Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Шабақтарды ұстайды, ал түйені түгімен жұтқан акулалар әлі жүр". Қосанов ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстан арасындағы тайталас туралы айтты

26 қаңтар 2024 165


Мәжілістің қоғамдық палатасының отырысында осыдан бірнеше жыл бұрын президентке үміткер болған саясаткер Әміржан Қосанов сөз сөйледі. Ол отырыста талқыланған жемқорлық бағытындағы проблемаларға байланысты ойын ортаға салды.



– Біріншіден, Алматыдан сәлем. Жер сілкінгеннен кейін бізге жандарыңыз ашып жатыр. Аманбыз, саумыз. Үйлер де құламасын, жүйе де құламасын, – деп бастады әңгімесін ол.

Әміржан Қосановтың айтуынша, батпандап кіретін нәрсе мысқалдап шығатынындай, 30 жыл бойы орнығып, өмір салтына айналған жемқорлықты бір күнде, әп-сәтте шешу мүмкін емес екенін қоғам түсінеді. Бірақ жемқорлыққа қарсы заңнамамен күресу ниеті барын атап өтеді.
– Заң жобасын қарап шықтым. Көптеген бапты қолдаймын, – дейді ол.

Қосанов отырыста үш мәселе көтерді. Айтуынша, біріншіден – декларация. Саясаткер “декларация тапсыру неліктен созылып кетті?” деп сұрақ қояды. Президенттен бастап ауыл әкіміне, мүлкіне, қаражатына қатысты декларациясы бүгін аша салу керек, әйтпесе Ескі Қазақстанның өкілдері соның бәрін қайта рәсімдеп жатқан сияқты” дейді ол.

Екіншіден, Қосанов мүдделер қақтығысы мәселесін атап өтеді.
– Кезінде президент Назарбаевтың кластасының да балалары өсіп кеткенін білесіздер. Сондықтан, меніңше, осы жерде сарапшылар бола отырып, қазақ ұлтының ерекшеліктерін ескеріп, тек Батыс стандарттарын емес, біздің де стандарттармен қарау керек. Антикорды жазалаушы орган емес дейді. Бір қоғамда бір түсінбеушілік бар. Бүкіл айыптау антикордың аузынан шығады. Антикордың өзіне қандай бақылау бар? Онда қандай азаматтар істеп жатыр? Антикордың өз ішінде саяси жемқорлық болмас үшін қандай механизмдерді қолданып жатырсыздар. Қоғам оған да қарап отыр, – дейді ол.

Әміржан Қосанов “Ескі және Жаңа Қазақстанның арасындағы тайталас саяси тұрғыдан ғана емес, меншік, мүлік, қаржы, капитал төңірегінде жүріп жатыр” деп есептейді.
– Антикордан келген азамат бухгалтердің көлігінен 1 млрд теңге табылды деп жатыр. Бізде қалай болғанда да, Назарбаевтың заманында да болды, Тоқаевтың заманында өкінішке қарай – қайталанып жатыр: шабақтарды ұстайды, ал түйені түгімен жұтқан акулалар әлі жүр. Бірінші бастық алмаса, төмендегісі алмайды. 1 млрд теңгені жеген бухгалтер дегенге ешкім сенбейді, – дейді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?