Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Шымбұлақ" сатыла ма?

09:53, 22 ақпан 2024 550
Әлеуметтік желілерде "Шымбұлақ" курортының тағдырына қатысты қызық дерек шықты.

ФБРК Telegram-арнасы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, кейбір ақпараттарды жариялады. Оған сүйенсек, кейінгі уақытта ірі кәсіпкерлер "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортын сатып алуға ниетті екені туралы ақпарат пайда болған. Арна мәміле кезінде тиісті заңдар сақталмауы және курорт төмен бағаға сатылуы мүмкін екенін жазды.

"Мұның бәрі осыдан 15 жыл бұрын "Шымбұлақ" басшылығы ауқымды жобаны жүзеге асыруға ниеттенгендіктен басталған. Медеуде мейрамханалары мен кафелері бар Radisson қонақүйі, ал Шымбұлақта 8 қабатты қонақүй мен пәтерлер салу жоспарланған. Бұған 1,37 млрд көлемінде инвестиция тарту күтілген. Құрылыс кезеңі төрт жылға есептелген (2007 жылдан 2010 жылға дейін).
Мәліметтер бойынша жобаны іске асыру үшін "Шымбұлақ" әкімшілігі екі ірі несие алған. Кредиторлардың бірі "Қазкоммерцбанк"("QAZKOM") болған. Ол жұмыстың бірінші кезеңін жартылай қаржыландырып, шамамен 100 миллион доллар инвестициялаған", - деп жазды Telegram-арна.

Ал жаңа салынатын нысандардан түскен ақшадан кейін несие төленуі керек болған.

"Қазақстанда 2011 жылы VII Қысқы Азия ойындарына дайындық басталып, "Азиадаға" тау шаңғысы нысандарын қайта құру және салу бойынша барлық жұмыс мемлекет есебінен жүзеге асырылды.

2011 жылғы Азиада қарсаңында "Медеу" және "Шымбұлақты" қайта құру жобасының бастамашысы тау шаңғысы курортының иесі "Capital Partners" компаниясы болды. Capital Partners девелоперлік компаниясының иелерінің бірі - Сержан Жұмашев, оған компанияның 60 пайызы тиесілі, акциялардың қалған 40 пайызы түрік кәсіпкері Бурак Ойменнің иелігінде", - деп жазылған Telegram-арна мәліметінде.

Алайда кейін ешкім несие бойынша есеп айырысуға асықпаған. 2017 жылдан бастап талап ету құқығы "Проблемалық несиелер қорына" өткен. 2022 жылы ол әлеуетті инвесторға "Chimbulak Development" ЖШС және "Алатау Холдинг" ЖШС қарыз алушыларына қойылатын талап құқығын беруге дайын болыпты және "Шымбұлақ" үшін әлеуетті инвесторлар іздеу туралы бірнеше рет хабарландыру жариялаған. Алайда тау шаңғысы курортына ақша құйғысы келетіндер табылмаған.

"Бүгінгі таңда "Chimbulak Development" ЖШС құрылтайшылары - Ержан Еркінбаев және Нұрлан Тілеповке тиесілі "Chimbulak Investments" ЖШС. Ержан Еркінбаев "Medeu Management" ЖШС-на да иелік етеді.

Нұрлан Тілеповке тиесілі "Chimbulak Investments" ЖШС 2017 жылдан бастап бар болғаны 15 мың теңге салық төлеген. Тілепов 650 миллион теңгеге жуық сомаға салық берешегі бар "Си Пи Резиденшиал Атырау" ЖШС және 51 млрд теңгеге "First Heartland Jusan Bank" АҚ алдында борышы бар "Капитал Пропертис" компаниясы" ЖШС-на иелік етеді", - деп жазылған деректе.

Сонымен қатар, арна мәліметінше, "Chimbulak Development" ЖШС бұрынғы бас директоры Ержан Еркінбаев сұхбаттарының бірінде курорттың қызмет көрсету инфрақұрылымы өте қымбат екенін, физикалық тұрғыдан курорт келушілердің мұнша көп санын қабылдай алмайтынын, бұл ретте долларлық қарыз тек өсіп келе жатқанын айтқан. 2019 жылғы тамыздағы жағдай бойынша "Шымбұлақтың" борышы триллион теңгеден асып кеткен.

Ал "Алатау Холдинг" ЖШС құрылтайшылары - Равиль Мұсаев пен Ернар Бекболатов.

"Бұл компаниялар мен олардың иелерінің төлем қабілеттілігін ескере отырып, "Проблемалық кредиттер қоры" "Шымбұлақ" несиесін өзіне алғаны таңғаларлық жағдай емес. Сонымен қатар, 2023 жылдың жазында Іле-Алатау ұлттық паркі аумағының едәуір бөлігі Алматы әкімдігіне берілуі мүмкін екені туралы ақпарат пайда болды. Бұл жерлерге Бутаковка және Алма-Арасан шатқалдары, Медеу және Шымбұлақ кіреді", - деп жазылған арна мәліметтерінде.

Кейін әкімдік туристік әлеуетті арттыру мақсатында аумақтың бір бөлігін алу жоспары барын растапты. Ал бұл уақытта экология министрі Ерлан Нысанбаев алаңдауға ешқандай себеп жоғын айтып, ұлттық парк жерлерін берудің арқасында осы аумақта экотуризмді қаржыландыру мен дамыту жақсаратынына сендірген.
"Экологтар ұлттық парк аумағына туристік нысандар мен жаңа тау курорттары салына ма деп қорқып, аумақтың мәртебесін өзгерту оның қорғаныс мәртебесін де төмендетеді деп алаңдайды. "Шымбұлақ" тау шаңғысы курорты жаңа иелеріне сатылса, мұндай жағдай болуы әбден мүмкін. "Шымбұлақ" жаңа иесіне қандай шарттармен берілетіні белгісіз", - деп жазды ФБРК Telegram-арнасы.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар