңда Қазақстанда алты мыңға жуық сайт тіркелген. Осы тұста Мәдениет және Ақпарат министрлігіне Қазақстандағы ресми тіркелген БАҚ санына байланысты сауал жолдаған болатынбыз.         

        Министрліктің берген жауабына зер салсақ:

Қазақстан Республикасында 2024 жылдың сәуір айында  5848  БАҚ есепке қойылған, оның ішінде 3999 мерзімді баспа басылымы, 219 – телеарна, 90- радио, (658 – ақпарат агенттігі, 582 – желілік басылым)  1240 – интернет БАҚ.  (5548 –  Отандық БАҚ, 300 –  шетелдік БАҚ).

БАҚ түрі.

Бұқаралық ақпарат құралдыарының  көп есепте тұрғаны мерзімді баспа басылымы. Барлығы 3999 оның ішінде: газет – 2215,  журнал – 1784.

Таратылу тілі.

Бұқаралық ақпарат құралдарының таратылу тілінің көпшілігі 2205 –БАҚ қазақ және орыс тілінде қатар таратылады

БАҚ бұзушылықтары бойынша

 2024 жылғы 1 – 30 сәуір аралығында «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабының 1-1-тармағына сәйкес уәкілетті органның нұсқамасымен 2476 интернет-ресурстар мен сілтемелерді таратуға шектеу қойылды.

Бұзушылықтардың түрлері бойынша:

 365 – порнография

- 31 – есірткі құралдарын, алкоголь, темекі бұйымдарын тарату;

- 576 – «Ойын бизнесі» туралы Заңды бұзу;

- 1–әкімшілік құқық бұзушылық;

- 1478 – алаяқтық;

- 19 – құжаттарды қолдан жасау;

- 6 – авторлық құқықты бұзу.

 2024 жылғы 1-30 сәуір аралығында уәкілетті орган сот шешімі бойынша қол жеткізуді шектеу жөнінде шаралар қабылдамады.

Ақпарат құралдарының түрлері

Ең үлкен топты баспа БАҚ құрайды – тіркелген БАҚ-тың жалпы санынан 3999, оның ішінде 2215 газет және 1784 журнал.

Тарату тілі

Көбінесе бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тілдері – 2205 БАҚ, тек орыс тілі – 839, тек қазақ тілі – 776, үш және одан да көп тілде (басқа тілдерді қоса алғанда) – 1728 қолданылады.

Шетелдік БАҚ

2024 жылғы 3 сәуірдегі ақпарат бойынша БАҚ тізілімінде 300 шетелдік телеарна тіркелген.

Ел бойынша 214 ресейлік телеарна, 20-ы Ұлыбританияға, 15-і АҚШ-қа, 16-ы Эстонияға, 14-і Францияға, 8-і Польшаға, 6-ы Түркияға, 4-і Кипрге, 1-і Арменияға, 1-і Испанияға, 1-і Люксембург.

 Трансляция тілдері бойынша 177-сі орыс тілінде, 12-сі ағылшын тілінде, 81-і орыс-ағылшын тілінде, 4-і түрік тілінде, 3-і француз тілінде, 2-і орыс-татар тілінде, 1-і орыс-неміс, 3-і орысша француз, 1-і орыс тілінде хабар таратады.

Қaзaқстaндaғы орыс тілді бaсылымдaр жіктелісінің көрінісін ұсыну мақсатында сала маманы, этнограф, лингвист, «Халықаралық Қазақ тілі» қоғамының мүшесі Серік Ерғалимен сұхбаттастық. Кең көлемді сұхбаттың түйінді ойын зерттеу жұмысына кірістірдік.

-Қазақстандағы қазақтілді және орыс тілді басылымдардың жіктелісі қандай?

-Жіктеліс менталитетке байланысты ақпар таратады. Орыс тілді басылымның қолында ресурс та, әкімшілік ықпал да басым. Қазақ БАҚ-тарына мемлекеттік органдар қазақша ақпарат таратуда сараң. Орыс тілді БАҚ-тарда жарна қоры, содан түсетін түсімнен тәуелсіз. Қазақ басылымдары қаржылай тәуелді. Сондықтан дами алмайды. Қазақстанға ресейлік ақпарат көздері тікелей ықпал етіп жатыр.

- Екі басылымдардың арасында жанрлық, тақырыптық айырмашылықтар бар ма?

- Екі БАҚ саласының арасында айырма бар: орыс тілді БАҚ-тар терең және ауқымды мазмұнда қозғайды, оған мамандар мен сарапшылардың рөлі зор. Қазақтілді БАҚ-тарға сарапшы мамандар тарту өте қиын. Бұл қазақ тілінің ахуалына да тікелей қатысты. Әсіресе аналитикалық материалдар орыс тілді басылымдарда жақсы жолға қойылған, қазақтілді басылымдардағы талдау материалдары көбіне шолудан аспайды. Сапа төмен.

- Орыс тілді басылымдардағы қазақ ұлтының құндылығы, тіл мәселесіне қатысты мақалаларды қандай дәрежеде бағалайсыз?

-Орыс тілді контингент қазақ құндылығына бүйрегі бұрады, сұраныс бар. Бірақ орыс басылымдарын басқарып отырғандар бұл тақырыпқа онша бүйрегі бұрмайды. Орыс тілді ақпарат та барынша жұтаң әрі үстіртін келеді. Ұлттық құндылық орыс тілді басылымдарда соңғы қатардағы тақырып саналады.

-Екі тілдің басылымдарына ортақ ел Қазақстан болғандықтан көтеретін мәселе де ортақ болу керек емес пе?

- Орыс тілді басылымдардың кемінде 70-80 пайызы ресейлік басылымдар, орыс менталитетіне соның ықпалын көздеуге негізделгендіктен, идеология мен бағыт екі жаққа қарап тұр. Бұл үшін қажетті мемлекеттік ықпал мен тұтас идеология жоқ, барлығы осының салдарынан туындап жатыр. Қазақтілді ақпарат көздеріне мемлекеттік арнайы қолдау жоқ болғандықтан, мешеулік ахуал орныққан.

-Бүгінгі күні қазақ тілді басылымдардың орыс тілді басылымдармен қатар дамып, алға жылжып жатқанына сене аламыз ба?

- Бүгінгі қазақ басылымдары тілдік жағынан да, тақырыптық жағынан да орыс тілді басылымның ықпалында, қалқасында, жеке дара дами алмай жатыр. Ішінара жекелеген БАҚ-тар бар, бірақ олар өте аз.

- Орыс тілді электронды және мерзімді баспасөздердің қазақ тілін насихаттауы қалай және қаншалықты жиілікпен жүзеге асуы керек?

-Орыс тілді баспасөздің қазақ тілін насихаттауы олардың мақсатына, миссиясына сәйкес емес және ол міндетті де емес. Тіл мәселесі насихатпен шешілмейді. Мемлекеттік тіл саясатымен шешіледі.

Ендігі кезекте Қазақстандағы орыс тілді басылымдардың жіктелісіне назар аударамыз.

Еліміздегі орыс тілді басылымдардың ерекшелігі туралы В.И. Жұмағұлова:

«Қазақстанның орыс тілді периодикасы қалыптасқан коммуникативтік жүйені білдіреді, оның айрықша құзыретіне ағымдағы жағдайлар туралы мәліметтердің жарияланымы, сондай-ақ сараптамалық материалдарға шолу кіреді. Егемендік алғаннан кейін олардың қызмет етуі республикалық орыс тілді газеттердің кейіпін, оның құрылымы мен сапалық жағын елеулі өзгеріске ұшыратты»,- деп жазады.

Қазақстанда қазақтың ұлттық құндылығы туралы БАҚ беттерінде қалай жазылып жүр? Осы орайда «Караван» газетін зерттедік.

«Караван» алғашқы күннен бастап Қазақстанда таралымы 50 000 данамен (2000 жылдардың басында таралымы 225 000 данаға жеткен ең танымал және ең көп оқылатын басылым боп есептелген. Тақырыбымызға сай, Караван газетінің әр жылдағы санын оқып, сараладық.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбір орыс тілді басылымдарда Тіл туралы Заңға бір тиісіп қалу белең алды. 1997 жылдың 25 шілдесінде «Зачем нам казахский язык?» атты мақала жарық көрген. Бұл мақалаға арқау болған мәселе, қазақтың орыстілді қыз-жігіттері қазақ тілінің қажет еместігін айтып үнқатулар жіберген. Ғасырға жуық өзге елдің боданында болып, тәуелсіздікке енді қолымыз жете берген жылдары қазақ тілін бірден айды асқақтатып көтеру расымен қиын болды. Әсіресе, осылай орыстілді орта қазақ тілін мүлдем керек етпеді. Кесірінен, тәуелсіз орыс басылымдары біздің тілге, дінге, құндылығымызға тиісе бастады. Архивке көз шалсақ, дәл осы 1997-1998 жылдар «Караван» газеті үшін шулы болған. Оған себеп, ақын, жазушы, журналист Аманхан Әлімұлы 97 жылдың 6 тамызында «Заң» газетіне «Караван синдромы қашан тыйылады? мақаласын жазған. Аманхан Әлімұлы бұл мақаласында «каравандықтардың» тым артық кетіп, еркінсінгенін баса жазады. Газет санының әрбір 2-ші нөмірінде қазақтың ұлттық дәрежедегі маңызы бар дүниелеріне сарказм, түрлі әзіл келтіріп, сыни мақалалар жазып отырған. Соның ішінде, «Бесбармак за счет гамбургеров», «На рынке корову, стари, продовал...», «Перебдел однако», «А как же Конституция?», «Закон о языках: Эфирное время дели пополам» тақырыптары жазылған.

Караван газетінің сол кездегі дәреже деңгейін Аманхан Әлімұлы ел арасына іріткі салып, «өлі мысық» тастаған басылым деп қатты сынаған еді. Дәлелденбеген Гиллер институның статистикасы бойынша, сол жылдары Алматылықтардың 9,8 пайызы ғана қазақша сөйлепті-мыс. Бұл статистиканың өзі орыс басылымдарының бізді басынуына себеп беріп тұрғандай.

Автор өз естелік сұхбатында: «Караван» синдромы қашан тыйылады?» деген мақала жазып, сайқымазақ басылымды аяусыз сынадым. Осы тұста Мәскеуде оқығанымның пайдасы тиіп, Розанов деген философтың күнделігінен «олар аз жазады, бірақ, бағыт-бағдар беріп отырады» деген үзінді келтірдім, ол кезде де, қазір де атын айтуға болмайтын бір кітаптардан деректер пайдаландым. Олардың тілімен айтқанда мақалам «кіндіктен төмен ұру» болып шықты. «Мұндай білімді журналист қайдан келген?» деп ұйқысынан шошып оянған каравандықтар «Господин Алим нашел врага народа» деген тақырыппен қарсы мақала жазып, мені де аяусыз сынады. Мақаламды орыс тіліне аудартып басты. КТК телеарнасының журналисі Усольцев Премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннен сұхбат алып, менің мақалам жайлы сұрағанда ол оқымағанын айтты. Журналист мақалада антисемитизм бар екенін айтқанда Қажыгелдин «прокуратура қайда қарап отыр? Ондай журналист неге жүреді мұнда?» деді. Содан соңыма шырақ алып түсу, қудалау басталды»,- деген еді Аманхан ағамыз.

Егемен ел атанған жылдары тілді қорғауға, аясын кеңейтуге мүмкіндік болмады. Керісінше, орыс тіліне тиіспеуді, орыс тілінде сөйлей беруді билік басындағылар да қатты қалады. Ақырында, «каравандықтарды» сынға алған азамат қудалауға ұшырады. Бұл жағдай елімізде бірінші рет емес еді...

Келесі талқыға түсетін тақырып «Между казахскими и русскими школами огромная пропасть, которую не хотят замечать – эксперт». 2021 жылдың  20 қазанында жарық көрген. Білім саласының маманы, қоғам белсендісі Жазира Дүйсенбековамен сұхбат құрып, неліктен балаларын орыс мектебіне беретін ата-аналар көбейгенін, орыс және қазақ мектептерінің арасындағы алшақтыққа не себеп екендігі туралы әңгіме өрбіткен. Бұған дейін бұл тақырып қоғамда резонанс туғызып, қазақ тілді басылымдарда да шу болған еді. Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз пікірін білдірді.

«Біз ең алдымен мұндай ұғымдарды ғылыми тұрғыда қарастыруымыз керек. Нақты ақпарат болуы керек. Бізде өсек көп. Білім сапасы тілге байланысты деу дұрыс емес. Мәселе тілде емес. Мәселен, ҰБТ қорытындысы бойынша қазақ тілінен емтихан тапсырған балалардың өте жоғары балл жинағанын көреміз. Сонымен қатар қазақ тілінде оқитын балалар халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Бұл жерде мәселе қазақ тілінде емес, мектептердің деңгейінде», - деген еді Аймағамбетов.

Министрдің пікіріне Жазира Дүйсенбекова: – Құрметті министр мырза, міне, өсек емес, нақты деректер. Біріншіден, ҰБТ орыс тілінде бөлек, қазақ тілінде бөлек әзірленеді. Яғни әзірлеушілер әртүрлі. Қазақ тілінде құрастырылған сұрақтар орыс тіліне аударылмайды. Сондықтан ҰБТ-ның қиындық деңгейі әртүрлі (қазақ тіліндегі сұрақтар/орыс тіліндегі сұрақтар). Ал біз араласатын мұғалімдердің барлығы бірауыздан ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыру әлдеқайда жеңіл екенін айтады. Расында, барлық статистикалық есептерде еліміздегі оқушылардың ҰБТ-ны орыс тіліне қарағанда қазақ тілінде жақсы тапсыратынын көреміз. Бұл шындық. Сонымен қатар, ҰБТ ерікті нәрсе, орыс тілінде студенттердің бір бөлігі ҰБТ-ға қатыспайды, өйткені олар Ресей немесе шетел жоғары оқу орындарына түсіп кетеді.

Жазира Дүйсенбекованың айтқысы келгені, орыс сыныптарына тестілеу тапсыру қиын әрі олардың оқуға түсу ықтималдылығы қазақ сыныбына қарағанда аз. Екі тілді сыныптың көбі байқағысы келмейтін үлкен айырмашылығы деп осы мәселені көтерді. 

Сөз соңында сұхбат беруші PISA оқушылардың оқу жетістігін бағалау бойынша халықаралық бағдарламада Қазақстанның білім сапасы реттелгенін қалаймыз. Бірақ бір мәселе барын ашып айтты. Ол:  Ата-аналар балаларын қазақ мектебіне беруде, біз мұны әрине құптаймыз. Бірақ үйде бәрібір олармен орысша сөйлесіп, балалар орысша ойлайды. Бұл балаларға PISA мониторинг зерттеуінің сұрақтарын түсінуге қиындық туғызады. Қазақ мектептерінде бұл оқуға дайындалуға көбірек уақыт бөлу керек»,- деп сұхбатын аяқтады.

Мақаладан түйетініміз, қазақ тілді мектеп пен орыс тілді мектеп арасында тек тілдік жағынан емес, тәрбиелік, білімаралық, патриоттық, тарихи мәселелер жатыр. Орысша оқыған бала орыс тілінде ми дамытады, ойының барлығын орыс тілінде қорытады. Ақырында, бойдағы кейбір қазақилық қасиеттер өше бермек. Алайда, біз көпұлтты мемлекет болғандықтан, орыс мектептері мен сыныбына тыйым сала алмайтынымыз анық. Бірақ, екі мектеп арасындағы алшақтықты жою – болашаққа қажет.

Келесі талдайтын мақала, 2021 жылдың 16 маусымында жарық көрген «Казахские окончания в фамилиях не делают вас патриотами» - мнение экспертов». Қазақ Уикипедия компаниясының орынбасары Қайыр Рысбаев осы мәселе төңірегінде газет редакциясына сұхбат берген. Оның пікірінше, фамилиямыздағы –ов,-ова,-ев,-ева жалғауларын алып тастау, Отанымызға деген сүйіспеншілікті оятып, патриоттық сезімге бөлемейді. Керісінше, бұл жалғауларсыз, кейбір жандардың не ұл, не қыз, не аты, не фамилиясы екенін ажырата алмай қиналғанын жеткізеді. «Текті өзгерту көп адамдар ойлағандай тілді сақтап қалмайды немесе дамытпайды. Қазақ тілі дамығанын қаласаңыз, жазыңыз, сөйлеңіз, бірақ орысша жалғаулардан құтылуды ойламаңыз», - деді Рысбаев.

Қайыр Рысбаевтың пікірінше, фамилияны талан-таражға салып, мың құбылтқаннан ештеңе өзгермейді. Алайда, кезінде дәл осы –ұлы,-қызы жалғауын Бауыржан Момышұлы бастап қолданған еді. Ұлы Отан соғысы басталған жылдары халқымыздың басынан небір қиын қыстау кезең өткендігін жақсы білеміз. Сол соғыста «Ұлы» атауымен танылған батыр қазақ Бауыржан атамыз еді. Барлық орыс өкілдерінің арасында да беделі шарқ ұрған Бауыржан Момышұлының ұлтын сүйер ұл екендігінің тағы бір айқын дәлелі оның пәмиләсі. 1970 жылдары қазаққа тән жалғыз атау осы «ұлы» жалғауы еді.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы орыс тілді басылымдардың ақпарат тарату ауқымы қазақ тілімен текетіресіп тұр. Қазақ тіліндегі ақпараттан көрі, орыс тіліндегі мәлімет ең бірінші және өтімді оқылатыны барлық журналистке айқын көрініс. Ал қазақтың ұлттық құндылығы тақырыбында ақпарат тарататын орыс тілді газет-журнал, сайттардың кей-кезде артық кететінін де байқадық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңадан қабылдаған заң аясында, сөз бостандығына кесел келмейді деп уәде берген болатын. Журналистердің жазар жазбасы таусылмасын. Тілшілердің тілге тиек еткізер тақырыптары мен тыңдармандары көбейе берсін. Мереке құтты болсын! 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар