Астанада ресми сапармен жүрген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге «Этноаул» көрмесін аралады, деп хабарлайды ALASH.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Көрме қазақ халқының мәдени мұрасына арналған. Қонақтарға ұлттық тарих пен салт-дәстүрді бейнелейтін бірнеше тақырыптық аймақ таныстырылды. Экспозициядан дәстүрлі киімдер, қолөнер бұйымдары, ұлттық ойындар, аңшылық өнер, музыкалық аспаптар, сурет және тұрмыстық заттар ұсынылды. Әр бөлім дала өркениетінің ерекше рухын көрсетіп тұрды.
Көрменің ерекше сәті — бас хатшы То Ламның қазақ халқының «тұсаукесер» рәсіміне қатысуы болды. Бұл — баланың аяғына байланған жіпті қиып, сәбиге өмір жолың ашық, қадамың нық болсын деген тілек білдіретін салт.
Бұл символдық қатысу Вьетнам делегациясы үшін Қазақстан мәдениетіне құрметтің айғағы ретінде бағаланды.