Дін тақырыбын мүдделі топтар әдейі қоздатып отырған жоқ па? Әлде бұл қалыпты жағдай ма?
NEGE тілшісіне сұхбат берген саясаттанушы Досым СӘТПАЕВТЫҢ пікірінше, халықтың дінге жаппай бет бұруы елдің тұрмыстық жағдайымен тығыз байланысты.
– Он, он бес, мүмкін жиырма жылдан кейін Орталық Азия елдері тұрғындарының басым көпшілігінің қалауы батыспен де, шығыспен де емес, мұсылман әлемімен көбірек ассоциацияланатынын 2013 жылы «Сумеречная зона» деген кітапта жазғанбыз. Себебі Орталық Азия елдерінде соңғы бірнеше жылда жастардың жаппай дінге бет бұрғаны байқалады, яғни олар өзін діннен тауып жатыр. Мұны Қазақстаннан ғана емес, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан сияқты елдерден де байқауға болады, – дейді саясаттанушы.
– Адамдар не себепті діннен қорған іздейді?
– Қоғамдық проблемалар сараптамасы орталығының осыдан он жыл бұрын Алматы қаласы бойынша жасаған бір қызықты әлеуметтік зерттеуін мысал етейін.
Олар аймақтардан ірі қалаларға келіп қоныстанған ішкі мигранттар арасында «Кімге көбірек сенесің?» деген сұрақ қойып, сауалнама жүргізген. Сауалнамаға қатысқандардың 58 пайызға жуығы, яғни жартысынан астамы мемлекетке немесе азаматтық қоғамға емес, діни құрылымдарға сенетінін айтқан.
Неге? Себебі экономикалық дағдарыс жағдайында, кедейшілік пен жұмыссыздық өсіп жатқан кезде және болашаққа сенбегенде адамдар діннен қорған іздейді. Тұрақтылық тапқысы келеді және оны діннен тапқандай болады. Мұндай жағдай тарихта болып тұрады.
– Мұны тоқтату мүмкін бе?
– Адамдарды патриоттық немесе діни ұрандардың маңайына топтастыруға болады. Орталық Азия елдерін кедейлік, тұрақсыздық сияқты әлеуметтік-экономикалық проблемалар дендеп тұрғандықтан позициясы әлсіз көптеген жас діннің жетегінде кетіп жатыр. Бұл тренд тоқсаныншы жылдардан бері жалғасып келеді. Мұны тоқтату мүмкін емес.
– Алдағы уақытта дін барлық салаға енуі мүмкін бе?
– Менің ойымша, уақыт өте келе, діни мейнстрим басымдыққа ие болады. Саясатта да, ақпараттық кеңістікте де, тіпті экономика саласында да діннің маңызы артады.
Айтпақшы, біз геосаясат сөз болғанда не туралы айтқанды жақсы көреміз? Ресей, Қытай және АҚШ туралы көп сөз қозғаймыз. Солай ғой? Неге біз мұсылман елдері туралы көбірек айтпаймыз? Ол елдерде қандай геосаяси өзгерістер болып жатыр?
Себебі мұсылман әлемінде ықпалға ие бола бастаған бірнеше ірі ойыншы бар. Олар: Сауд Арабиясы, Қатар, Иран және Түркия.
Бұл елдер Қазақстанда да, Орталық Азияның басқа елдерінде де экономикалық тұрғыда өте белсенді. Мәселен, Түркия президенті Ережеп ЕРДОҒАН – әккі саясаткер. Ол соңғы кезде Орталық Азияда белсенділік танытып жүр. Себебі аймақтағы елдер діни модель іздеген кезде Түркияның моделін ұсына қоюға дайын.
– Бізге қандай модель тиімді?
– Егер діни тенденция білімсіздік пен мәдениеттің төмендігі арқылы жүрсе, бұл қоғам үшін өте қауіпті. Мұны деструктивті ағымдар өз мақсатына пайдалануы мүмкін. Егер халықтың жаппай дінге бет бұрғанын байқасақ, діни білімді көтеруге күш салу қажет.
Менің айтпағым, діни қайраткерлерді дайындайтын барлық оқу орындары мен құрылымдардың сапасын көтеру керек. Мұнымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айналысуы тиіс. Қазақстанда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіріп айтатын теологтар аз, танымалдары тіпті жоқтың қасы.
Жастар теріс ағымдардың немесе алаяқтардың жетегінде кетпес үшін қарапайым халыққа дінді дұрыс әрі қарапайым тілмен түсіндіру қажет. Бұл мәселемен кәсіби мамандар айналысса, қоғамдағы діни тенденцияны бақылауда ұстауға болады деп ойлаймын.
Сұқбаттасқан – Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.