Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Құрылтайда көтерілген ұлттық тәрбие: суицидтің алдын алуға бастайды

14:26, 18 маусым 2023 295
Қоғамда суицидтік көңіл-күйді болдырмаудың басты көзі – отбасындағы тәрбиеде жатыр. Өйткені баланың өсіп-жетілуіне, дұрыс бағытта есеюіне, тура жолды таңдауына отбасындағы тәрбиенің тигізер пайдасы зор. Суицидтік яғни өзін-өзі өлімге итермелеудің жолын бөгеу, тіпті болмағанда азайту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Тіпті түйткілді шаруаны жуырда Түркістан қаласында өткен ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтеріп, ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру қажеттігін айтқан болатын. Осы жайтқа, қоғамдағы қордалы түйінге мамандар не дейді? Сауалымызды оқу-ағарту саласында еңбек етіп келе жатқан педагогтерге жолдап, пікірін жазып алудың орайы келді.

Политехникалық колледждің оқытушысы Әсем Аманжанқызы суицидтік көңіл-күйді болдырмау маңызды мәселе дейді. «Өзіңіз де естіген боларсыз, жуырда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру маңызды шаруа екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Мемлекет басшысы жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне баса мән беріп, баланы жастайынан дұрыс бағытқа қарай бейімдеп отырмаса қоғамға қауіпті екенін ескертті. Расында да балалар, әсіресе жасөспірімдер өтпелі кезеңге келгенде көп нәрсеге еліктегіш, тез қабылдағыш болады. Өзім политехникалық колледжде ұстаздық қызметті атқарамын. Колледжде оқуға көбінесе өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер қабылданады. Ал олармен психологиялық жұмыс істеп жақын қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Педагогикалық тәжрибеме сүйеніп айтар болсам, қоғамда суицидтік көңіл-күйді болдырмау үшін, жасөспірімдердің өз өмірін қиюына жол бермеу мақсатында үнемі ашық сабақ, еркін пікір сайыстар ұйымдастырып, студенттерге суицидтің зардабы туралы толғамды пікірлер айтылады. Психологтар, дін саласының мамандарымен де жиі кездесу, дөңгелек столдар өткізіледі. Мұның барлығы да қоғамды алаңдатып отырған суицидті азайту мақсатында жүзеге асырылады», – дейді білікті педагог Әсем Аманжанқызы.

«Балалар арасындағы әлімжеттік, бір-бірін қорлау, қорқыту да белең алып барады. Жастайынан томаға-тұйық, көпшілікпен араласа бермейтін, өзімен-өзі саяқ жүретін балалар ортасында психологиялық қысымға ұшырағанда тығырықтан шығар жол тек суицид деп қабылдайтыны өкінішті. Жуырда ғана жаңалықтарда жарияланған Ұзынағашта болған оқиғаның соңы қайғылы аяқтала жаздады. Қыз баланы бірнеше замандасы топтасып ұрып, пәтерге апарып бопсалаған. Ақша талап еткен, түрлі жантүршігерлік әрекеттерді жасауға ұмтылған, ең сорақысы ер адаммен төсек қатынасына баруға мәжбүрлеген. Осындай ауыр қысымға шыдамай жәбір көріп, жапа шеккен қыз үшінші қабаттың терезесінен секіріп кетіп, аяғы, қолы, белі сынып аурухана төсегінде жатыр. Ал бұған кім кінәлі? Әрине замандастын осындай қатыгездікпен ұрып-соққан, қорқытып ақша бопсалаған әлгі қыздар кінәлі. Енді олар заң алдында тиісті жазасын алуы керек. Қатарластарынан осындай опасыздық, зәбір көрген балалар өкінішке қарай суицидке бой алдырып жатады. Бұның алдын алу бәріміздің парызымыз. Тәрбиені тек мектепте мұғалімдер беруі тиіс, біліммен сусындатып қана қоймай, тәрбиемен де айналысуы керек деген жаңсақ, қате ұғым қалыптасқан қазіргі қоғамда. Бұл дұрыс емес, әрбір ата-ана баласының келешегі үшін тәрбие беруді өзінің міндеті екенін ұғынуы тиіс. Сонда ғана қоғамды біз түзей аламыз», – дейді «Үздік педагог 2012» республикалық байқауының тұңғыш жеңімпазы, «Дарын» мектебінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев.

Иә қоғамда суицидтік көңіл-күйді болдырмаудың негізгі көзі отбасылық тәрбиеде жатыр. Осыны әрбір ата-ана ұмытпауы тиіс.

Есім Көшім

 

 

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар