Жеңімпаздарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Салауат Мүксімов және Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл марапаттады. Ректордың айтуынша, конкурс Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында өткізілді.
«Байқау мемлекеттік қызметшілердің көшбасшылық қасиеттерін, ғылыми-зерттеу, сарапшылық дағдыларын дамыту және белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға бағытталған. Конкурсқа қатысуға қызығушылық танытқандарыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Қатысушылар тарапынан ұсынылған жобалар сәтті жүзеге асырылып, қоғамға пайдасы тиеді деген сенімдемін», – деді Ерлан Әбіл.
Екі турдан тұратын сайысқа қатысуға барлығы 70 жоба келіп түсті. Жұмыстар 5 талап бойынша іріктелді:
- ұсынылған мәселенің өзектілігі;
- материалды ұсынудың жүйелілігі және толықтығы;
- мәселені шешу жолдарының көрсетілуі;
- мазмұнының байқау тақырыбына сәйкестігі;
- күтілетін нәтижелердің шынайылығы.
ІІ тур нәтижесі бойынша 8 жоба комиссия мүшелерінің іріктеуінен өтіп, қатысушыларға І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар мен алғыс хаттар табысталды. Байқау жеңімпазы, Академия магистранты Алтынай Қуандық «Мемлекеттік сатып алуларды жүргізудің механизмдерін бюрократиясыздандыру» жобасын ұсынды. Академияның Шымкент қаласы бойынша филиалы қайта даярлау курстарының тыңдаушысы Ақылбек Бердіқұлов «Бюджет жоспарлауды цифрлық автоматтандырып, сапалы сараптау және тиімді нәтижеге бағыттау» тақырыбында жоба қорғап, ІІ дәрежелі диплом алды. ІІІ орынды иеленген екі қатысушы: Академияның Жетісу облысы бойынша филиалының тыдаушысы Бақытжан Әкімбеков – «ҚР үкіметтік емес ұйымдар қызметінің есептік нысандарын оңтайландыру», Академия докторанты Ғазиза Өтепова – «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» жобаларын ұсынып, үздіктер қатарынан көрінді.
Сондай-ақ байқаудың 4 қатысушысына алғыс хат табысталды:
- Айзада Рамазанова, Академияның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы – «Құрылыс саласын оңтайландыру және цифрландыру арқылы бақылау»;
- Калибекова Гульнара, Академияның Алматы қаласы бойынша филиалы – «Мен және Даму»;
- Салтанат Наурзбаева, Академияның Павлодар облысы бойынша филиалы – «Кәсіпкердің жеке кабинеті»;
- Тамерлан Амреев, Академияның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы – «DAMUMED ақпараттық платформасында «Umit» блогын құру».