Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тараздың денсаулығы мемлекет қаржысын жеуден бәйге бермей тұр

05:08, 01 ақпан 2024 290
Күні кеше Тараз қалалық 1 көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Света Шаушенова мен бас есепші Айдана Достаева 700 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алынған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов «Келтірілген шығын 758 миллион теңгеден асады. Сот санкциясымен күдіктілер – аурухана бас дәрігерінің орынбасары және бұрынғы бас есепші қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», – деді.

Антикор аурухана бас дәрігерінің орынбасары мен есепшісін қалай қолға түсіргені туралы тәптіштеп түсіндірмесе де, шағын видео түсіріпті. Ол видеодан олардың қос қабатты зәулім үйлерін, қымбат көліктерін, бума-бума ақшаларды көруге болады. Дереккөзге сенсек, екеуі қалалық аурухана бюджетінен екі жыл бойы ақша жымқырып келген. «Дәніккеннен құныққан жаман» дейміз бе, тіпті қолдан жалған сот шешімін жасап, ол арқылы аурухананың 758 миллион теңгесін өз шоттарына түсіріп алыпты.

Әрине, «700 миллион теңгеден астам қаражатты дәрігердің орынбасары мен есепші 2 жыл бойы қолды етіп жүргенін аурухана басшысы, құзырлы орындар қалай білмеген?» деген заңды сауал туындайды. Аурухананың өз ішіндегі тексерістер, жалпы, облыстағы медициналық мекемелердегі тексерістердің бірде-біреуі бұл екеуінің қорамсаққа қол салып, қол салғанда да мол салып келгенін көрмей-білмей келген бе? Әлде, көрсе де көз жұмып, әбден семіргенше «бағып-қағып» отырған ба? Әлде, бұл қылмыстарды жасырып-жабатын, әйелдердің қолымен от көсеп отырған тасадағы біреу бар ма? Бұл сұрақтардың жауабы тергеу кезінде анықтала жатар. Бірақ бір анығы аталған ауруханаға соңғы үш жылда 23 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген екен.

Атап айтқанда, 2021 жылы (коронавирус инфекциясы кезінде) 9,1 млрд, 2022 жылы 6,7 млрд, 2023 жылы 7,6 млрд теңге қаражат бөлінген.

Тараздағы осы 1 ауруханаға қаржы молынан бөлінсе де материалдық-әлеуметтік жағдайы жұпыны жағдайда қала берген. Ашық дереккөзге сүйенсек, аурухананың 1,5 млрд теңге көлемінде кредиторлық қарызы бар. Аурухананың дәрігерлері, медбикелері, жалпы, науқастарды емдейтін медициналық құрамы сыйақы дегенді естігендері болмаса, алып көрмеген. Есесіне, бас дәрігердің орынбасары мен бас есепші қолға түскеннен соң, аурухананың әкімшілік бөліміндегі жұмысшылар, шамамен 40 адам жылына жеті рет сыйақы алған. Олардың басым бөлігі басшылық құрамның туыстары деген ақпарат тарады.

Бірер жыл бұрын бұл аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әбілдаев есімді азамат болған. Оны жамбылдықтар білікті балалар дәрігері әрі Қайрат Қожамжаровтың (ҚР бас прокуроры, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы) күйеу баласы ретінде біледі. Әбілдаев ауруханадан 2 жылдай бұрын уақытша еңбекке жарамсыз болып, ұзақ уақыт демалысқа кеткен. Былтыр басқа қызметке ауысты.

Енді «аурухананың 700 миллионнан астам қаржысы қалай қолды болған» деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Антикор кезекті тексерісі кезінде аурухананың бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің шотына 700 млн теңгені екі транш арқылы аударғанын анықтайды. Әлгі құжат бойынша, бұл ЖШС ауруханамен соттасып, сотты жеңген. Сондықтан сот шешімін орындау үшін аурухана аталған ЖШС-ның шотына 700 млн теңге аударған. Бұл ақша аударымы жасалған уақытта аурухананы Қожамжаровтың күйеу баласы Нұрлан Әбілдаев басқарып тұрған.

Бір қарағанда, аурухана заң талаптарын, соттың айтқанын бұлжытпай орындағандай болады. Бірақ бұл жерде бір шикіліктің барын антикорлықтар бес саусақтай білген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері әлгі сот шешімін алып, облыстық сотқа ресми сұраухат жолдайды. Анықталғандай, аурухана мен әлгі ЖШС арасында ешқандай да дау-дамай болмаған, ешбір сот екеуінің арасындағы істі қарап, ЖШС пайдасына 700 млн теңге өндіру туралы шешім шығармаған екен. Яғни аурухана сот шешімін қолдан жасап, оған өтірік нөмір мен мөр басып, ақшаны ЖШС шотына аударып алған. Осы уақытқа дейін антикордан басқа, тексеру жүргізген тараптың бәрі сот шешімінің жалған екенінен күдіктенбеген көрінеді.

Әрине, егжей-тегжейлі тергеу кезінде анықтала жатар. Үлкен ақша жүрген жерде үлкен қылмыстар қатар жүреді демей ме? Сондықтан қалалық ауруханадан қолды болған қыруар қаржыны бас дәрігердің орынбасары мен есепшісі екеуі ғана қолды қылды дегенге күмәнданушылар көп. Әйтеуір, бұл істе де «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып» жүрмесе болғаны...

Нұрболат ӘЛДИБЕК, Жас алаш
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар