Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ұрпаққа хат" - Міржақып Дулатұлы

22:51, 06 наурыз 2024 422

Қазақ халқы. Қазақ халқының жай-күйi. Кiм жерiне жетiп тексередi, қан жылап жүрген қайғылы халiн жүрекпен сезiп, кiм ескередi? Губернаторлар мен ояз бастықтарын былай қойғанда, қазақтың қара шекпендiсi ең кiшi урядниктiң алдында қалтыраумен күн өткiздi, түкке тұрғысыз тiлмаш шенеунiктерi болыс әмiршiлерi қолдарымен от көсеп, одан сайын үрей шақырып, ұлтты адам төзгiсiз қорлауға көндiрiп келдi; дүрелеу, зорлық, пара алу, өтiрiк ақпар беру үйреншiктi мiнезге айналды; қазақ әйелдерi күң есебiнде кiсi есiгiнде жүрдi, ең тәуiр жер жосқындап келiп жатқан отырықшыларға тартып әперiлдi, ал жергiлiктi қазақтар тұруға жарамсыз, сусыз, шөбi тықыр құмға қуылып тасталды. Ақ патша үкiметi осы халықтың көзi ашылсын-ау, ойы оянсын-ау деп мектеп ашудың орнына, керiсiнше өз қаражатымен мектеп ашуға ұмтылған (мысалы: Қосшығұлов, Науан хазiрет) адамдарды айыптап, тыйып отырды; оларды Якутияның ақ қар, көк мұз елсiзiне жер аударды. Дәрiгерлiк көмектiң не екенiн жергiлiктi жұрт үш ұйықтаса түсiнде көрмедi. 

Айтуы жоқ алым-салық, зiл батпан жылу жинау онсыз да сорлап жүрген кедей сорлылардың айналып келiп мойнына iлiндi. Бiрнеше жүз бас малы бар әлдiлер 5-10 тұяқтың iзiне қараған мүсәпiрмен тең бiрдей салық төледi. Әдiлетсiздiк қадам басқан сайын кездестi. Тiптi, заң, әдiлет деген сөздi ұлтымыз ұмытып үлгердi. Қазақ халқы тап осындай күңгiрт өмiрде өлместiң қамымен жүрiп жатқан кез. Ақ патшаның отарлау өмiрi бұл халықты қаратабан етiп, жерге қаратып, жұтып бiтсе, сарайдағыларды алтынға малып, аруағын зау биiкке көтере түстi. 

Осылардың бәрiн көрiп-бiлiп, сезiнiп өскен байғұс басым өзiмнiң тақыл-тұқыл бiлiмiмдi осынау қорланған, намысы тапталған, мүсәпiр болған халқыма бағыштап, қол ұшымды берудi перзенттiк парызым деп санадым. Ол жылдарда бiзде жазба әдебиет жоққа тән едi, ал мерзiмдi басылым болмады. Не iстеу керек? Ойлана келе, баспасөзде үн көтерудi жөн санадым. 1910 жылы «Оян, қазақ!» деген атпен өлең кiтапшам жарық көрдi. Аз уақыттың iшiнде бұл кiтапша екi мәрте қайта басылып үлгердi. Мұнымен бiрге «Бақытсыз Жамал» деген повесiм басылып, халыққа тарады. Бұл кiтаптар, өзiмiзде баспахана болмағандықтан, татар баспаханасында басылды. 

Осының өзiн көп көрдi ме, қазақ кедейлерiнiң арасында төңкерiсшiл әдебиет пайда болды деп, жандарм басқармасына ұзынқұлақ жеткiзген үндеместер табылды. Ұстап, 1911 жылы абақтыға жапты. Төрт қабырғаға телмiрiп, екi жылым зая кеттi. Сонымен, бұдан кейiн-ақ, қазақтар арасында атым кең жайылып кеттi. Маңайдағы болып жатқан не сұмдықты көрiп жүрiп, бiлiп жүрiп, қорғаушысы, панасы, қол берушiсi жоқ жұртқа жанымыз ашып, бiздер сол кезеңде үкiметке қарсы әрекеттiң қажет еместiгiн түсiндiруге, көтерiлген жағдайда қанның көп төгiлетiнiн, екi жақтың күшi тең еместiгiн халыққа айтып ұғындыру жолын ақылдастық. Кейiнше барып, «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегеннiң керiн жасап, бәз бiр жолдастар бiздi, кезеңi келгенде халық қозғалысын басқара алмады, ақ пат¬шаның құйыршығына айналып кеттi деп кiнәлай бастады. Мұндай сөздi сол кезеңнiң нағыз шын жағдайы мен жай-жапсарын көз жеткiзiп бiлмеген адамдар ғана айтады. Бiлген болса – айтпас едi. Шындығында, бiздер халықтың басын бәске тiккiмiз келмедi.

Халық тағдыры карта ойыны емес. Қолымыздан келгенi – «Қазақ» газетiнiң редакциясы болып майдандағы окоп қазуға, тыл жұмысына жөнелтiлiп жатқан қазақтарға көмек көрсетудi ойластырдық, осы мақсатпен бүкiл қазақ оқығандарына қаратып үндеу көтердiк. Көп ұзамай, қазақ интеллигенциясы – халық мұғалiмдерi үн қосып, Минск қаласы земство одағының жанынан өзге ұлт бөлiмiн құрған едiк. Өзiм болып Минскiге жол алдым. Қазан күндерi келiп жеттi. Қазан төңкерiсi партиясына кереғар көзқарастағы көп партиялардың үлгiсiнде, қазақ ұлтшыл ұйымының «Алаш» партиясын құрдық, партияның бiр мүшесi – өзiммiн. Езiлген, тоналған, сiңiрi шыққан ұлтымыздың қамынан асып, өзгедей әрекетке барған емеспiн. Саяси мәселелердi алдын ала болжауда, қазақ ұлтшылдары арасында, өз басым оншалық қырағылық, көрiпкелдiк таныттым дей алмаймын. Совет үкiметiне қарсы күрес деп шуласып жүргендерi – қазақ ұлтын өз бетiнше өмiр сүрсiн деген мүддеден туған ниет қана. Өз отауымыз өзiмiзге бұйырсыншы дегенiмiз.

Желтоқсанның басында Бүкiлқазақ съезiнде «Алашорда» деген атпен автономия жарияладық, құрамы 15 адамнан басшылық сайланды, басқару үкiметiне өзiм енбей қалдым. Басшылықтың ең әуелде әрекетi – халық жасағы милиция құру әрi ашыққан, сiңiрi шыққан тұрғындарға жәрдем жинау болды, осы мақсатта Алашорданың облыстық бөлiмшелерi құрылды, кейiнше бұл бөлiмшелер «Әскери кеңес» деп аталды. Мұғалiмдер курсы мен губерниялық педагогтiк училищеге лекция оқи жүрiп, жұрттың сауатын ашуға күш салдым. «Еңбекшi қазақ» газетiнде төрт жыл iстедiм, өзiмдi әлi күнге сол редакцияның мүшесi санаймын. 1922 жылдан бастап қазақшаға ұзын саны жиырмадай кiтап, кiтапшалар тәржiмаладым. Зиновьевтiң «ВКП(б) тарихын» аударуым – осы партияның жарғақ құлағы жастыққа тимес жаршысы болғанымның куәсi деп бiлемiн.

Өткенiм мен бүгiнiм осы ғана. Өзiм өскен ортадан шыққан, өзiм алған бiлiмдi сiңiрген бiр адам үшiн бұл аз шаруа деп санамаймын. Көп те емес болар. Әйтсе де, бар мiндетiмдi осымен бiттiге санап қол қусырар жайым жоқ. Ғұмыр болса, дәм жазса – ұлтымның келешегi үшiн күш-жiгерiмдi аямай еңбектене беруге борыштымын. Адассам – халқыммен бiрге адастым, сәулесi жарық жолға ұмтылсам – ұлтыммен қосыла ұмтылып бағамын. 

Мiржақып ДУЛАТҰЛЫ, 

Қаңтар, 1929 ж. «Ақиқат»

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар