Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қоғам болып қарсы тұрудың маңызы зор

10:02, 10 маусым 2023 272
Өкініштісі, елімізде ғана емес, дүниежүзінде суицид мәселесі күн санап күш алып, қордаланып барады. Ендеше қайтпек керек, "қолымызды мезгілінен кеш сермеп" қайғыдан қан жұтқаннан кейінгі қарекеттен пайда бар ма? Өзіміздің елімізде болып жатқан суицид мәселесін бірнеше жылдың бедерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын.

Педагогтердің тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде Президент Қ.Тоқаев өзінің өмірін өзі қиюға ұмтылғандардың арасында жасспірімдер, яғни мектеп жасындағы оқушылардың көп екенінен алаңдаушылық білдірген болатын. Қатердің алдын алуда мұғалімдердің атқарар жүгі де ауыр, аманаты да салмақты. Сондықтан да бұдан былай мұғалімдер әкімшілік жұмыстарға көп бас ауыртпайы, керісінше тәрбиемен шұғылдануға өмірден асқан құндылық, ғұмырдан артқан байлық жоқ екендігін жас ұрпақтың жадына тоқуға тиісті екенін де ескерткен еді мемлекет басшысы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын арнайы қорытынды шығарып отырады. Өкінішке қарай біздің еліміз суицид жасау көрсеткіші бойынша алдыңғы ондыққа енеді. Бұрнағы жылы елімізде жылына суицидтен 8000 мыңнан аса адам қайтыс болатыны айтылған еді. Және сол сегіз мың өмірден бас кешушілердің арасында 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер қатары көп. Бұндай статистиканың артуына ата-ана мен бала арасындағы байланыстың ұзаруы, қарым-қатынастың нашарлығы да бірден-бір себеп болып отыр. Президент Қ.Тоқаевтың өмірге құштарлығы жоғары балаларды тәрбиелеудің маңыздылығы ерен деп тұжырым жасауы тегіннен тегін емес. "Балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтің орнауы біз үшін үлкен қасіреті. Бұған әрқайсымыз да бей-жай қарамауымыз керек, балалар неге мұндай қадамға барады, тығырықтан шығудың басқа жолы жоқ па, тәрбие берудің маңыздылығын сезінуіміз керек" деген болатын Президент.

Суицидологтар көбінесе суицидке апаратын бірден-бір себеп отбасындағы жанжал, ұрыс-керіс дегенді алға тартады. Өз өмірін қиюға ұмтылатын жасөспірімдер көбінесе ажырасып кеткен және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған түрмысы төбен отбасыларда жиі кездеседі. Бұған себеп те жоқ емес. Өзінің қатарынан қалғысы келмей, замандастарының заманауи үлгідегі киім кигенін, жаңа затты ұстағанын көрген бала өзінің сондай дәрежеде жүруіне ата-анасының мүмкіндігі келмейтінін білгенде шарасыздыққа бой алдырады дейді мамандар. Психологтардың бұл пікірімен келісуге де болады. Мемлекет басшысының мұғалімдерді әкімшілік жұмыстарға шегуді доғарып, білім берумен қатар тәрбие жұмыстарына көбірек көңіл бөлуді қамтамасыз ету қажет деген тапсырмасы тыңғылықты орындалатын болса, суицидтің алдын алып, қоғамда осы бір қасіреттің азаюына сеп болатыны сөзсіз. Мұғалімдерді сабақ уақытынан тыс қоғамдық жұмыстарға араластыру ісі тәрбие саласының ақсауына әкеліп соқтырады. География пәнінің мұғалімі Майнұр Жақыпқызының айтуынша, расында да мұғалімдерді әкімшілік жұмысқа жегу, оқыту мен тәрбие жұмыстарына айтарлықтай кедергісін тигізіп келген. Президенттің педагогтер мойнына басы артық жұмысты артпауға тапсырма беруі көп жайтқа қозғау салып отыр.
«Рас, бұған дейін мектеп мұғалімдерін қосымша қоғамдық жұмыстарға араластыру мектепте тәрбие саласының ақсауына айтарлықтай қиындығын тигізді. Педагог балаға сабақ өтумен қатар тәрбиелік жұмыстарды да көбірек жүргізсе, суицидтік көңіл-күйді азайтуға айтарлықтай септігін тигізер еді. Мен өзім сынып жетекшімін. Тәрбие сағатын өткізгенде оқушыларыма өмірден асқан құндылық жоқ екендігін баса айтып түсіндіруге күш саламын. Адам жайдан-жай суицидке бармайды деп ойлаймын. Белгілі бір тығырыққа тіреліп, уайымның ұйығына батқанда шығар жолды таппай ақырында өзіне өзі қол жұмсайды. Біз бұған жол бермеуге қоғам болып күресуіміз қажет. Балалар елдің келешегі, біздің болашағымыз. Сондықтан да олардың тағдырының бүлінбеуіне барлығымыз да жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек», – дейді Майнұр Жақыпқызы.
Психолог педагог Думан Бегімбет те әріптесі Майнұр Жақыпқызының пікірін қолдайды. «Адам баласы суицидке не үшін барады? Әрине, ең бірінші амалсыздықтан, шарасының таусылғандығынан осындай ақырғы қадам жасайды. Әрине бұл дұрыс емес. Ғылыми түсінікте суицидті адамның шарасыздықтан, өмірдің ешқандай мән-мағынасы қалмаған түнек деп қабылдағандықтан баратын амалы дейді. Расында да солай. Жалпы көбінесе суицидке баратындар мұндай қадамды бір демде қабылдамайды. Көп жағдайда адам ішіне жинай береді күйікті де, өкпе-ренішті де, ыза мен кекті де сыртқа шығармай өзінде сақтайды. Сондықтан суицидтік көңіл-күйді болдырмай, қатердің алдын алу үшін ерте қамдануымыз керек. Әр адам өзінше бір әлем деген рас сөз. Кез келген ата-ана әр баласымен жеке-жеке сөйлесуі қажет. Бүгін сабаққа барып келгенге дейінгі уақытын қалай өткізщді, кімдермен сөйлесті, қандай оқиғаның ортасынан түсті, нендей келеңсіздіктерге тап болды соны барлығын сұрап біліп отырған жөн. Өзіне жанашыр жақын адамдарынан жылулық көрмей өскен бала есейген сайын сол жылылықты өзгеден іздеуге мәжбүр болып тұрады. Әсіресе өтпелі кезеңге келген балалардың психологиялық қысымға шыдас бермеуі жоғары деңгейіне жетеді. Сондықтан да осында кезеңде баламен жақын қарым-қатынас орнатып, ішкі сырын айтқызып сырласу керек. Көп жағдайда біз балаларымызбен көбірек сырласпаймыз, сөйлеспейміз» дейді психолог Думан Бегімбет.
Расында да қатердің алдын аламыз десек, ғасыр кеселіне баланған суицидпен күресте қоғам болып қарсы тұрудың маңыздылы зор. Өмірге құштар ұрпақ тәрбиелеу әрбір ата-ананың парызы екенін әркім де жете түсінгенде суицидтік көңіл-күйдің азаюына септігі тиеді.

Көшім Есім

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар